Бүгін Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында «Жас мемлекеттік қызметші мектебі» жобасы аясында оқыту басталды. Оған елордалық жоғары оқу орындарының 3 және 4 курс студенттері қатысып жатыр, деп хабарлайды Egemen.kz.
Академия ректоры Ерлан Әбілдің айтуынша, жоба мемлекеттік қызметке жаңа леп әкелетін талантты жастарды тарту мақсатында қолға алынған.
«Мемлекеттік қызметке жаңа буын қажет. Бізге идеясы бар, креативті, талантты, мемлекеттік қызметте істеймін деген ниеті бар жастар қажет. Қазақстанның өсіп-өркендеуі сіздердің білімдеріңізге, потенциалдарыңызға, ерік-жігерлеріңізге байланысты. Жас мемлекеттік қызметші мектебінде оқу барысында қатарластарыңызбен топтасып, пікір алмасып, дағдыларыңызды арттыра аласыздар», деді ректор жиынның ашылу салтанатында.
2023 жылы Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігімен бірлесіп бір апталық оқыту бағдарламасы әзірленді. Оқыту аясында жас таланттар жобалық басқарудың негіздері және жобаны әзірлеу, оны қорғау, тиімді коммуникациялар, практикалық аналитика, стратегиялық менеджмент және көшбасшылық және т.б. дағдыларды меңгереді. Мемлекеттік басқару жүйесі, әдеп кодексі бойынша практикалық сабақтар өтіп, мемлекеттік қызмет саласындағы кейстерді талдайды. Оқыту курстарын Академияның профессор-оқытушылар құрамы, практик мамандар жүргізеді.
Жобаға екінші рет қатысып отырған Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің 3-курс студенті Аяжан Меркібай болашақта мемлекеттік қызметші болуды жоспарлайтынын айтты.
«Жас мемлекеттік қызметшілер мектебінде оқуға биыл екінші жыл қатарынан қатысып жатырмын. Мақсатым – алдыңғы жылы алған білімімді биыл жетілдіру, дағдыларымды арттыру. Қазіргі таңда Академияда дәрістермен қатар, практикалық тренингтер де жүргізіліп жатыр. Бүгін алғашқы дәрісті коммуникация тақырыбынан бастадық. Себебі қоғамда адамдар арасында коммуникацияның жетіспеуі көп байқалады. Болашақта мемлекетке қызмет етіп, еліміздің гүлденуі үшін барымызды саламыз», деді Мемлекеттік жергілікті басқару мамандығының студенті.
Академияда бағдарламаны сәтті аяқтағаннан кейін қатысушылар мемлекеттік органдарда өндірістік практикадан өтеді.