• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 16 Қаңтар, 2024

Ауыз су көктемде жетеді

204 рет
көрсетілді

Жамбыл облысында ауыз судың азабын тартып отырған ауылдар әлі де бар­шылық. Таза суға жетуді армандаған елді мекен тұрғындары журналистерге мұңын шағудан жалығар емес. Олар бізге жиі хабарласады. Шалғайдағы ауыл­­дарда тұратын ағайынның арзуын тыңдап, бірнеше рет мақала жазғанбыз.

«Egemen Qazaqstan» газетінің 2023 жылғы 26 желтоқсандағы №247 санында «Тіршілік нәрінен тарығып отыр» тақырыбымен мақала жарияланған еді. Жазбамызда шалғайдағы Мойынқұм ауданының бірнеше ауылы тұщы суға зар болып отырғанын нақты дәлелдермен келтірген едік. Тұрғындардың дабыл қағуынан кейін жарияланған мақа­лаға аудан әкімдігі жауап жолдапты. Хат мәтініне зер салсақ, өзекті мәселе­ні шешу жолында біршама жұмыс атқа­рылып жатқан көрінеді.

«Өткен жылдың соңына қарай «Ege­men Qazaqstan» газетінде «Тіршілік нәрінен тарығып отыр» тақырыбындағы мақалаға орай толыққанды жауап берген­ді жөн көрдік. 2014 жылы Шығанақ ауы­лының су құбыры мембраналық тазар­ту құрылысымен салынған. Кейінгі жыл­дары мембраналық қондырғы істен шығуына және Балқаш көлінің дең­гейінің төмендеуіне байланысты таза ауыз сумен толық қамтамасыз етуде мә­се­лелер туындады. Мұндай өзекті мә­се­ле Мыңарал ауылы, Мыңарал стансасы және Бурылбайтал, Мирный, Қияқты елді мекендерінде де кездесті. Осы жағдайды қалпына келтіру мақса­тында облыс әкімдігінің тұрғын-үй ком­муналдық шаруашылық және энер­ге­тика басқармасының жанынан құ­рыл­ған жұмысшы топпен зерделеу жұ­мыс­тары жүргізілді. Топ құрамына мем­браналық қондырғы орнатуда тәжі­рибесі бар «Абырой Групп» ЖШС, «ГидроПрибор» АҚ және «ДЕК» ЖК енген. Зерделеу қорытындысы негізінде тиісті заң талаптары сақтала отырып, осы елді мекендерді толық ауыз сумен қамтамасыз ету үшін 2023 жылдың екінші жарты жылдығында облыстық бюд­жеттен 311,9 млн теңге қаржы бөлін­ді. Бүгінде «Абырой Групп» ЖШС-мен 155,95 млн теңгеге және «ДЕК» ЖК-мен 155,95 млн теңгеге келісімшарт жасалды. Келісімшарт негізіндегі 30 пайыздық алдын ала төлемдері екі мердігерге де жасалып, тиісті жұмыстар басталды. Аталған елді мекендердегі ауа райының қолайсыздығынан таза ауыз су беру мерзімі наурыз-сәуір айларына жоспарланып отыр. Қазіргі таңда жоғарыда айтқан елді мекендерге тұрмыстық қажеттілікке пайдалануға көлдің тұщы суы беріліп отыр. Ал ауыз су теміржол арқылы және су тасушы автокөлікпен тасымалданып жатыр», делінген әкімдік өкілі жолдаған жауапта.

Аудандық әкімдік жолдаған ресми жауапта Қылышбай ауылындағы жағдай да бақылауға алынғаны айтылыпты. Мұндағы мәселе де оңынан шешімін табатынына кепілдік берілген. Жоғарыда жазылған ауылдардың мәселесіне қара­ғанда қылышбайлықтардың жанайқайы­ның жедел шешімін табатынына расында күмән жоқ. Өйткені істен шыққан қондырғыны қалпына келтіру аса бір қиындық тудыра қоймасы анық.

Мойынқұмдағы Мыңарал ауылы, Мыңарал стансасы және Бурылбайтал, Мирный, Қияқты елді мекендерінде қоныстанған халықтың мәселесі жедел шешілсе, құба-құп. Әкімдіктің ресми жауабында ауыз су беру мерзімі бұл ауылдарда наурыз-сәуір айына жоспарланып отырғаны айтылыпты. Ол күн де алыс емес.

Шыны керек, ауыз су проблемасы кездесетін кейбір аудандардағы ауыл­дардың бірқатарында жоспарлы жұ­мыс ілгеріде-ақ жүргізілген. Алайда атқарылған жұмыстың сапасы көңіл көншітпейді деуге негіз де жоқ емес. Оған мысал да жеткілікті. Біраз ауылдағы мердігерлердің сапасыз атқар­ған жұмысы туралы мақалалар бас басылымда бірнеше рет жарияланды. Алдағы уақытта ауыз су құрылысы жүргізілетін ауылдардың жұмысына әкімдер сергек қараса дейміз. Қазынаның қаржысын сапа­сыз атқарылған жұмысқа қайта жұм­сағанша басқа да әлеуметтік мәселелерді оңынан шешкен жөн емес пе?

 

Жамбыл облысы