• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Өнер 14 Қаңтар, 2024

Кенептегі кесек мінез

692 рет
көрсетілді

Талант арнасы тасқындап тұрса да, тірліктен тұрлау таппай, өз отына өртеніп өткен дарындар аз ба? Ғазиз ғұмырын бағыштаған шығармашылық тұлғамен бірге тұншығып кетсе, өкініш сол. Кенеп бетіне жан сырын жа­йып салған мың сан суретшінің ішінде Әбілхан Қастеевтің есімі неге ерек аталады? Халқымыздан шыққан тұңғыш суретшілердің бірі болғаны үшін бе? Жоқ. Қастеевтің тұлғасын шырқау биікке көтерген – кенептегі кесек мінез... Ол жазылмаған дала заңын бойына сіңіріп, көшпелілер мәдениетімен өсіп жетілді.

Қой соңында салпақтаған қара бала­ның жақпар тасқа жазған алғашқы шимайларынан кемеліне келген кемеңгер суретшіге дейінгі қиыр-шиыры көп ке­руен жолдарға көз салсақ, асқақ арманы үшін арпалысқан, мақсатынан бір сәт айнымаған, керек десеңіз тасмаңдай тағдырын ырқына жығып, өзін-өзі сүйреп жеткізген күрескер жанның келбетін көреміз. Әкеден ерте айырылып, бейнетпен белдесіп, еңбекпен ерте есейген жалаңаяқ ауыл баласы жалшы да, малшы да болды, қарынбайлардан қамшы да көрді. Сурет салып күнәкар болма деп шаптыққан шала молданың айқайы да балаң көңілдің бұлқынысын баса алмапты. Керісінше, кермек күндердің айғыз өрнегі көңіл көгіндегі сезім сәулесін одан бетер жарқыратып, ширықтырғандай. Қайткенде де оның «құмға біткен қара­ғаштай» қайсар болмауға қақы жоқ еді. Қатал тұрмыстың қақыраған аязы жа­нын қарыса да, қылқаламнан қол үзбеген қара бала, қазақ бейнелеу өне­рінің қара нарына айналғанға дейін та­лай соқпақтан өтті. Өнер дейтін тылсым әлемге аттандырған ұзақ сапар қан­ша армандармен қауыштырса, сонша арпа­лыстарға кезіктірді. Оның өмірде көр­ген қиындықтары мен қысылтаяң сәт­тері, ғұмыр белестері, «Түрксіб» темір­жолындағы тынымсыз еңбегі, ұстазы Хлудовтың тәлімі туралы жиі жазылып та, айтылып та жүргендіктен, бұл жайға кеңірек тоқталғаннан гөрі сөз басында тілге тиек еткен шығармашылық еркін­дігі мен кенептегі кесек болмысы хақын­дағы ойларға ойысқанымыз жөн болар.

«Колхоздың сүт фермасы» (1936)

Дала мәдениетінің қайнарынан қа­нып ішкен Қастеев жұрт жүрегіне жа­қын тақырыптарды жырлап, уақыт ты­­ны­сын, адамдардың жан дүниесі­нің дірі­лін, демін, ішкі ырғақтарын, кө­ңіл күйін дәл бере білді. Қиялға құ­рық са­лып, қиянды шарлаған жоқ. Шы­ғар­машылығы халық өмірінің айна-қатесіз ше­жіресіне айналған шебер көзбен кө­ріп, көңілге түйгенін ғана кенепке жа­йып салды. Оның қаламынан шық­қан ұлттық тақырыптағы туынды­лар дала тұрмысын қаз-қалпында жыр­лайды. «Қымызшылар», «Қымыз ашыт­қан әйел», «Шопан», «Бие сауу», «Бүр­кітші», «Батыр», «Жайлаудағы табын» се­кілді картиналарға қарап отырып жер­ошағы бықсып, қазаны қайнаған қа­зақы ауылдың ортасына еніп кеткендей күй кешесіз. Суретші заманында «Қастеев ошақ басынан шықпайды» деп сын таққандарға «Ошақ басынан басталмаған өнерде жылылық болмайды» деп жауап қатыпты. Осы бір ұтқыр жауап жаныңды жылытпай көрсін.

«Қымыз фермасы» (1967)

Иә, халқының салт-дәстүрі, дала әуен­дері, көне тарих беттері кенепте жып-жылы көрініс тауып, қазақы тірлік болмысын айнытпай бедерлейді. Тіпті тапсырыспен жазылған туындының өзінен ұлттық танымның иісі аңқиды. Қай шығармасын алып қарасаңыз да, туған өлке тарихы, халықтың қасиет-қалыбы, салт-дәстүрі бір-бірімен біте қайнасып жатады. Сол арқылы қазақы болмыс пен ұлттық құндылықтардың уақыт өлшеміне жұтылып кетпеуін алдыңғы орынға қойған тәрізді.

Шетелдік зерттеушілердің өзі Қас­теевтің киіз үйдің ішін, кесте тоқып отырған қызды, ұлттық дүниелерді көр­­сеткенде қылқаламы аса жауапты, сон­дай мұқият сырғитынын, әрбір бояуы­нан туған жерге деген сүйіспеншілік есіп тұратынын айтады. Бұл жөнінде өнертанушы Валерия Ибраева: «Суретші көңілі соқпаған, саяси тапсырыстан туған шығармаларының өзінде адамның табиғатқа нұқсан келтіруіне байланысты өзінің ыңғайсыздық сезімі мен ұятын көрсеткісі келеді», деп пайымдайды.

Кенептегі әже әлдиі, әке мейірімі, ана құшағы арқылы ұлтының адамгерші­лігі мен ар-ұятын бір детальмен болса да көрсетіп өтеді. Кейде тіпті айтқысы келген кепті табиғат мінезі арқылы, бояу тілімен бере салады. Күштінің әлсізге көрсеткен өктемдігі, ақ пен қара­ның қайшылығы, әділетсіз әрекеттер қыл­қалам арқылы сынға ұшырайды. Ке­нептегі мұндай еркіндік ескен сезімдер Қастеев дала өзгерістерін жырлаған деген жалаң ұғымды жоққа шығарады. Ар мен теңдік, ұлттық мінез, кісілік оның басты кредосы дерсіз.

«Түрксіб» (1932)

Өмір бәйгесінде оның академиялық дайындығы жоқтығының орнын Жарату­шыдан берілген сезгірлік, тазалық һәм адалдық сияқты қасиеттері толтырып берді. Табиғатқа философиялық парасатпен қарауы, мәдени танымы, халқының кемел түсінігінен, дала дәстүрінің көзге көрінбейтін, жүрекпен ғана сезінуге бо­ла­тын артықшылықтарынан сыр аңда­тады.

Суретші бір сөзінде: «Әуелі табиғат – суретші. Біз оған жан бітіріп, сөйлетуші ға­намыз. Халық өмірінен тыс қалу – өнерден де тыс қалу. Өмірді, өзіңді қор­шаған ортаны білмеген адамға өнер деген қасиет қалай қонады», депті. Осы бір ой оның жүрегіне мәңгілік ұялап қалғандай.

Асқар талант иесі жайлы кең ауқым­да толғаған жазушы Әміртай Бөриев: «Оның өнердегі мұраты, поэтикасы да халық әні секілді, құлаққа құйылатын сырында. Жаратылысынан ғазиз жүректі суретші он сегіз мың ғаламның сырына қанығып, таңғажайыппен табысып, кереметімен қауышатын. Табиғатпен тіл­десе, сырласа білетін суреткер, жү­рек лүпілі нәзік жыршы еді. Ақын ба­қыты табиғаттағы құбылыс ғайып болып кете ме деп, күні бойы, сағаттар бойы сарылар құдіретінде ғой. Суретші тілі – бояу. Қастеевтің қайсібір табиғат көріністеріне салған суреттерін көрсеңіз де, олар бір-бірін қайталамас көркімен көз жауын алады. Өлең болып шалқып, күй болып төгіледі!» деп тебіреніпті.

Суретшімен ұзақ жылдар бірге жүр­ген атақты мүсінші Хакімжан Нау­рыз­баев: «Әбілхан Қастеев сөзге сараң, ұзақ сөйлеуді жаны жақтырмайтын. Ол көбінесе қысқа ғана «иә», «жақсы», «тамаша», «жаман екен» дейтін. Есесі­не шығармаларында айтар ойын терең жеткізіп, тіпті басқалардың көзге іл­мей­­тінін де суреттеп жібереді. Осы нә­­зік баяндауларға аса ұқыптылықпен қа­рауының өзі – суретшінің ерекше да­рындылығы емес пе! Анық нәрсе, Қас­теев – суретшілерге асқан ілтипат­пен қарап, ал жастар үшін асыл аға, ұлағатты ұстаз бола білді», деп жазыпты естелігінде.

Құшағына салқар даланы сыйғыз­ған пендесіне Жаратқан кеңдікті де қоса сый­ламауы мүмкін бе? Сарғайған есте­ліктерді парақтап отырып, қазақ бейнелеу өнеріне айшықты із қалдыр­ған қаншама суретші Қастеевтің шапа­ғат-шуағына шомылғанын аңғара­мыз. Талаптының талант бұлағын ашып, ізінен іні ерту – іріліктің белгісі. Суреткердің осы бір дегдар қасиеті жай­лы өмірлік жары Сақыпжамал апай тіршілігінде былай деп жазыпты.

«Әбілханға қазақ даласының әр қиырынан әртүрлі тағдыр талқысы­на түскен адамдар келіп, өтініш-тіле­гін айтып, көмек сұрайтын. Соның бәрі­нің меселін қайтармайтын. Ол ол ма, суретшілер біздікінде қаптап жү­ретін. Қайырымына ілінгендердің бә­рін түгел жарылқаудан жалықпайтын жа­ны жігерлі азаматтығына қай­ран қа­латынмын. Әлгі өзінің көңілінің ұясы­на ұялап, ұнатып қалған талабы бар жас­тарды сүйрелеп жүретін. Тіпті сонау Мәскеу, Ленинградтағы үлкен оқу орындарына өзі апарып, қамқор болып, тілеуін тілеп, солардың жағдайына күй­белек болатын еді-ау! Әбілхан да тумысынан қамқоршы болып туған жоқ. Өзі секілді игі жақсы адамдардың көп қайырын көрді. Талай ардақты кісі­лерден бата алды. Жамбыл ақынның өмі­рінің соңғы сәтінде қобдиын арқалап барып, жан тәсілім үстінде суретін салды, алғысын алды. Жәкеңнің музей үйі­нің жобасын жасаған да Әбілхан».

Тарих төрінен орын алған қаншама тұғырлы тұлғалардың алғашқы суреттері Қастеевтің қолтаңбасы арқылы халыққа жол тартты. Сақыпжамал апай естелігінде суретшінің мұндай алып адамдардың бейнесін салғанда ерекше толқитынын, тіпті ас-су ішпей, түн ұзақ кенеп алдында тапжылмай отыратынын, жұмысты аяқтағанда балаша қуанатынын жазыпты. Мәселен, суретші «Жас Абайдың портретін» саларда Мұхтар Әуезов­пен ұзақ әңгімелесіп, романын бірнеше қай­тара оқып, тіпті аулына барып Абай туған топырақты өз көзімен көргеннен кейін ғана қылқаламын қолға алғандығы, оның әр тақырыпқа үлкен дайындықпен келгенін аңғартады. Кенесары, Шоқан, Жамбыл, Амангелді портреттері, тұтас қазақ даласының тебіренісін толғаған «Түрксіб» картинасы қатарлы іргелі қол­таңбаларының әрбірі – оның жанын сала жазған шығармалары.

Өрелі өнерімен өз биігін қалып­тас­тырған қылқалам шебері өмірінің кейін­гі жылдары жауапты қызметтерде бо­лып, қай­раткерлік қырымен де танылға­­­­нын білеміз. Тіршілігінде еңбегі еленіп, ауқым­­ды көрмелерге қатысты, халқы­ның ықы­ласына бөленді. Оның қаламы­нан өріл­ген 1000-ға тарта кескіндеме­лік және графикалық шығарма ұлт­тық бей­нелеу өнерінің айшықты мұрасы­на айнал­ды. Солай бола тұра, ми қабы­ғын кемір­ген мың сан ойлар, тұрмыстағы тап­­­шы­лық ғажайып суреткердің көңілін бір сәт тыншытпағанға ұқсайды. Бірнеше рет жүрек талмасына шалдығып, 69 жасында қайтыс болған шебердің ең соңғы туындысы – әйгілі тарышы Шығанақ Берсиевтің аяқталмаған портреті.

Қастеев қаламының құпиясы не­де деген сауалға жауап іздегенде, арғы жағыңды қаза түсетін, ұлттық бол­мы­сыңа бойлататын танымға бай туын­дыларға кездесеміз. Бекзат таланттың Алматыдағы Ә.Қастеев атындағы музе­йіндегі 400-ге жуық картинасына үңіле отырып, бүтін бір дәуірдің шежіресін, қазақ халқының басынан өткерген сан қилы тағдырдың таңбаларын көреміз. Ұлттық бояу, қаза­қы рең, ең бастысы көшпелілер өрке­ниетінің өзегін, дала мәдениетінің мәйе­гін екі шығармасының бірінен табамыз.

 Табиғатынан кішіпейіл суретші бая-шая тіршілікке бас қатыра бермепті. 1940 жылдың соңына дейін басында жеке баспана да болмаған. Кейіннен Әуезов тұрған шағын пәтерге көшіп келгенімен, ол үйден еркін көсіліп шы­ғармашылықпен айналысатындай бұрыш табылмапты. 1950 жылы шетелден келген түсірілім тобы даңқ­ты шебер тұратын үйді көргісі келген. Сол кезде түсірілім үшін әкелінген жиһаз, кілемдерді қайта алып кеткен­ де­седі. Аталған жылдың соңында ҚазКСР Министрлер кеңесінің төраға­сы ­Д.Қо­наев­тың өкімімен суретшінің отбасына арнап үй соғылған.

Оның шығармашылықтағы ең бір жемісті жылдарын өткерген, өзі 15 жыл тұрған Алматыдағы музей-үйі – бүгінде Әбілхан әлеміне жетелейтін қасиетті орын. 2014 жылы есік ашқан тағылым ордасына жан-жақты қолдау көрсетілсе, биылғы мерейлі жылдың еншісіндегі шарапатты шаруаның бірі осы болмақ. Суретшінің телегей-теңіз мұрасын зерттеп-зерделеу бағытындағы ізденістер – оның өнерін айрықша бағалаған өнер­танушылардың әр буыны үшін рухани қазына, таусылмайтын тақырып.

Бейнелеу өнері – шекарасы жоқ шек­сіз кеңістік. Үнемі жаңа буын алмасып, жаңа бағыттар пайда болып, әркім өзін­ше із қалдыруға әуестеніп жатады. Суретші біткеннің арманы – тұтас ғұ­мырға татитын, «адамзат баласы аялдар тұсқа дейін» жоғалмайтын ұлы шығарма жазу. Бұл жолда сан мыңдаған ұстаным мен түрлі көзқарас қылаң берсе де, Әбілхан әлемі бейнелеу өнеріне ат байлаған әрбір таланттың айналып келіп, әйтеуір бір соқпай кетпейтін қылқалам құбыласы болып қала бермек.

Әбілхан әлемі – өнер дейтін тылсым жолға сапар шеккен асау толқындар­дың түбі бір құяр арнасы, сурет әдебінің әліппесі.

Әбілхан әлемі – Орал Таңсықбаев, Салихитдин Айтбаев, Қанапия Телжа­нов, Молдахмет Кенбаев, Айша Ғалам­баева деп жалғаса беретін салқар көштің алғы сапында аталатын қазақ бейнелеу өнерінің атасы.

Кенептегі кесек мінез...

 

АЛМАТЫ