Әлі де болса елімізде толық жолға қойылуға тиіс көкейкесті мәселенің бірі – балалардың сауықтыру лагерьлері мен демалыстарын тиімді ұйымдастыру. Көп жағдайда каникул кезіндегі лагерьлер онсыз да бала тоғыз ай тапжылмай отыратын мектептерінде ұйымдастырылып жататындықтан, мұның желкілдеп өсіп келе жатқан ұрпақтың таным көкжиегіне де, денсаулығына да пайдасы шамалы.
Бұған қоса қай кезде де жұмысбасты, жалақысының жайы белгілі әке-шеше үшін көп мәселе қаражат пен қауіпсіздікке барып тірелетіндіктен, осы түйткілді өз бетінше тарқата алмайды. Егер балалар демалысын тиімді етудің кәсіби тұрғыда реттелген тетіктері қажет десек, еліміздің кішкентай тұрғындары тегін саяхаттай алатын тамаша жоба жұмыс істеп жатқанын барлық ата-ана біле бермейтіні сөзсіз.
Жазғы, қысқы каникул кезінде талай отбасының бала-шағасын қыдыртып, ел көріп, жер аралауға шамасы жете бермейді. Шетелдік, мейлі ел ішіндегі сапарларда әр балаға жұмсалатын шығын ересектерден асып түспесе, кем емес. Сондай-ақ қазіргі балалардың талғамы басқа, талабы бөлек. Айлығы шайлығынан аспайтын қарапайым көпбалалы отбасылардың жағдайы айтпаса да түсінікті.
Ендеше еліміздің көрікті мекендерін бетке алғанда балаларыңыздың жолақысын төлемей-ақ саяхаттауға болатынын білгеніңіз жөн. Сонымен, ел ішіндегі туризмді дамыту мақсатында «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы кейінгі жылдары жүзеге асырып отырған Kids Go Free бағдарламасы қазірдің өзінде талай әке-шешенің сауабына бөленіп отыр. Мәселен, 2022 жылы осы жоба арқылы 1 500 бала тегін сапар шексе, бұл – мемлекет тарапынан төленген 76,2 млн теңге субсидияның арқасы. Ал 2023 жылдың 1 желтоқсанға дейін 920 ұсыныс қанағаттандырылып, 1 975 бала 90 млн теңгеге ұшқан.
Туристік аймақтарға тегін ұшқан балалар санына көз жүгіртсек, Алакөлге – 637, Алматыға – 561, Ақтауға – 352, Түркістанға – 154, Астана қаласына 120 бала тегін саяхаттаған. Мамандар әуе билеттерін тегін алған бала санын зерттегенде, Алакөл бағыты маусымдық болғанына қарамастан, үлкен сұранысқа ие екенін анықтаған. Бұрнағы жылға қарағанда, өткен жылы тегін саяхаттаған балалар саны шамамен 500-ге артса, демек балаларымен бірге саяхаттаған біраз отбасы қаржысын да үнемдеген.
Мына қызықты қараңыз, еліміздің әр шалғайындағы кішкентай туристер алдымен Астана қаласына қыдырғанды жақсы көреді екен. Өңірдегі балалардың көпшілігі елорданы көруге құштар болса, талай бала тегін саяхаттың игілігін көріп үлгерген. Мысалы, кәмелет жасына толмаған төрт баласы бар Ахметовтер отбасы Алматы облысына саяхаттағанда айтарлықтай қаржы үнемдегенін алға тартып, алғыс білдіреді. Маңғыстау облысының тұрғындары бұл жобаны алғаш естігенде сенімсіздік танытқан.
Тегін саяхат туралы әлеуметтік желіден білген көпбалалы Тілектес Ахметова турфирма арқылы саяхатын рәсімдеген кезде тек өз билетінің құнын төлегенде ғана жобаның тиімділігіне көз жеткізген. Бұл отбасы қазір сәнге айналған бағыттардың бірі – Алматы облысындағы Көлсайға балаларын апаруды бұрыннан армандап жүрген екен. Төрт баласына да ұшақ билетін тегін рәсімдеген Тілектес: «Балаларымның бойына патриоттық сезім ұялату – менің аналық парызым. Шетелде отбасымен қыдырып жүретін отбасыларға үнемі қызығатынмын. Kids go free жобасы арқылы мен де балаларыма бақытты сәттер сыйлап, еліміздің көрікті жерлерін аралауды бастадым. Бұл жоба алдағы жылдарда да жүзеге асса екен деген тілегім бар», дейді.
Ендеше біле жүріңіз. Ел ішінде кез келген қалаға 2-17 жас аралығындағы кез келген бала тегін ұшады. Ал ұшақ билеті туристік компаниялар арқылы алынады. Тегін билет бала санына қарамайды, яғни ата-анаcы қанша баламен ұшса да тегін. Бұл әсіресе көпбалалы отбасыларға өте тиімді.
Ең бастысы, Kids Go Free бағдарламасы енгізілген туристік компаниялар саны күннен-күнге артып келеді. Демек аталған жобаның игілігін көретіндер саны көбейсе, онда тегін әуе билеттерін рәсімдеп беретін туристік фирмалар саны да өсе түседі.
Тегін әуе билеттерін алуда еш кедергі жоқ, себебі ата-анасымен бірге саяхаттайтын бала саны мен саяхаттау көлеміне шектеу жоқ. Еліміздің қай қиырына көз салсаңыз да, тұмса табиғатымен көз арбайтын ғажап жерлер мен тарихи ескерткіштерге бай өлкелер бар. Ендеше ақша үнемдеу үшін бұрынғыдай балаларды кезегімен қыдыртатын кезеңдер артта қалды. Өйткені саяхатқа шыққан әрбір баланың жолақысын мемлекет өз мойнына алып отыр. Мысалы, Ақтау қаласының тұрғындары да Алматы, Түркістан өңірлерін аралап, балаларына еліміздің көрікті жерлерін көрсете алғанына қуанады.
«Менің ата-аналарға айтарым, бұл – мемлекет тарапынан беріліп жатқан өте тиімді көмек. Себебі Kids Go Free сияқты жоба барын білмеген жағдайда біз сияқты төрт балалы отбасы үшін Ақтау – Алматы, Алматы – Ақтау бағытына 500-600 мыңдай қаражат кететін еді. Бірақ осы бағдарлама арқылы 350-360 мың теңге ақша жұмсадық. Билетке жолдасым екеумізге ғана төледік. Ал төрт баламыз тегін саяхаттады», дейді ақтаулықтар ризашылықпен.
Бұл арада ата-аналардың тағы бір ұтатыны, ұшатын күн жақындағанда әуе билеттерінің құны аспандап кететіні аян. Ал билет алынған күні оның бағасы қандай болса да, мемлекет сол ақшаны өтеп береді. Жобаның басты шарты саяхатты турфирма арқылы рәсімдеу ғана. Бұл өз кезегінде отандық туристік компаниялардың да жұмысын жандандыруға тиіс.
Ал біздің қалауымыз көзіқарақты оқырман осындай жобалардан хабардар болып, игілігін көрсе деген тілек.
АЛМАТЫ