• RUB:
    5.43
  • USD:
    477.03
  • EUR:
    521.44
Басты сайтқа өту
Сараптама 10 Қаңтар, 2024

Қоғамдық кеңес: талдау мен бағалау

161 рет
көрсетілді

Қазақстан қоғамдық даму институты қоғамдық кеңестердің қызметін зерттеу жұмысын бастады. «Қоғамдық кеңестердің қызметі туралы кешенді баяндама – 2020» шығарылымы – ҚҚДИ-дің еліміздің әлеуметтік-саяси өміріне ҚК қосқан үлесін талдауға және бағалауға арналған алғашқы баяндамаларының бірі. Кешенді құжат жарыққа шыққаннан кейін баяндама атауының стандарты қайта қарастырылды.

Енді 2021 жылдан бас­тап ол «Ұлттық баяндама» деп аталады. Баяндама атауы және оның бағдарының қайта өзгеруі – қоғамдық кеңестердің мем­ле­кеттік деңгейде маңызының бар­­ған сайын өсуі мен таныла бастағанын көрсетеді. 2023 жылы дайындалған «Қазақстан Республикасындағы қоғамдық кеңестердің қызметі туралы Ұлт­тық баяндама – 2023» ұлттық баян­­дама ретінде үшінші рет жа­рия­­ланып отыр.

Баяндама қоғамдық кеңестің қазіргі жұмысын ғана емес, оның тұтастай қоғам дамуындағы ма­ңыз­­дылығын көрсетеді. Жап­пай сауалнама, қоғамдық кеңес өкілдерімен өткен терең сұхбат­тар­дың нәтижесінде кеңестің қа­зіргі жағдайына баға берілді.

Бүгінде қоғамдық кеңестердің демократиялық үрдіске қоса­тын үлесін бағалау өзекті. Кеңес­тер­дің азаматтық қоғам және мем­лекеттік органдармен іс-қимылы түрлі жиындар, қоғамдық тыңдау және мониторинг сияқты қоғамдық бақылаудың құралдары арқылы іске асып жатқанын байқаймыз. Жалпы алғанда, қо­ғам­дық кеңестер мемлекеттік бас­қарудағы ашықтық пен жауап­кер­шілікке, қоғам мен мемлекет арасындағы байланысқа ықпал етеді.

Елімізде әртүрлі деңгейдегі 258 қоғамдық кеңес жұмыс іс­тейді. 2022 жылы қоғамдық ке­ңес­тердің 90 пайызының құра­мы жаңарған. Қазіргі уақытта ҚК мүшелерінің 3 818-і, шамамен 85%-ы азаматтық сектордың өкілі. Бірінші жартыжылдықта ҚК белсенді жұмыс істеп, 1 204 отырыс, 312 қоғамдық тыңдау және 404 қоғамдық мониторинг өткізді. Нәтижесінде, нормативтік-құ­қықтық актілердің 3 615 жобасы қаралып, 80%-ы бекітілді.

Қоғамдық кеңестер құрамына қарайтын болсақ, мемлекеттік орган өкілдерін, азаматтық сектор, бюджеттік ұйым, саяси пар­тия, депутаттар, БАҚ, бизнес, кәсіподақ, үкіметтік емес ұйым­дар (ҮЕҰ) және басқалары кеңінен қамтылған. Кеңес мүше­ле­рінің шамамен 73 пайызы ер, ал әйелдердің үлесі шамамен 27 пайыз.

Зерттеу барысында «Қазақ­стан­дық қоғамдық даму институты» 1 200 респонденттен сауал­нама алып, әртүрлі деңгейдегі кеңестің 20 өкілімен тереңдетілген сұхбат ұйымдастырды. Егер 2022 жылы респонденттердің тек 37,1 пайызы қоғамдық кеңестердің бар екені туралы айтса, 2023 жылы бұл көрсеткіш 43,2 па­йызға дейін өсті. Ал олардың қызметімен таныс адамдардың үлесі 2022 жылғы 28,8-ден 2023 жылы 65,8%-ға дейін өсті. Бір жыл ішіндегі 37% өсім қоғамдық ке­ңестердің жұмысына деген қы­зығушылықтың едәуір арт­қанын аңғартады.

2023 жылы кеңестердің қыз­метін өте пайдалы деп санайтын адамдар саны өскен (17,8%-ға дейін). Сондай-ақ кеңестер қыз­ме­тінің аз да болса пайдасы бар (15,5% өсім) деп санайтындар саны артты.

Сауалнама бойынша ҚК қыз­меті бірқатар бағытта пайдалы деп бағаланады. Респонденттердің 50,9  пайызы  қоғамдық  кеңестердің қоғамның өткір мәселелерін ше­шу ықтималдығы жоғары деп мәлімдеген. Сауалнамаға қатыс­қан­дардың 36,6 пайызы үшін қоғамдық кеңестердің басты ерекшелігі – олар азаматтарға проблеманы шешудің тиімді формасын ұсынды. Сонымен қатар респонденттердің 37,6 пайызы кеңестер азаматтарға әртүрлі мә­се­леге қатысты көмек көрсетеді деп санайды. Сауалнамаға қатыс­қан­дардың 24,4 пайызының пікірінше, мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектордың қызметін бақылауда ҚК маңызды функция атқарады. Сондай-ақ кенестер жергілікті атқарушы биліктің де жұмысын орындайды (13,9%) деп санайтындар бар. Соңында, респонденттердің 17,8%-ы әлеуметтік маңызды бас­тамаларды ұсынудағы ҚК-нің рөлін ерекше атап көрсетті.

2023 жылы қоғамдық кеңес­тер­дің қызметі туралы хабардар болу деңгейі де былтырмен салыстырғанда жақсарған. Теледидар арқылы ақпарат алу – 15,5%, интернет пен жеке өтініш арқылы екі есеге жуық өскен. Туыстары мен достары арқылы ақпарат алу 8,6%-ға артқан. Әлеуметтік желі арқылы ақпараттандыру деңгейі 2022 жылғы 18,3-тен 2023 жылы 60,4 пайызға, яғни 3,3 есе өсті.

2023 жылы өткен жылмен салыстырғанда қоғамдық кеңес­тер­дің қызметі туралы пікір ай­тар­лықтай жақсарған. Жалпы, позитивті көзқарас екі есеге жуық өсіп, теріс пікір төмендеген. 2023 жылы оң көзқарас 71,3 пайызды құрады. Респонденттердің жауаптарын салыстырғандағы позитивті және жалпы позитивті жауап бергендердің ортақ өсімі 34,4%.

Сауалнама және эксперт­тер­дің талдауынан кейін­гі Ұлт­тық баян­да­маның негізгі нәти­желеріне тоқ­талсақ, жалпы елімізде Қоғам­дық кеңес­тер институтының дамуы дина­ми­калық түрде жүріп жатыр. Даму­дың оң үрдісіне қарамастан, ҚК институтының бірқатар мәсе­ле­сі бар. Мәселен олар: азамат­тар­ды ақпараттандырудың жет­кі­ліксіздігі, ҚК құрамын қа­лып­­тас­тыру мәселесі, заңна­маны тү­сіндірудегі сұрақтардың болуы, ҚК өз жұмысын ұйым­дас­ты­ру­да­ғы ресурстардың шек­теу­лігі.

Ақпарат тарату мен коммуникацияны жетілдіруге деген ұмтылысына қарамастан, кеңес­тер­дің БАҚ-пен жұмысы әлі де шектеулі. Мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылдың оң динамикасына қарамастан, кеңестер жұ­мысына органдардың араласуы туралы пікірде қарама-қарсылық бар. Қысқа мерзімде ҚК жұмы­сы­ның заңнамалық негіздері қа­лыптасты, бірақ қаржыландыру және ресурстар әлі де өзекті. ҚК-лер шешім қабылдауында цифрлық технологиялар мен де­рек­терді одан да белсенді пайдаланады деп күтіледі.

Жүргізілген зерттеу негізінде, сарапшылар орталық және жер­гілікті басқару органдарына, қо­ғам­дық кеңестерге 40-тан астам ұсыныс әзірледі.

Елімізде ҚК институтының дамуы қарқынды жүріп жатыр деп сеніммен айтуға болады. Бұл үрдісті азаматтық қоғамының барлық деңгейдегі шешімдер қабылдау үдерістеріне белсенді қатысуға дайындығы ретінде тү­сіндіру қажет. Алайда бұл мәсе­леде назар аударуды және түзетуді қажет ететін белгілі бір кемшіліктер бар екенін де мойын­дауымыз керек.

Кейбір кемшілікке қара­мастан, ҚК институтының даму үдерісі оның қоғамдық тұрғыдан мақсат қоя білгендігі мен оның тиімділігіне деген сенімділікті тудырады. Оң кейстерді және анықталған мәселелерді еңсеру бойынша дәйекті, табанды күш-жігерді ескере отырып, ҚК одан әрі демократиялық қайта құруларға және азаматтардың ел болашағын қалыптастыруға белсенді қаты­суына жәрдемдеседі.

 

Риззат ТАСЫМ,

ҚҚДИ Қоғамдық үрдістерді зерттеу орталығының басшысы