• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Тәрбие 17 Қаңтар, 2024

Тәрбиенің сиқы

343 рет
көрсетілді

Көптен ат ізін салмаған ауылға, түп нағашымызға бар­ғанбыз. Біраздан көріспегендіктен бе, құшағын жайып қарсы алып, қуанып қалды. Жаман тұмаудан кейін жүз­десу сиреп кетті ғой. Қала тұрмақ ауылда да дидарласа бермейді. Әдейі іздеп келген жиендерін қауқылдай қарсы алған нағашымыз шаруа жайын ыңғайлап бола бере асқа қараңдар деген мезірет білдірді.

– Қазір мал соямын, – деді ол.

Асығыстау болсақ та, үлкен кісінің сөзін далаға тастамайық деп қаңтарылдық. Әне-міне дегенше ас та дайын болған. Серке сойыпты. Ертеректе, ит басына іркіт төгілген заманда біздің ел ешкіні түлік санатына қоспайтын. Мал атаулының қадірсізі де ешкі еді. Егер қо­наққа ешкі етін асса, тұқымы жарымаған деп күстәналап отыратын. Жаз бойы жайылымда болған серкенің еті аппақ.

– Ас алыңдар, – дейді на­ғашым қайта-қайта. – Күзде ешкі еті дәмді болады, әбден піскен кезі ғой. Әнеугүні теле­дидардан естідім, ағзаға пай­далысы да осы ешкі екен. Қой жарықтықтың аузы жете бермейтін қияндағы шөпті, ағаш жапырағын теріп жейді емес пе?

Сірә, ешкі етін асқан айыбын жуып-шайғаны шығар деп тіс жарған жоқпыз. Бұрынғы ауылда ешкі атаулы көктемде қорадан шыққан соң қашан қоңыр күз келгенше қотанда жататын. Ешкім осы менің ешкім бар еді-ау деп басқа ұрып санап, іздемейтін. Ал­ғашқы қар жауғанда ғана қораға қамайтын. Ол тұста өсім­тал түлікті әжелеріміз тү­біті үшін ғана бақты.

Дастарқан басында отыр­ғандардың ешқайсысы мән­деткен жоқ. Біртүрлі тояттап отырған адамдар тәрізді. Нағашымның баласы Әбу ғана ет жеуден жарысқа қатысқан спорт­шы ұқсап ұмсынып отыр. Әбу жасы отызға жуық­тап қалған, екі иығына екі кісі мінгендей денелі жігіт. Нарттай жүзі алаулап, самайынан сорғалаған ащы тері омы­рауына құйылып, серкенің етімен алысып отыр.

– Ту, өздерің түк жеп жа­рыт­падыңдар ғой, – дейді на­ғашым. – Мына Әбуден бас­қаларың қайрат көрсете ал­мадыңдар. Әй, осы айналайын ғана атасына тартқан.

Атасын көрмесек те, аңызы жеткен. Біздің солтүстік өңірде жиын-тойда, құдалықта ет жеудің өзі кәдімгідей өнер саналатын. Егер қонақ күткен үйдің табағын бос қайтарса, сүйекке таңба. Ауыл үйдің адамдары құдалыққа Әбудің атасын алып барады екен. Ол кісі ұрпағы Әбудей емес, жұ­қалтаң ғана адам болыпты. Әйтсе де сынға түскенде қайраттанып кетеді екен. Тіпті бір қойдың етін жалғыз өзі жеп кеткен кездері де болған деседі. Жалғыз ет қана емес, қарынға сал­ған майды да алақанымен сы­ғымдап-сығымдап жұтып жібереді екен. Әбу – сол атасынан қалған көз.

Мана біз ат басын іріккенде үй іргесінде тау-теңіз болып аққайыңның кесінділері жат­қан. Ішімізге ел қонған соң на­ға­­­шымызды қажап жатырмыз.

– Қыс болса келіп қалды, анау отынды жармайсыңдар ма? – дейміз-дағы.

– Көрші ауылдағы жігіт­тердің қолдары тимей жатыр. Бірер күннен соң келеміз деген.

Серкенің етін жалғыз өзі жеген Әбу неге жармайды деп сұрағымыз келсе де, тіс жара қойғанымыз жоқ. Нағашымыз өзі айтты.

– Қара жұмыс адамды қа­жытып жібереді. Одан ­да ақ­шасын төлеп, жар­ғыз­ғанымыз жөн, – деп ақталды ол.

Қанша келіп жүрсек те, осы Әбудің шыбық басын сын­дырғанын көрмеппіз. Қазір бала­сын желге, күнге тигізбей үлпілд­етіп бағу көбейген. Қара жұ­мыс істеткісі келмейді. Бұ­рынғылар шаруа қамын ойлап жүріп қайыңның безіндей болып шынығушы еді. Елуі жабылып ешкі жыға алмайтын әлжуаз ұрпақ қайдан шығады дейсіз. Алдына азын-аулақ мал біткен нағашымыздың көзі тай­са, Әбудің көрген күні не бо­лар екен?