Индонезия астанасында Жакартада жалауы желбіреген Азия чемпионаты өз мәресіне жетті. Сары құрлық додасында Александра Ле (винтовка) мен Никита Чирюкин (тапанша) Қазақстан құрамасына Париж олимпиадасының лицензиясын алып берді.
Ұлттық құрама жеңіп алған жүлде саны: 4 алтын, 5 күміс, 5 қола. Бас жүлде – Индонезия құрамасында. Жалпы, бүгінде мергендер еншісінде 5 жолдама бар.
Спортты дамыту дирекциясынан мәлім еткендей, аралас қарқында қозғалатын жылжымалы нысана көздеуде (10 метр) Фатима Ирназарова күміс жүлдегер атанды. Ол жарыста 361 ұпай жинап, тек Қатар спортшысына есе жіберді. Ал ерлер арасында Асадбек Назиркулиев тұғыр биігінің 2-сатысына көтерілді. Ол 377 ұпай жинап, өзінің жеке рекордын тіркеді. Командалық сында Андрей Худяков, Илья Зотеев пен Асадбек Назиркульев үштігі күміс медаль жеңіп алды.