Алматы облысында туризмді дамытуға 58 млрд теңге инвестиция тартылатыны мәлім болды. Бұл жөнінде Алматы облысының әкімдігі мен бір топ инвестор арасында Ойқарағай шипажайын дамыту жобасына қажетті жағдайлар жасау және қолдау көрсету туралы меморандумға қол қою рәсімі барысында аталды.
Қол жеткізілген уағдаластықтардың аясында 2028 жылға дейін тау курортын кеңейту, атап айтқанда, аспалы жолдар салу, шаңғы трассаларының ұзындығын ұлғайту, еңістерді, парапландар, глампинг алаңдарын жабдықтау, мейрамханалар, көлдер мен этноқалашық салу жоспарланып отыр.
Жобаны жүзеге асыру барысында Алматы облысы әкімінің орынбасары Рустам Исатаев негізгі үш бағыт бойынша мемлекеттік қолдау шаралары белгіленгенін баяндады. Оның айтуынша, облыс басшылығы инженерлік-көліктік инфрақұрылыммен қамтамасыз етуге, сондай-ақ әкімшілік қолдау көрсетуге дайын.
«Қол қойылған меморандум аясында инженерлік инфрақұрылымды жақсарту, 15 МВт қосымша электр қуатымен қамтамасыз ету, тау бөктерінде жасанды қар жасау үшін сумен жабдықтау жүйесін кеңейту бойынша маңызды жұмыстарды жүргізу жоспарланып жатыр. Жылына 100 мың текше метрге дейін, сондай-ақ тұрмыстық қажеттілік үшін тәулігіне 700 текше метрді қамтамасыз етеді. Тағы бір маңызды қадам – газ құбыры учаскесінің өткізу қабілетін сағатына 1 000 текше метрге дейін арттыра отырып, қайта құру көзделген. Сонымен қатар Байбұлақ ауылынан Ойқарағайға дейін жүк және жолаушылар тасымалы жолын салу жобасы жүзеге асырылады. Аса маңызды қадам жарықтандыру орнатылып, өткізу қабілетін арттыра отырып, Талғар трактісі – Ойқарағай жолын қайта жаңғырту жобасы іске асады», деді Р.Исатаев.
Сөз соңында облыс әкімінің орынбасары өңірдегі туризм саласын дамытудың бірінші кезектегі маңызына тоқталды. Бұл өңірдің әлеуетін ескере отырып, туризмді дамыту жалпы ілгерілеудің негізгі факторына айналатынына сенім білдірді. Туризмге құйылған инвестиция осы саланың өркендеуімен қатар, өңірдің жалпы экономикалық және әлеуметтік дамуына да оң ықпал ететіні туралы айтты.
2023 жылдың 11 айындағы жағдай бойынша туризм секторындағы негізгі капиталға салынған инвестиция 51 млрд теңгені құрады, қосымша 1 750 адамға жұмыс берілген.
Алматы облысы