Алматыдағы Балалар жедел медициналық көмек көрсету орталығында ерекше әрі күрделі санаттағы хирургиялық операциялар жүргізілді. Осылайша, тоғыз бірдей бала кезегімен операция үстеліне жатқызылып, келешегіне кесірін тигізер кеселдерінен құтылды.
Тағдыр басқа салған соң, талай отбасы шетелде қымбат операция жасату үшін кейде қаражат жинауға көмек сұрап, шарасыздықтан қайырымдылық ұйымдарына жүгініп жататынын көріп жүрміз. Осы мәселеде қолы ұзын қайырымдылық қорларының септігімен елімізде халықаралық шеберлік дәрістерін өткізіп, гипоспадия (несеп-жыныс жүйесі кеселі) диагнозы қойылған балаларға бір мезетте операциялар жасауға шешім қабылданды.
Осынау операцияларды атқару үшін лондондық профессор Имран Муштак Алматыға арнайы шақыртылып, оған Астана, Алматы, Қарағанды мен көршілес Моңғолия, Өзбекстан, Тәжікстан елдерінен шеберліктерін шыңдауға келген балалар хирургтері көмектесті. Балалар шұғыл медициналық көмек көрсету орталығында балалар урологтеріне арналған шеберлік сабағы өтіп, балаларға несеп-жыныс жолдарына демонстрациялық реконструктивтік пластикалық операциялар жасалды. Әріптестерімен бірге кішкентай пациенттерге бірегей операцияларды жүргізген урологиялық хирургтердің бірі доктор Имран Муштак – Лондондағы шағын инвазивті урологиялық хирургияның бастауында тұрған әрі бүгінгі таңда Ұлыбританиядағы жетекші лапароскопиялық хирургтерінің қатарында.
«Гипоспадия синдромы жиі кездеседі, оны тек хирургиялық жолмен ғана емдеуге болады. Егер операция ерте бастан жасалмаса, баланың есеюі қиынға соғады, кіші дәретке баратын кезде қиналады. Осындай диагнозы бар жасөспірімдердің ересек өмірге өтуі оңай емес. Мұндай операция бірден нәтиже бермегенімен, баланың ортаға бейімделуіне жақсы жағдай тудырып, болашағына да әсер етеді», дейді профессор Имран Муштак.
Ал сауабы мол әлеуметтік жобаны сәтімен жүзеге асыруға «Мейірім» қоғамдық қоры ұйытқы болды.
«Алматы қаласы Балалар жедел медициналық жәрдем орталығында тамаша урология бөлімі, жоғары кәсіби дәрігерлер бар. Біздің міндетіміз Қазақстанға медициналық технологиялар әкелу болды. «Балаларға өмір сыйла» жобасы диагнозы Қазақстанда қазірге шипасы табылмаған балаларға көмек көрсетеді. Кейінгі жылдары шетелдік мамандар мен біздің ауруханалардағы қазақстандық дәрігерлердің қатысуымен осындай операцияларды жасауға күш салып жатырмыз. Бұл бізге медициналық технологияларды әкелуге ғана емес, ең бастысы осындай отбасыларға көмектесуге мүмкіндік береді. Өйткені бала шетелдік клиникаларға барғанда оның операция бөлмесі, жансақтау бөліміндегі емін, дәрі-дәрмек пен басқа да медициналық қызметтердің бәрін өзіміз төлейміз. Ал операцияны осында жасағанда, тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі аясында балалар біздің ауруханаларға жатқызылады, бұл емделу құнын айтарлықтай төмендетеді», деді «Мейірім» ерікті қоғамы» ҚҚ директоры Аружан Саин.
Айтқандай, операция жасалған ең кішісі 2,7 жасар, үлкені 16 жастағы науқастарды «Мейірім» ерікті қоғамымен бірге Алматы қаласы Балалар жедел медициналық көмек көрсету орталығының дәрігерлері таңдады. Қазір операция жасалған баланың бәрі палатаға ауыстырылған әрі жағдайлары да бірқалыпты.
«Операция кезінде пластикалық түзету әдісін қолдана отырып, тері ауыстырдық. Тері жамылғылары құлақтың артынан алынып, ұл балаларға зәр жолының анатомиялық дұрыс қалыбы жасалады. Біз еліміздің ешбір отандық ауруханасында жасалмаған операцияларды таңдадық, Қазақстанның әр өңірінен балалар алдырылды. Қазірге пациенттер орталықта, мамандардың бақылауында болады. Мұндай кезде науқас үшін операциядан кейінгі күтім, алғашқы оңалту мен динамикалық бақылау жүргізу өте маңызды. Алдағы күндері біз осымен айналысамыз», дейді Алматы Балалар жедел медициналық көмек көрсету орталығы урология бөлімінің меңгерушісі Азамат Раев.
АЛМАТЫ