Қарағандыда қаңтардың 21-і күні таңертеңгі уақытта автокөлік жүргізушісі жол-көлік оқиғасына себепкер болған, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Лада Приора» көлігінің 31 жастағы жүргізушісі Саран тасжолымен Костенко шахтасы жағынан «Тойота орталығына» қарай келе жатып, реттелетін теміржол өткелінде жабық шлагбаумды айналып өтіп, тепловоз жүріп бара жатқан теміржол өткеліне шығып кеткен. Апат салдарынан автокөліктің екі жолаушысы оқиға орнында қайтыс болды. Автокөліктің жүргізушісі және тағы үш жолаушы медициналық мекемеге жеткізілді», деп мәлімдеді облыстың ПД баспасөз қызметі.
Аталған іс бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Тепловоздың бейнебақылау камераларының жазбалары алынған. Сараптамалар тағайындалды.