• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қаржы 15 Қаңтар, 2024

Шетел валютасына сұраныс төмендеді

150 рет
көрсетілді

Ел тұрғындары арасында доллар мен еуроны таза сату былтырмен салыстырғанда төмендеген. 2023 жылдың қаңтар-қарашасында доллардың таза сатылымы 1,55 трлн теңгені құрады, бұл 2022 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,2 пайызға аз. Еуро көрсеткіші бір жылда 27,7 пайызға, 201,96 млрд теңгеге дейін төмендеді.

Өткен жылдың 11 айында айырбастау пункттерінің Ресей рублін таза сатуы мүлдем теріс мәнді көрсетті: минус 1,7 млрд теңге (яғни отандастарымыз рубль сатып алғаннан сатуды көбейткен). Былтыр көрсеткіш оң мәнде болып, бірден 275,06 млрд теңге болған. Оның есесіне ел тұрғындары қытай юаніне айтарлықтай қызығушылық таныта бастаған. 2023 жылғы қаңтар-қарашада айырбастау пункттерінің осы валютаны таза сатуы шамамен 1 млрд теңгені құрады – бұл былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 7,9 пайызға және коронадағдарыс алдындағы 2019 жылғыдан екі есе көп.

Өңірлер арасында доллар мен еуроны таза сатудың ең көп көлемі ірі мегаполистерде тіркелді. Мәселен, Алматыда доллар мен еуроның таза сатылымы 415,1 млрд және 82,6 млрд теңге, Шымкентте – 336,9 млрд және 38 млрд теңге, Астанада – 143 млрд және 28,3 млрд теңге болды. Бұл ретте еуропалық валютаны таза сатудың теріс көлемі тек Ақмола облысында ғана байқалды: минус 174 млн теңге.

Ресей рублінің оң таза сатылымы 20 өңірдің 12-де ғана байқалды. Ең көп көлем Шығыс Қазақстан (12,6 млрд теңге), Қарағанды (9,3 млрд теңге) және Ақмола (6,1 млрд теңге) облыстарына тиесілі. Таза сатылымның теріс мәні негізінен Алматы (-19 млрд теңге) және Астанада (-15,7 млрд теңге) тіркелді.

2023 жылдың қаңтар-қараша айларында қытай юанінің таза сатылымы ең көп Алматы (284,8 млн теңге), Астана (271,6 млн теңге) және Павлодар облысында (103,4 млн теңге) болды. Теріс мән Маңғыстау (-1,2 млн теңге) және Түркістан (-0,1 млн теңге) облыстарында ғана байқалды.

«2023 жылғы қарашадағы доллардың ресми бағамы орташа есеппен 463,56 теңгені құрады, бұл биыл қазандағы орташа деңгейден 2,7 пайызға, ал 2022 жылғы қарашадағыдан 0,05 пайызға ғана төмен. Қарашада еуроның орташа бағамы 500,13 теңгені құрады, бұл өткен аймен салыстырғанда 0,6 пайызға төмен, бірақ 2022 жылғы қарашамен салыстырғанда 6 пайызға жоғары. Ресей рублінің бағамы, керісінше, бір айда 4,5 пайызға өсіп, былтырғымен салыстырғанда 32,7 па­йызға төмендеді. Қытай юанінің ресми бағамы 2023 жылдың қарашасында 64,08 теңге болды – бір ай бұрынғыдан 1,8 пайызға, ал былтыр қарашадағыдан 0,7 пайызға төмен», деп мәлімдеді Finprom.