• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Әдебиет 15 Қаңтар, 2024

Ақын-жазушылар балалар әдебиетін дамыту тетіктерін талқылады

161 рет
көрсетілді

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев пен Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева балалар тақырыбында қалам тербейтін ақын-жазушылар, балалар баспасы басылымдарының бас редакторлары, Журналистер және Жазушылар одағы өкілдерінің, сондай-ақ республикалық кітапхана директорларының басын қосып, «Шығармашылық зиялы қауым - Қазақстан балаларына» тақырыбында дөңгелек үстел өткізді. Жиын Алматы қаласында өтті, деп хабарлайды Egemen.kz Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Дөңгелек үстелге қатысушылар балалар әдебиетін дамытудың өзекті мәселелерін талқылап, қазақ тіліндегі контенттің сапасын арттыру және оны өңірлік білім басқармаларымен, кітапханалармен, ата-аналар ұйымдарымен, сондай-ақ ірі еңбек ұжымдарымен бірлесе жұмыс істеу жолдарын қарастырды.

Оқу-ағарту министрі мектептерде балалар басылымдарын ілгерілету бойынша кешенді бағдарлама әзірленетінін алға тартты.

«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Балалар кітапханасының» жаңа моделі құрылып жатыр. Биылғы оқу жылында белсенді оқырмандарды 100 көркем, ғылыми-танымдық кітап оқуға ынталандыру, электронды кітапханалар мен онлайн-ресурстар құру, газеттер мен журналдарды оқу мәдениетін арттыру бойынша іс-шаралар басталды. Бұл бағыттағы жұмыс «Біртұтас тәрбие бағдарламасы» аясында да жүргізіліп жатыр. Қазір біз мектеп кітапханашыларының мәртебесі мен жалақысын көтеру мәселесін қарастырып жатырмыз», деп атап өтті Ғани Бейсембаев.Оқу-ағарту министрі балаларға арналған басылым ұжымдарының жұмысын жоғары бағалап, алғыс хаттармен марапаттады. Олардың қатарында «Ұлан», «Дружные ребята», «Қазақстан дәуірі» газеттері, сондай-ақ «Ақ Желкен», «Балдырған», «Ақылдым», «Жеті Әлем», «Мөлдір бұлақ», «Айгөлек» және басқа да журналдар болды.

Кездесу қорытындысы бойынша балалар мен жастарға арналған туынды шығаратын шығармашылық зиялы қауымды, креативті индустрия шеңберінде балалар басылымдарының жобаларын қолдау жөніндегі шаралар кешенін ұйымдастыру, «Біртұтас тәрбие бағдарламасы» шеңберінде жеке тақырыптық секция өткізу туралы шешім қабылданды.