Көзі тірісінде-ақ ерен еңбегі еленіп, халық көсеміне айналған Дінмұхамед Қонаевтың орны бөлек. «Құдайдың сүйген құлы сол емес пе, Кемеңгер ұл Қонаев Дінмұхамед» деп ақындар жырға қосса, жұртшылықтың «Димекең», «Димаш аға» деп еркелетіп атауы сом тұлғаның ел жүрегінен елеулі орын алғанының айнымас айғағы.
Дінмұхамед Қонаевты жас ұрпаққа таныстыру мақсатында әртүрлі жинақтар жарық көріп келеді. Былтыр ғана «Ол кім?» сериясы бойынша «Мазмұндама» баспасынан «Дінмұхамед Қонаев кім?» атты кітапша жарық көрген еді. Жинақта Димаш Ахметұлының өмірі мен қызметі жайлы балалар білуге тиіс мәліметтер жан-жақты қамтылған. Кітапша авторы Серікбол Хасан жинақтың балалар үшін маңызы жоғары екенін атап өтті.
– Бұл кітаптың мақсаты – балаларға Дінмұхамед Қонаевтың өмір жолын, екі рет үкімет, екі рет мемлекет басқарған еңбегін түсінікті етіп жазып шығу болатын. Іргелі кездесулері мен үлкен өндіріс орындарын салуы секілді тарихи оқиғаларды да қамтуға тырыстық. Жалпы, бұл жинақ – Қонаевтың екі кітабы, басқа да тұлға жөнінде естелік кітаптарды шолып оқып шығып, сол кітаптардың негізінде балаларға лайықтап қайта жазылған дүние. Жалпы мұны ерекше жаңалығы бар зерттеу кітап емес, балаларға арналған танымдық кітапша деп айтсақ болады. Жалпы, «Ол кім?» сериясы бойынша төрт кітапқа авторлық еттім», – дейді автор.
Ал белгілі қаламгер Ораз Қауғабай «Қонаевтың 12 қасиеті» кітабында әл-Фараби даналығы бойынша кемеңгер патшаға тән «12» қасиеттің дегдар тұлғаның бойында түгел тоғысқанын таратып жазады.
– Әл-Фарабидің даналығында кемеңгер басшы өзінің сүйек-сыны, сыртқы тұлғасы арқылы ерекше көрінуі керек. Яғни ол адам өте сымбатты «мінсіз, мүсіндей әдемі, иманжүзді болуға тиіс». Димекең жаратылысынан көрікті, бойшаң және жүзінен нұр төгіліп тұратын иманжүзді кісі еді. Кеңестік дәуірдегі мемлекет қайраткерлерінің ішіндегі ең сымбатты, бой жағынан да, ой жағынан да ерекше бөлек тұлға Димекең екені белгілі. Екінші қасиеті туралы Әл-Фараби ол адам «өзіне айтылған сөздің бәрін терең түсінетін және істің жай-жағдайына сәйкес жан- жақты тез ұғып алатын аса зерек болуы керек» дейді. Димекеңнің зеректігі мен бәрін біліп, сезіп тұратын айрықша қасиеті жөнінде қасында жүрген серіктері қазірге дейін таңдана айтады,– дейді автор кітабында.
Сонымен қатар жинақта Д.Қонаевтың Қапшағай су қоймасын салудағы батыл шешімі, Медеу шатқалына байланысты тәуекелдері, халқы үшін бәріне баруға даяр шынайы ұлт перзенті екені кеңірек жазылған.
Ақиқат қартаймайды. Ол болашаққа жаңа, саф күйінде жетіп өзінен қазына таратпақ. Біздіңше, Қонаев қазынасы – әлі толық ашылмаған, тиісінше зерделенбеген бекзат дүние.