• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Дәстүр 15 Қаңтар, 2024

Қыран құс не алмайды салса баптап...

187 рет
көрсетілді

Биыл елімізде ірі халықаралық жоба – «Көшпелілер ойы­ны» өтетіні мәлім. Халқымыздың ғасырдан-ғасырға, ұрпақтан-ұрпаққа ұласқан ұлы құндылықтарын әлем назарына ұсынатын осы бір айтулы додаға дайындық жұмыстары басталып кетті. Соның бірі ұлттық ойын­дарымыздың төресі саналатын құсбегілік өнері дер едік.

«Төрткүл дүние көз тіккен үлкен іс-шараға өткен жылдан бері Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы жан-жақты дайындықты бастап, федерациялар жер-жерде бірнеше кезеңнен тұратын іріктеу жарыстарын ұйымдастырып келеді. Сондай іс-шараның бірі, ұлттық спорт түрі «Құс­бегілік» бойынша Талғар ауда­нындағы Панфилов аулының атшабарында іріктеу жарысы өтті. Бұл бәсекеге облыстық ұлт­тық спорт мектептерінің әр аудандағы «Құсбегі» бө­лімінің оқушылары, өрімдей жас өр­кендердің көптеп келуі кө­ңілімізді көкке көтерді. Жас ерекшеліктеріне қарай қыран құс салудың үш түрі бойынша өнерлерін ортаға салғандардың барлығы ертеңгі болатын әлемдік додаға ел аты­нан өзіндік үлестерін қоса алатын намысты әрі ше­бер спортшылар екенін бай­қатты. Желкілдей өсіп келе жатқан жасөспірімдердің ұлт­тық дәстүрді ұлықтап, бо­йына сіңірудегі талпыныс­тары мен ынта-жігерлеріне ри­за­шылығымыз шексіз»,  дейді республикалық «Құс­бе­гілік» федерациясының вице-президенті Бағдат Мүп­текеқызы.

Ересектер, жастар мен жас­өспірімдер арасындағы бұл іріктеу чемпионатына ауа райының қолайсыздығына қарамастан, шалғайдағы Райым­­бек, Кеген аудандары­мен қатар, іргедегі Еңбек­ші­қазақ, Талғар, Іле, Жамбыл, Қа­расай аудандарынан 50-ге жуық құсбегі қатысып, өз мүм­­кіндіктерін сынға салды.

Жасөспірімдер арасында ұлттық спорт мектебінің оқу­шылары, атап айтсақ, ителгі салудан Ханшерей Қайратұлы, қаршыға салудан Жамбыл До­сымжан, бүркіттен Лиман Ас­қарбек, ал жастар арасында Бәйетбай Өмірхан, Ме­дет Шәліпов, Данияр Мүптекеев сын­ды үздіктер анықталды.

Қолына қыран құсты қон­дыр­ған жас буынның бабалар аманатына адалдығы мен оны бап­тап-баулудағы талпынысы бола­шағынан зор үміт күттіреді.

 

Алматы облысы