• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Мектеп 16 Қаңтар, 2024

Қайтарылған қаржыға салынған мектеп

448 рет
көрсетілді

Талдықорған қаласының іргесіндегі Ынтымақ ауылында көптен күткен №30 мектептің есігі ашылды. Бұл білім ордасы жемқорлықтан тәркіленген қаражатқа салынған. 1200 балаға шақталған шаңырақ барлық талапқа сай, тіпті оқушының жеке шығармашылығымен айналысуына болады. Сан түрлі үйірме, спорттық секция маңайдағы ауыл балаларының қуанышын еселеді.

Күміс күлкісі сыңғырлаған жас өскіндер мен ғұмырын білім жолына арнап келе жатқан ұстаздар қауымы, ата-аналар қуанышты сәтке көзайым болып, мектептің ашылу салтанатын асқақ көңілмен өткерді. Жетісулық зиялы қауым, ел жақсылары мен шаһар тұрғындары қатысқан №30 орта мектептің ашылу салтанатында облыстық білім басқармасының басшысы Марат Сүлейменов Мемлекет басшысы өскелең ұрпақтың терең білім, тәлімді тәрбие алуына барлық жағдай жасауды міндеттегенін атап өтті. «Соған орай елімізде, соның ішінде өңірімізде білім саласын дамытуға барынша қолдау көрсетіліп келеді. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында облыста 7 мектеп, соның 3-і Талдықорған қаласында салынады. Сол сияқты өткен жылы 10 білім нысанының құрылысын аяқтау жоспарланған еді. Соның бірі – Ынтымақ ауылындағы бүгін есігін айқара ашып отырған 1200 орындық білім ордасы», деді М.Сүлейменов.

Бүгінде мектепке 661 оқушы қабылданды, 31 сынып кешені ашылды. Оның ішінде Өтенай ауылын­дағы №21 орта мектептен 13 сынып, 345 оқушы көшіп келген. Олар жетекшісімен жаңа мектепке бірге ауысып, оқушыларды тасымалдау мәселесі шешілді. Сонымен қатар педагогтерге 30 бос орын және 20 кіші қызметкерге конкурс жарияланып, қабылдау жүріп жатыр.

Ардагер ұстаз Минуар Баймол­данова да ізгі тілегін арнады. Келесі кезекте мектеп құрылысына жауапты мердігер компания «Гунн Строй Сервис» компаниясының бас директоры Сәбит Қалимолдаев жаңа нысанның кілтін мектеп директоры Сәуле Үсеноваға табыс етті. Ән асқақтап, би биленген іс-шара барысында мектеп лентасын облыстың бас ұстазы М.Сүлейменов пен ардагер ұстаз М.Баймолданова қиды.

Жаңадан ашылған мектеп заманауи талапқа сай жабдықталған. Оқушылардың сапалы білім алуына барлық мүмкіндік жасалған. Мектепте 50 орынды оқу залымен кітапхана, спорт зал, гимнастикалық зал, 405 орындық асхана, 390 орындық мәжіліс залы, физика, химия, биология жаңа модификациялық кабинеттері, 4 мультимедиялық кабинет, ұлдар мен қыздар шеберханалары бар. Сонымен қатар пән кабинеттерінің барлығы қажетті әдістемелік, техникалық құ­рал­мен жабдықталған.

 

Жетісу облысы