Қызылордадағы Ә.Тәжібаев атындағы облыстық кітапханада мемлекет және қоғам қайраткері Қырымбек Көшербаевтың «Айналайын, Азаттық!» кітабының тұсаукесері өтті. Зиялы қауым өкілдері бас қосқан рәсімде облыстық кітапхана директоры, тарих ғылымдарының кандидаты Нұрлыбек Мыңжасов тірліктің ащысы мен тұщысы, бейнеті мен зейнеті баяндалған бұл туынды қайраткер өмірінің өнегелі сөзі екендігіне тоқталды.
Кітап мазмұнын саралаған облыстық мәслихат төрағасы, тарих ғылымдарының кандидаты Наурызбай Байқадамов елге қалтқысыз қызмет етудің үлгісін көрсеткен қайраткер кітабының қоғамдағы маңызын атап өтті.
– Ел алдындағы қызметтің басты шарты – өткеннің өнегесін ұмытпау. Ғұмыры ел тәуелсіздігімен қатар өрбіп, бес салаға министр, үш өңірге әкім, Ресей мемлекетінде елші, Президент Әкімшілігінің басшысы қызметтерін атқарған Қырымбек Елеуұлын қазақтың қабырғалы қайраткеріне айналдырған да осы ұстаным. Отбасындағы тәрбиені тұғыр етіп, биік төрден елдің сөзін сөйлеген тұлғаның айтар ойы біз үшін құнды, – деді Наурызбай Байқадамов.
Саяси ғылымдар докторы, қоғам қайраткері Мұрат Бақтиярұлы кітап мазмұны жөнінде айта келіп, тәуелсіз ел тарихында орны бар тұлғаның өзін ел қызметіне баулыған ұстаздарына деген құрметіне тәнті екендігін жеткізді.
– Осыдан біраз бұрын Қырымбек Елеуұлының «Құндылықтар құлдырамасын» деген туындысын тұшына оқығанымыз есте. Бүгін қолымызға тиіп отырған кітап соның заңды жалғасы іспетті. Әсіресе мен үшін бұл кітапта автордың өзінің ұстаздарына, руханият саласындағы ұлт зиялыларына деген пікірлері қызықты, – деді ғалым.
Жиында баспа жүзін көргеніне көп уақыт өтпеген кітап туралы пікір білдірген Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің ректоры Бейбіткүл Кәрімова «Айналайын, Азаттық!» естелік-эссесі – қазақ мемуаристика жанрына қосылған сүбелі үлес екендігіне тоқталды.
– Әлемде мемлекет басқарған кісілердің, саясаткерлердің, белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлерінің естелік жазуы – қалыпты үрдіс. Мұндай дәстүр біздің елде де бар. Қазақстанды ұзақ жылдар басқарған Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың «Ақиқаттан аттауға болмайды», «Өтті дәурен осылай» атты ғұмырнамалық кітабы, белгілі тұлғалар Исатай Әбдікәрімовтің «Көп екен көргенімнен көрмегенім», Асанбай Асқаровтың «Тағдыр» атты еңбектері ел тарихының елеулі кезеңдерінен сыр шертеді. Мемлекет және қоғам қайраткері Қырымбек Көшербаевтың қолымызға тиіп отырған «Айналайын, Азаттық!» кітабы да – ғибратты, тағылымды, өнегесі мол туынды – деді Бейбіткүл Сәрсемханқызы.
Жиын соңында Көшербаевтар әулеті атынан Қызылорда қаласы, Арал, Қазалы және Сырдария аудандарының Құрметті азаматы Айтбай Көшербаев тұсаукесер рәсімін ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.
Қызылорда