Таулы өңірдің қысы алты айға созылады. Жаз жай шығып, күз түсісімен от жағу машақаты басталады. Мұндайда отын-су әзірлеудің әуресі аз емес. Әсіресе сырттан жеткізілетін көмір бағасының қымбатшылығы қалта жұқартады. Сондықтан ала жаздайғы тапқан-таянғанын жемшөп, отын-су даярлауға жұмсайтын жұртқа «Ойқарағай» көмірінен қолжетімдісі жоқ. Ошақтың отын өшірмей, қоздап жата беретін бұл көмірді тұтынатын өңір тұрғындары отын жарып, тезек теріп көп әуре-сарсаңға түспейді.
Аспантау аясындағы «Ойқарағай» кен орны Алматы қаласынан шығысқа қарай 440 шақырым жерде, Қытаймен шекаралас, Кетпен тауының биік қыраттарында, теңіз деңгейінен 3500 метр биіктікте, Алматы облысының Райымбек ауданында орналасқан. Өңірдегі жалғыз өндіріс орнының негізгі бағыты – қоңыр көмір өндіру. Кен орны 2000 жылдан бері жұмыс жүргізіп келеді.
Заманның қиын-қыстау шағында жұмыс бастаған көмір өндіруші «Бүркіт» отын-энергетикалық компаниясының көздеген мақсат-мүддесі – қысы қатал әрі ұзаққа созылатын таулы аймақтағы ауыл тұрғындарын қатты отынмен қамтамасыз ету.
«Біз алғаш жұмыс бастаған жылдар тоқырауға тұспа-тұс келді. Қазақстанда қазіргідей кен өндірісіне қажетті ауыр техникалар мен құрал-жабдықтар, қосалқы бөлшектер жоқтың қасы еді. Сол себепті серіктестікті аяғынан тұрғызуда бірталай тәуекелдерге бардық. Бүлінген, ескі техникаларды жөндеп, қалыпқа келтіріп, іске жараттық. Өңірдегі жалғыз кен орнына қажетті маман тапшы болғандықтан, Қарағанды, Кентау, Жаңатас, Жітіқарадан арнайы мамандарды жұмысқа шақырдық. Кен орнын меңгеру өзім үшін де көп ізденуді, оқуды, тәжірибе жинауды талап етті», дейді «Бүркіт» отын-энергетикалық компаниясының басшысы Ләззат Ботабекова.
Тарихы тереңнен басталатын Қазақстанның көмір өнеркәсібі – мемлекет экономикасындағы ірі салалардың бірі. Соған сай көмір өндіретін кеніштердің де жұмысы жыл өткен сайын жанданып, жеке кен орындары көптеп ашылып жатыр. Дерек көздеріне сүйенсек, елімізде 200-ден астам көмір кен орны бар екен. Ендеше, қара алтынға бағаланатын ел байлығын халықтың игілігіне жаратуда жарғақ құлағы жастыққа тимейтін Ләззат Қайсарқызының көмір өндіру ісін ілгерілетуде табандылық пен қайсарлық танытып келе жатқан бірегей әйел басшы екенін ескеру артықтық етпес.
Жауапкершілігі зор әрі қауіпті де ауыр жұмысты басқару ісін қолға алған ширек ғасыр ішінде қиындыққа мойымай, мақсатқа жету жолында шүмектете тер төккен нәзік жанды басшы бірталай белесті артқа қалдырып, бүгінде еселі еңбектің арқасында таулы ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына, өркендеуіне өзіндік септігін тигізіп келеді.
«Ойқарағай» – әлеуметтік сипаты бар кен орны. Себебі тұтынушыларымыз – ауылдық ауруханалар мен дәрігерлік амбулаториялар, мемлекеттік мекемелер, білім ошақтары мен мәдениет нысандары және аудан тұрғындары. Қазіргі уақытта Райымбек ауданында үлкен кәсіпорындар жоқ. Ең жақын теміржол кен орнынан 440 шақырым жерде орналасқан», деген Ләззат Қайсарқызы түпкілікті тұтынушыларға сатылатын өзіндік құнын анықтап, компанияның барлық шығыны есептеліп барып көмірдің бағасы бекітілетіндігін тілге тиек етті.
Осы күні көмірдің 1 тоннасы қосымша құн салығын қосқанда 8500 теңгеден сатылып жатыр. Кейінгі екі жылда «Ойқарағай» кен орны 40 мың тонна көмір өндірген.
Кен орнында көмір сату мерзімі жылдың қазан айынан наурыз айына дейін жалғасады. Қалған жеті айда көмірдің бетін аршу жұмыстары мен от жағатын маусымға дайындық жұмыстары жүргізіледі. Сөйтіп, кен орнындағы тіршілік дамыл таппай, жыл он екі ай жалғасады.
Көмірдің бетін аршу үшін 200 мың тонна шамасында топырақ – тау жынысы шығарылып, төгіледі. Көмір бетін аршудың орташа коэффициенті – 5, кен орнының тереңдігі 80 метрге жуықтайды. Табанды іс-қимылдың нәтижесінде өңірдегі тұтынушылар үшін көмір тапшылығы туындаған емес.
Өндірілген өнімді сатып, пайда табуды ғана көздемейтін жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің пейілі кең басшысы Ләззат Ботабекова әлеуметтік тұрмыс жағдайы төмен отбасыларға қыстан қысылмай шығуы үшін қолұшын беруді өзінің азаматтық борышы деп біледі. Биыл Райымбек ауданындағы аз қамтылған отбасыларға компания есебінен – 250 тонна, ал Кеген ауданына 100 тонна көмірді тегін үлестіруі – осы ойымыздың дәлелі.
Бұдан бөлек Райымбек ауданынан оқуға ынталы екі жасқа қаржылай көмек көрсетудің нәтижесінде бүгінде олар студент атанып, Қ.Сәтбаев атындағы ұлттық техникалық университеттің ақылы бөлімінде білім алып жатыр. 2014 жылдан бері компания есебінен 10 студент оқытылып, қалаған мамандықтарын меңгеріп шыққан. Сонымен қатар мемлекеттік мерекелерде де шет қалмай, көпбалалы аналар мен ардагерлерге сый-сияпат жасауда алдына жан салмайтын атымтай жомарттығын жұрт жоғары бағалайды.
«Көмір кенішінде техникалық мамандар жетіспейді. Атап айтсақ, шынжыртабан трактор, ауыр жүк машиналары мен экскаватор жүргізушілеріне зәруміз. Бұл мамандық иелеріне аудан бойынша сұраныс жоқ емес. «Ойқарағай» кенінде 35 адам еңбек етеді. Олардың алды осы компаниямен бірге жасасып келеді. Арамызда зейнет жасына жақындап қалған жандар да бар. Табандылық танытып келе жатқан экскаватор жүргізушісі Василий Иващенко, бас механик Борис Нивниковтың еңбек еткендеріне 20 жылдан асты. Сондай-ақ көмір тиеуші Қаһарман Ахметов, разрез басшысы Болат Білдебеков, есепшілер Жәмилә Жанұзақова, Валентина Игілікова, кадр бөлімінің басшысы Дина Ібітанова, аспаз Қарлығаш Смағұлова, таразы басында тұратын Айым Оралқұлова сынды өз ісінің білгірлері өндірісті өркендетуге өлшеусіз үлес қосуда. Мұндағы еңбек адамдарына барлық жағдай жасалған. Олар жайлы жатақхана, кең асханамен қамтамасыз етілген. Үш уақыт ыстық тамақ беріледі. Ауыр еңбектен кейін ыстық моншаға түседі. Техникалық қауіпсіздік шарттары басты назарға алынып, жыл мезгілдеріне сай арнайы қорғаныс киімдерімен қамтылған. Жұмыскерлерді жылына екі рет дәрігерлік тексерістен өткізіп, әрбірінің денсаулығына жіті көңіл бөлінеді. Жалпы, кен орнының техникалық жабдықтары, өнеркәсіптік базасы, барлығы белгіленген стандарттарға сәйкес Қытай, Корей және Жапонияның озық техникаларымен қамтамасыз етілгендігін баса айтқым келеді», дейді іскер басшы Ләззат Ботабекова.
Көмір өндіруде жер қойнауының ластануына жол бермеу шараларын орындауды, жоспарланған іс-әрекеттердің қоршаған табиғи ортаға тигізетін әсерін бағалау және мемлекеттік табиғат қорғау міндеттері уақтылы жасалуды қатаң талап етеді. Бұл орайда «Бүркіт» отын-энергетикалық компаниясы «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану» заңдарына сәйкес еңбек ырғағын қалыптастыруда. Сондай-ақ ғылыммен байланыс орнатуға баса көңіл бөлініп, кен орнына ғылыми зерттеу жұмыстары үздіксіз жүргізіледі.
Сапалы көмірге сұраныс артқан. Райымбек пен Кеген аудандарына таратылатын «Ойқарағай» көмірі енді Еңбекшіқазақ, Ұйғыр аудандары мен Жетісу облысының Панфилов ауданына там-тұмдап болса да тасымалдана бастағаны қуантады. Сондай-ақ Шымкент пен Сарыағаш, тіпті Өзбекстаннан да сұраныс барын мысал еткен Ләззат Қайсарқызы кен орнында геологиялық барлау-өндіру, қорыту, маркшейдерлік, инженерлік жұмыстардың кідіріссіз атқарылатындығын әңгімеге арқау етті.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап айтқандай, «Еңбек деген – қасиетті ұғым». Жетістік атаулы еңбекпен ғана келеді. Осы өңірде туып-өстік. Өндірістің өркендеуіне қарлығаштың қанатымен су сепкендей болса да үлес қосуға бар күш-қуатымызды жұмылдырудамыз. Туған жердің дамуына әр перзент хал-қадерінше еңбек сіңірсе, бағындырмайтын белес жоқ. Өздеріңізге мәлім, Райымбек ауданы Қытай елімен шекаралас. Біздің кен орнынан таяқ тастам жерде жатыр. Бір өкініштісі, өңірде шешімін күткен мәселелер де аз емес. Электр желілерінің бағандары әбден тозған. Жел тұрса жарық жиі сөніп, жұмысқа кері әсерін тигізеді. Ауданға цифрландыру жүйесі әлі күнгі енгізілмеген. POS-терминалдар жоқ. Ұялы байланыс операторлары дұрыс жұмыс істемейді. Салдарынан интернет қолжетімсіз. Мұның барлығы ауыл халқының әлеуметтік мәселелерінің қордалануына әкеледі», деген кен орнының басшысы Ләззат Қайсарқызы алдағы жылы да өндіріс қуаттылығын кемітпей, ауыл жұртына жылу сыйлауды мақсат етіп отыр. Оған қоса техникалар мен жұмысшылар жатақханасына жөндеу жұмыстарын жүргізу де биылғы жылдың басты жоспарына енгендігін атап айтты.
Ауыр кәсіптің тұтқасын ұстаған Ләззат Ботабекованың аудан экономикасының дамуына қосқан еңбегі еленіп, Алматы облысы әкімінің Құрмет грамотасымен, түрлі дәрежедегі Алғысхаттар, Мақтау қағаздарымен марапатталған. Райымбек ауданының Құрметті азаматы атанған.
2019 жылы Президент Жарлығымен «Ерен еңбегі үшін» төсбелгісін кеудесіне жарқырата тақты. Еселі еңбек ете жүріп, өмірлік серігі, кәсіпкер Тоқан Көкенұлымен баянды ғұмыр кешіп, балаларын аяқтандырып, немере сүйгендеріне шүкіршілік етеді. Әр ошақтың отын маздатып, шаңыраққа жылу сыйлап жүрген аяулы жанға көптің құрметі айрықша.
Алматы облысы