• RUB:
    5.41
  • USD:
    472.49
  • EUR:
    515.44
Басты сайтқа өту
Туризм 10 Қаңтар, 2024

Ел дамуының драйвері

119 рет
көрсетілді

Экономикасын туризм саласы арқылы көтеріп отырған мемлекеттердің көбі – мұхит немесе теңіз жағасында орналасқан жұмсақ климатты аймақтар. Таиланд, Түркия, Біріккен Араб әмірліктері, Мальдив аралдары құмды жағалауымен, жағымды ауа ­райымен туристерді қысы-жазы қабылдайды. Алайда Франция жоғарыда аталғандардың біріне ие болмастан, саяхатшылар ағылып баратын елдер тізімінде көш бастап тұр. Туризм алпауыттарына айналған бұл елдер қомақты қаржы бөліп, осы саланы дамытуда алдына жан салмайды.

Осы орайда еліміздегі ахуалға назар аудар­сақ. Мамандардың айтуынша, кейінгі үш жыл – ел туризмінің ең қарқынды дамыған кезеңі. 2021-де басталған ішкі туризмдегі қарқынды өсу ел Үкіметінің осы салаға баса назар ауда­руын талап етті. Ұлан байтақ жеріміздің көрікті аймақтары мен тарихи нысандары жыл санап отандастардың ғана емес, шетелдіктердің де қызығушылығын арттырды. Саяхаттауды жаны сүйетін жандар туризм саласындағы жаңа­лықтар мен жеңілдіктерді қаншалықты біледі? Былтырғы саяхат саласындағы сандар көңілден шыға ма? Жыл соңында жазылған жоспарларға көз жүгіртіп, нәтижелі еңбектің қорытындысын жасайық.

Карантин енгізілген екі жыл әлем бойын­ша туризм саласына үлкен шығын әкелді. Шекара асып саяхаттау былай тұрсын, ел ішіндегі шектеудің өзі халықтың қол-аяғын байлағаны белгілі. Дегенмен 2021 жылдан бастап ел ішіндегі саяхаттау көрсеткіші бір демде көтерілді. 2022-2023 жылдарда туристер санының күрт өскені Қазақстанның қызмет көрсету сапасының шетелден төмен емес екенінің дәлелі шығар. Туризм саласы­ның алпауыттарымен тереземіз тең тұр деп айта алмаймыз, алайда алдыңғы жылдар­мен салыстырғанда көзге көрінетіндей үлкен нәтиже бар. Атқарылған істер аз емес, оларға көз жұма қарап, ел туризміне қол сілтеуге бол­майды.

Қытай мен Еуропа елдерінде 200 жылдық тари­хы бар агротуризм саласы бүгінгі таңда тренд­ке айналды. Алтын бесік санала­тын ауыл­ға саяхаттауды сәнге айналдыру елімізде де өзекті. Мысалы, былтыр Маңғыстау, Түркістан облыстарына агротуризм бағытын дамыту үшін ақпараттық турлар ұйымдастырылыпты.

2023 жылы ауыл туризмі әлемдік байқау­да алдыңғы қатардан орын алды. Бүкіләлем­дік туристтік одақ (UNWTO) бас ассамблея­сында Алматы облысындағы Саты ауылы «Үздік туристік ауыл» (BestTourismVillages) марапатын жеңіп алды. Сонымен қатар шырайлы шығыстағы Қатонқарағай қаласы ел тарихында тұңғыш рет Green Destinations Top-100 Stories жаһандық рейтингіне әлемдегі экологиялық таза ел ретінде енді. Бұл тізімде өңірлердің таза, әдемі табиғат көріністері ғана емес, саяхатшыларға әсер қалдыратын мәдени ерекшеліктері де ескеріледі. Еліміздің тарихи нысандарға бай екенін алға тартсақ, демек экотуризмді дамытуға назар аударуымыз керек. Көшбасшы туркомпаниялар кейінгі айларда еліміздің экотуризміне қызығушылардың көбейгенін алға тартып отыр.

Тілге тиек етер тағы бір мәселе – цифр­ландыру. Сандық ғасырда өмір сүретін онлайн өмірде туризм саласы да цифрландыру бағытына баса назар аударды. Мысалы, guides.кazakhstan.travels сайтында білім алып, гид ретінде тіркелуге де болады. E-guides бір­ыңғай әдістемелік базасы гидтер мен экс­курсия жүргізушілерін табуға, олардың қызметін бағалауға мүмкіндік береді. Ішкі туризм онлайн академиясында 77 модуль бойынша 17 курс сабақ өткізілді. 40 тренер оқытатын онлайн академия – еліміздегі экскурсия жүргізушілері мен гид мамандарын даярлаудың мықты мектебі.

Әлбетте, туризмнің темір өзегі – инфра­құрылым. Бір жылдың ішінде жасалған жұмыс нәтижесі қуантады. Себебі 2022 жылы 27 млрд теңгеге 28 инфрақұрылымдық жоба жасалса, 2023 жылы бұл көрсеткіш бірнеше мәрте өскен. Былтыр 85 инфрақұрылымдық жоба қолға алынып, 442,3 млрд теңге пайдаға асты. Мемлекет көмегімен 16 визит орталығы ашылса, жеке инвестициялар тарту арқылы тағы 9 визит орталығы туристерге есігін айқара ашты. Сұлу табиғат аясында демалуды трендке енгізген 38 глэмпинг орталығы құрылды.

«Қазақтуризм» АҚ деректеріне сүйенсек, ел ішінде халықтың отбасымен саяхаттау көр­сеткіші еселенген. Оған ықпал еткен мемле­кеттік қолдау екені сөзсіз. Себебі Кids go free жо­басы арқылы екі жастан 18 жасқа дейінгі кез келген бала ішкі рейстермен тегін ұша алады. Жоба іске қосылғалы саяхаттаған балалар саны 3,4 мың жанды құрайды. 2022 жылы 1 500 балаға 76,2 млн субсидия бөлінсе, 2023 жылдың 20 қарашасына дейін 892 өтінім оң қа­былданып, 1 903 бала тегін саяхаттап үлгер­ген. Оған мемлекет тарапынан 85 млн теңге төленді.

Туризм саласында бизнес бастауды мақсат еткен кәсіпкерлерді де ұмытпауымыз керек. Туризмдегі қызмет көрсетуді жасайтын солар емес пе? Мемлекет тарапынан кәсіпкерлерге де жақсы жеңілдіктер қарастырылған. Туристік кәсіп бастасаңыз, оның құрылысына және орындалуына кеткен шығынның 10%-ын мемлекет өтеп береді. Былтыр жергілікті билік 11 өтінімді қабылдап, 181,6 млн теңге қаржыны кәсіпкерлерге қайтарды. Ал егер саяхаттау мақсатында туристік нысандарға саяхатшыларды жеткізу үшін көлік алатын болсаңыз, мемлекет тарапынан 25%-ын өтеп алуға мүм­кіндігіңіз бар.

Халықтың қамы үшін қолға алынған мем­лекеттік бағдарлама, өкілетті орган өз үлесін қо­сып жатыр. Лудомания бойынша ойын бизнесі мен лоторея қызметін мемлекеттік реттеу бойын­ша қыруар еңбек атқарылды, лицензиялар саны азайтылды. 2021 жылғы берілген 71 лицензиядан 2023 жылы тек 28 лицензия қалды. Казинолар саны 9-дан 5-ке дейін, букмекерлік кеңселер 38-ден 13-ке дейін, тотализаторлар 10-нан 2-ге дейін қысқартылды.

Қорыта айтқанда, туризм – ел экономика­сының елеулі бөлігі. Көрікті жерлеріміздің төрткүл әлемге танытып, ел туризмін дамыту әрдайым өзекті болып қалады.