• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Мектеп 16 Қаңтар, 2024

Қос ауылдың қуанышы

118 рет
көрсетілді

Алматымен қанаттас Қарасай ауданында оқушы саны жыл сайын 6 мыңға артады екен. Оған демографиялық өсіммен қоса, ішкі миграцияның әсері зор. Мысалы, өткен жылы 11-сыныпты 2,5 мың бала тәмамдаса, биылғы оқу жылында бастауыш сыныпқа 8,5 мың бүлдіршін қабылданған. Бұл көрсеткіштер мектеп салу ісінің өзектілігін аңғартады.

– Әйтей ауылдық округіне қарасты Үштерек ауылында №2 орта мектеп ашылып, өз жұмысын бастады. №1 орта мектеп ауылдың ортасында орналасқан. Оның жобалық қуат­тылығы 300 орындық, әйтсе де қазіргі күнге дейін ол мектептегі оқушы са­ны 1 мыңнан асып, үш ауысымда оқы­тылып келді. Енді жаңа мектептің қолданысқа берілуіне байланысты 600 бала автоматты түрде жаңа ғимаратқа ауысып, үш ауысымдық білім беру мәселесі шешілді. №1 мектепте 600-ге жуық бала ауыл сыртындағы сая­жайлардан қатынап оқитын. Бұл мәселе де түбегейлі шешімін тауып отыр. Оған қоса осы маңайдағы 270 бала көршілес Тұрар ауылындағы мектепке баратын. Жаңа мектептің іске қосылуының нәтижесінде бұл мәселенің де күрмеуі тарқатылды, – деді Қарасай аудандық білім бөлімінің басшысы Әсел Еркінбаева.

Қарасай ауданында қазір 6 мектеп үш ауысыммен жұмыс істеп тұр. Аталған мәселені шешу мақсатында «Жайлы мектеп» жобасы аясында 10 мектептің құрылысы жоспарланған. Қазіргі күні 8 мектептің құрылысы басталды. Бұдан бөлек мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде «Асыл арман» тұрғын үй кешенінде 1 500 орындық және «Өмірзақ» тұрғын үй ке­шенінде 900 орынға арналған мек­теп құрылысы жүріп жатыр. Осы 10 мектеп пайдалануға берілсе үш ауы­сыммен оқыту мәселесі түбегейлі шешім таппақ.

Биылғы оқу жылында 600 орын­дық екі мектепке екі жапсаржай салынып қолданысқа берілсе, сондай-ақ Жармұхамбет ауылында іргесі қаланған 600 орындық, «Қарлығаш» шағын ауданынан 1 200 орындық жаңа мектептің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілген. Соның нәтиже­сінде оқу жылының басындағы үш ауысымдық 12 мектептің мәселесі екі есе азайған.

Халық саны 6 мыңға жуықтайтын Үштерек ауылындағы №2 орта мек­теп­тің ашылу салтанатында Қара­сай ауданы әкімінің орынбасары Рус­там Әмір­ғалиұлы тұрғындарды қуаны­шымен құттықтап, білім ордасынан оқуда озат, тәртіпті де тәрбиелі оқушы­лардың көптеп шығуына тілектестігін білдірді.

Заманауи үлгіде салынған жаңа мектепте оқушылардың толыққанды білім алуына, өнерге бейімделуіне барлық жағдай жасалған. Спорт зал, акт залы мен кең де жарық асхана талапқа сай қажетті құрылғылармен жабдықталғанына ата-аналар ризашы­лығын білдірді. «Немереміздің осындай сәулетті мектепте білім алатынына қуанып отырмыз. Қанша жылдан бері қашықтағы мектепке тасымалмен оқытудың әуресін көрдік. Енді міне, үйіміздің жанындағы жаңа мектепке бару бақыты бұйырды. Осының салынуына атсалысқан азаматтарға алғысымыз шексіз, немерелеріміздің білімді, өнерлі болып өсуіне үлесімізді қосамыз», деді қуанышын жасыра алмаған «Арай» саяжайының тұрғыны Дина Аязбайқызы.

Сондай-ақ дәл осы күні облысқа қарасты Ұйғыр ауданының Шонжы ауылында да үш қабатты 900 орындық мектеп бой көтергенін айта кетейік. Ж.Құ­дайбергенов атындағы орта мектеп­тің ашылу салтанатына Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев арнайы қатысып, ұстаздар қауымы мен оқушыларды, ата-аналарды қуанышты сәтпен құттықтады. Бұл күні пайдалануға берілген екі жаңа мектеп те қазақ тілінде сабақ беретінін ерекше атағымыз келеді.

 

Алматы облысы