Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатында қазірге дейінгі атқарылып келе жатқан және болашақта атқарылатын елдегі өзекті мәселелерге тоқталды.
Сұхбат барысында еліміздің түкпір-түкпірінде білім ошақтары, оның ішінде, мектептердің бой көтеруіне басты назар аударылды. Бұл cаналы ұрпақтың жарқын болашағына деген сенімнің зор екенін аңғартады. Елімізде ауылдық және қалалық елді мекендерде мектептердің бой көтеруі әлеуметтік даму мен экономикалық жетістіктерге жетудің басты жолы дер едім. Өйткені әр түрлі өңірлерде мектептер салу білімнің халық үшін қолжетімді болуын қамтамасыз етеді. Бүкіл елде білім беру орталықтарын құру елдің жалпы ілгерілеуі үшін өте маңызды адами капиталдың дамуына ықпал етеді. Білімді мамандар ғылымға, білімге, инновацияларға, экономикалық өсуге және елдің жалпы дамуына көбірек үлес қосады. Сондықтанда еліміз үшін білім мен оқу орталықтарының дамуы − басты үрдіс.
Тағы да бір ескеретін жағдай Мемлекет басшысы Ұлттық қордан балаларға қаржы беру мәселесін реттейтін заң күшіне енгенін атап өтті. Бұл ұрпағымыздың жалпы әл-ауқаты мен дамуына үлкен ықпал ете алады деп сенемін. Өйткені Ұлттық қордан балаларға қаржы беру мәселесін реттейтін заң жас буын үшін білім, денсаулық сақтау, тамақтану және баспананы қоса алғанда, негізгі қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін маңызды.
Сонымен қатар елімізде медицина қызметкерлерінің, мектепте, колледжде және балабақшада жұмыс істейтін педагогтердің жалақысы өскені жалпы қоғамға бірнеше оң әсер етті деп ойлаймын. Жалақылардың жоғарылауы мемлекеттік қызмет көрсетудің жалпы жақсаруына ықпал етіп, қоғамның дені сау және білімді азаматтардың қалыптасуына ықпал етеді.
Мемлекет басшысы бүгінде Қазақстан мен Қытайдың қарым-қатынасы достық, көршілік және мәңгілік стратегиялық серіктестік рухында қарқынды дамып келетінін, сонымен қатыр Қазақстан мен Қытай арасындағы ынтымақтастықтың жаңа «алтын отыз жылдығына» қадам басқанымызды атап өтті. Осы орайда көршілес Қытай елімен отанымызда бірнеше оқу орындарының, оның ішінде Сәтбаев Университеті мен Гонконг қалалық университеті инновациялық стратегиялық серіктестік құру туралы келісімге қол қойғанын айта кетуімізге болады. Болашақта екі университет арасындағы ынтымақтастық қарым-қатынас аясында инженерия және жасанды интеллект салалары бойынша жоғары білікті мамандарды даярлау жоспарланып отыр. Сонымен қатар халықаралық бағдарламалар бойынша студенттер екі ел арасында ғылым және білім бойынша тәжірбие алмасуға үлкен мүмкіндік туып отыр.
Жалпы, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатының түйіні еліміздегі негізгі басымдықтар мен бастамаларды айқындай отырып, жарқын болашақты жүзеге асыруға бірлесе отырып белсенді үлес қосуға қоғамға айтарлықтай ой салды деп ойлаймын.
Аяз БЕЛҚОЖАЕВ,
Сәтбаев Университетінің
Химиялық және Биохимиялық инженерия
кафедрасының аға оқытушысы,
жаратылыстану ғылымдарының магистрі