Елордалық еріктілер зейнеткерлердің ауласының қарын күреп, қолғабыс етті. Осылайша, жастар «Игі істер марафоны» дәстүрлі акциясын өткізіп жатыр. Игі істің басты мақсаты – халықтың әлеуметтік осал санаттарына, қарт адамдарға, мұқтаж жандарға барынша жәрдем беру.
Еріктілер Астананың барлық 5 ауданын қамтуды жоспарлап отыр. Жыл басынан бері қала бойынша 30-ға жуық жеке сектор ауласы қардан тазартылыпты. Оған қоса қоғам жанашырлары халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан отбасыларға азық-түлік себеттерін таратуды дәстүрге айналдырған. Егде жастағы азаматтарға отын жаруға да көмектесіп жүр.
«Жігіттер өте жақсы. Үйіліп және қатып қалған қарды тазалау бізге өте қиын. Осы жасымда оны жасай алмас едім. Аулаға шығуым мұңға айналып еді. Жастар келіп, жолымды қардан тазартып берді. Осындай тәрбиелі жастарымыз өсіп келе жатқанына қуанамын. Ауламның тазалығы ғана емес, еріктілердің позитивтілігі мен энергиясы да ұнайды», деді Алматы ауданының тұрғыны Лидия Логвинова.
Сондай-ақ белсенділер қытымыр қыста, күн-түн демей қалың қарды тазалап, қаладағы жол қозғалысының қолайлылығына сеп болып жүрген арнайы коммуналдық қызмет мамандарына ыстық шай да үлестірді.
«Игілігі мол дәстүр қала тұрғындарын әрдайым қуанышқа бөлейді. Аязды күні ыстық шай адамның бойына жылу беріп қана қоймай, жүрегінен жылуы төгіліп тұрған мейірімді жандардың бар екенін білдіреді. Негізі акция жыл бойы жалғасады. Іс-шараға «Астана жастары» жастар ресурстық орталығының жанында волонтерлер қозғалысын дамыту бөлімі жауапты. Бөлімнің негізгі міндеті – жастарды қаланың әлеуметтік өміріне тарту. Сондықтан волонтерлер тұрақты негізде волонтерлік қызметтің әртүрлі бағыттарына қатысады. «Астана жастары» ЖРО базасында төртінші жыл Волонтерлер жылы шеңберінде және 2021-2023 жылдары волонтерлікті дамытудың Жол картасын орындау шеңберінде волонтерлік ұйымдар мен қозғалыстарды шоғырландыруды ұйымдастыру, ақпараттық және ресурстық көмек көрсету, қалада іс-шараларды есепке алуды жүргізу, күш-жігерді біріктіру, дербес қозғалыстар санын ұлғайту үшін Қалалық волонтерлер штабы жұмыс істейді. Тұрақты негізде 30 волонтерлік ұйыммен және 20 бастамашыл топпен, 4 ҮЕҰ-мен мемлекеттік жастар саясатын іске асыру саласында, кәсіпорындар мен қала меценаттарымен ынтымақтастық және бірлескен қызмет жүргізіледі. Штабта 6 мыңнан астам белсенді волонтер бар», деді Астана қаласы әкімдігінің «Астана жастары» ЖРО» КММ-нің волонтерлер қозғалысын дамыту бөлімінің маманы Айзат Әли.
Айта кетейік, өткен жылы волонтерлікті дамытудың 2021-2023 жылдарға арналған Жол картасын іске асыру жұмыстары аяқталды. Нәтижесінде, волонтерлік ұйымдардың саны 3 есеге артты. Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметінше, волонтерлік инфрақұрылымды дамыту бағытында республикалық және 20 өңірлік фронт-офис жұмыс істейді. Сондай-ақ Qazvolunteer.kz онлайн платформасы іске қосылып, онда бүгінде 60 мыңнан аса белсенді волонтер тіркелген. 150-ден астам волонтерлік жоба және 700-ден аса волонтерлік бастама іске асты. Сондай-ақ азаматтарды волонтерлік қызметке қатысуға ынталандыруға бағытталған «Волонтерлік қызмет туралы» заңға түзетулер енгізілді.
Енді елімізде волонтерлікті дамыту мен қолдаудың 2024-2026 жылдарға арналған Жол картасы қабылданды. Құжатты әзірлеуге республиканың 20 өңірінен 500-ден аса адам қатысты. Бастама шеңберінде 200-ден астам ұсыныс түскен.