Елімізде ақша аудару жүйесі (ААЖ) арқылы халықаралық ақша аударымдарының көлемі айтарлықтай қысқарды. 2023 жылдың қаңтар-қазанында ААЖ арқылы шетелге жіберілген қаражат көлемі 806,9 млрд теңгені құрады, бұл былтырғы сәйкес кезеңдегіден 7,2 пайызға аз.
2022 жылдың қаңтар-қазанымен салыстырғанда шетелден түскен ақша көлемі 2,2 есе азайып, былтыр 10 айда 258,5 млрд теңгені құрады. Елдер бойынша 2023 жылдың қаңтар-қазанында елімізден жіберілген қаражаттың жартысынан көбі тек екі елге кетті – Өзбекстан мен Ресей: тиісінше 232,8 млрд теңге және 195,2 млрд теңге. Сондай-ақ Түркия (184,5 млрд теңге) мен Грузияға (76,7 млрд теңге) айтарлықтай ақша жіберілді.
ААЖ арқылы түскен қаражаттың үштен бірінен астамы Ресейден аударылған: 94,2 млрд теңге. Тағы үштен бірін Өзбекстан (28,5 млрд теңге), АҚШ (27,8 млрд теңге) және Оңтүстік Корея (27,4 млрд теңге) құрады.
Ақша аударымдары жүйелерінің ішінде шетелге жіберілген ақша аударымдарының ең көп көлемі «Золотая коронаға» тиесілі: 643,4 млрд теңге – 2022 жылдың қаңтар-қазанымен салыстырғанда 4,8 пайызға аз. Бұл ретте жүйенің үлесі 77,8 пайыздан 79,7 пайызға дейін өсті. Одан кейін – Contact (93,4 млрд теңге), Western Union (46,3 млрд теңге) және MoneyGram (13,1 млрд теңге). Басқа жүйелердің үлесіне 10,8 млрд теңге ғана тиесілі.
Шетелден түскен ақша аударымдарының көлемі бойынша да «Золотая корона» ААЖ арасында да көш бастап тұр: 130,8 млрд теңге – 2022 жылдың қаңтар-қазанымен салыстырғанда 3,1 есе аз. Жүйенің үлесі бір жылда 70,7 пайыздан бірден 50,6 пайызға дейін төмендепті. Одан кейін Western Union (57,6 млрд теңге), MoneyGram (32,4 млрд теңге) және Contact (11,9 млрд теңге) тұр. Басқа жүйелердің үлесіне 25,8 млрд теңге тиесілі.