• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Өнер 20 Қаңтар, 2024

Мәскеуден олжамен оралды

154 рет
көрсетілді

Жуырда Петропавл қаласы өнерпаз балаларының «Қарлығаш» хореографиялық ансамблі Ресей астанасында болған балалар мен жасөспірімдердің «Московское время» атты халықаралық фестиваліне қатысып, бірінші орын алып келді.

Конкурсқа барлығы 1,5 мыңдай өнерлі жастар қатысты, соның 21 біздің балалар еді. Фестиваль Мәскеудің «Космос» қонақүйінің үлкен концерттік залында болды. Әділ қазылардың қатарында Ю.Григорович атындағы конкурстың «Хореограф» номинациясы бойынша екі дүркін лауреаты, Н.Сац атындағы балалар музыкалық театрының қоюшы-режиссері Е.Барышникова, халықаралық деңгейдегі топ-педагогтардың бірі Д.Акименко сияқты білікті адамдар болды.

Ресейдің барлық өңірлерінен келген өнерпаз ұландар арасында «Қарлығаш» ансамблі Қазақстаннан жалғыз барып, «халықтың стильдік биі» номинациясы бойынша өнер көрсетті. Олар «Сұлу қыздар» және «Северные картинки» атты екі нөмір орындады.

Жеңімпаз ұландарды поездан Петропавл қаласының әкімі С.Мұхамедиев бастаған ресми адамдар, ұстаздар мен туыстары қуанышпен қарсы алды. «Балаларымыздың үлкен жеңіске жеткеніне қуаныштымыз. Олар бүкіл Қазақстанның атын шығарып, үлкен табыспен оралып отыр. Біз олардың болашақта да үлкен биіктерден көрінуін тілейміз», деді әкім өзінің сөзінде.

Ансамбльдің көркемдік жетекшісі Галина Жұмалиеваның қуанышы ерекше деуге болады. Ол қуаныштан толқып тұрып өзінің сезімін былай жеткізді: «Шынын айтқанда біз қатты толқыдық.  Ресейдің барлық өңірлерінен келген хореграфиялық ұжымдардың дайындығы өте күшті екен. Бәрі де жалындап тұрған жастар. Олардың арасында біздің ұжым мен үшін барынша қарапайым, салғырт болып көрінді. Бірақ сахнаға шыққанда біздің балалар ерледі. Өзіміздің ұлттық колоритімізді жарқылдатып, қазақ өнерінің отын лаулатып жіберді. Біздің балаларға бәрі де қатты риза болып, ұзақ уақыт қол соқты. Біздің биіміз фестивальдың үлкен жаңалығындай болды. Сондықтан да әділ қазылар бізге бірінші орын берді», деді ол.

«Қарлығаш» ансамблінің құрылғанына 50 жылдай уақыт болған. Ол бұған дейін де еліміздің және әлемдік бірнеше сахналарда өнер көрсеткен. Тек соңғы жылдары ғана Шымкент, Астана, Алматы сахналарынан көрінді. Ұжымның қазіргі хореографы Виктория Тихонькова бірнеше жылдардан бері жұмыс істейді. «Біздің ансамбль негізінен халық билерін орындауға маманданған. Репертуарымызда қазақ, орыс және басқа да халықтардың ұлттық билері бар. Біз Мәскеуге бірінші рет бардық, ондағы мамандардың еңбегімізді жоғары бағалағанына қуаныштымын», деді ол.  

Қарсы алушылар өнерпаздарға түрлі сыйлықтар, дипломдар мен кубоктар тапсырды. Мәскеу фестивалінде оларға Туапсе қаласында болатын фестивальға шақыру берілген. Сонымен бірге ансамбль осы жазда Санкт-Петербургте болатын фестивальға қатысудан үмітті.