• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Ауыл 22 Қаңтар, 2024

Таң ауылы таңдай қақтырады

203 рет
көрсетілді

Қызылорда қаласына жақын Н.Ілиясов ауылындағы әдемі алаң мен әсем ғимараттарды, ішінен іздегеніңіз табылатын ірі сауда орталығын, жаз аптабында жұрт саялайтын аллея мен субұрқақтарды кейбір аудан орталықтарынан кезіктірмейтініңіз анық. Жалағаш ауданында Таң атты ауыл бар. Көп ауылдағыдай емес Таңда жастар қатары қалың. Егін де егіп, мал да бағатын берекелі ауылдан қалаға қа­рай ағылатындар аз. Басты дақыл – күріш­пен қатар бақша дақылдарын да салатын ауылдың экономикалық әлеуеті мықты, кәсіпкерлік, құрылыс салалары айтарлықтай дамыған.

Ауылға соңғы 5 жылда 2,4 млрд теңге қаражат қаралыпты. Осы ақшаның 1,3 млрд теңгесі мемлекетке қол жаймай, туған топырағын түлеткен меценат, Қазақстанның Еңбек ері Имамзада Ша­ғыр­таевтың демеушілігі есебінен бө­лінген. Тұрғындарды тұрақты жұмыс­пен қамтып келе жатқан кәсіпкер азаматтарды игілікке жұмылдырып, ауылын ажарландырып отыр.

Елді мекендегі 120 орындық «Таң бөбегі» балабақшасы, спорт кешені, ауылға кіретін жол бойындағы жарық шамдар, бүгінде өнім шығарып жатқан ет өңдеу цехы – осы «Таң LTD» компаниясының тартуы. Он үш жылдан бері үздік нәтиже көрсеткен диқандар мен механизаторларға бірнеше автокөлік, 300 млн теңге қаржы­лай сыйақы берген шаруашылық та осы. Ауылдың 250-ден астам адамын жұмыспен қамтыған серіктестік әкімдікпен бірлесіп тұрғындардың бау-бақша егуі үшін 60 гектар жер үлестірген.

Өткен жылы Таң ауылындағы бірқатар әлеуметтік нысандар мен автомобиль жолдарын жөндеуге жоба-сметалық құ­жаттар әзірленіп, бюджет есебінен қаржыландыруға ұсынылыпты. Биыл 4 жобаға облыстық бюджеттен 813,9 млн теңге бөлінген. Мәдениет үйін күрделі жөндеудің жоба-сметалық құжаттамасы мен эскиздік жобасын әзірлеуге Алматы, Түркістан қалаларынан тәжірибелі сәу­летші мамандар қатысып отыр. Жоба құны – 377,4 млн теңге. Жариялаған мем­лекеттік сатып алу конкурсының жеңімпазы жуырда анық­талады.

Ауыл тірлігін түлете түсу үшін «Таң-Жаңақоныс» автомобиль жолын қай­­та жаңғыртуға – 287,6 млн, «Таң-Самұрат» автомобиль жолын қайта жаң­ғыртуға – 118,8 млн, қосымша су көтеру ұңғымасын қайта қазуға 30 млн теңге бөлінген. Бұл жобалардың мемлекеттік сатып алу рәсімдері жүргізілу үстінде. Ауылға кіреберістегі «Бозарық» кана­лы көпірін қайта жаңғыртуға және 4 кө­ше­­ні жарықтандыруға жоба-сметалық құ­жаттама әзірленіп, бюджеттік өтінім жолданыпты. Ішкі көшелерді жөндеу жұмыстары аудандық бюджет есебінен іске асырылатын болады. Қазіргі елді ме­кендерде бейберекет салынған құры­лыстар жоқтың қасы деуге болады. Ауыл­дан түсетін өндірістік ғимараттар мен «Таң LTD» ЖШС демеушілігімен салынатын жаңа тұрғын үйлердің орындары белгіленіп, эскиздік жобаға енгізіліп қойды.

Өңірде «Ауылдық аумақтарды дамы­ту­дың 2023-2027 жылдарға арнал­ған тұжырымдамасы» аясында елді ме­кен­дер­дің алдағы жоспары, өркендеу мүм­кіндіктері қарастырылып отыр. Былтыр ауыл игілігіне мемлекеттік бюджеттен 18 млрд теңге жұмсалған. «Ауыл – ел бесігі» аясында 47 елді мекенде 216 жобаны жүзеге асыруға 12 млрд 400 млн теңге бөлінген. Биыл осы бағдарлама шеңберінде 11 млрд теңгенің 67 жобасы межеленіп отыр.

«Ауыл аманаты» бағдарламасы бо­йынша 3 млрд теңгенің 404 жобасы жүзеге асты. Осы жылы 6 млрд теңгенің 800-ден астам жобасы іске асырылмақ. Жуырда өткен ауылды дамыту жолдары пысықталған мәжілісте облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев өткен жылдан бас­тап «Үлгілі елді мекен» жобасы аясында жеңімпаз 12 елді мекенге заманауи үлгідегі 29 арнайы техника берілгенін атап өтті. Былтыр 12 ауылдық елді мекенге газ кіргізіліп, осы күні өңірде «көгілдір отын» игілігін көріп отыр­ған ауыл саны 34-ке жетті. Биыл 4 млрд теңгеге тағы 12 елді мекенге газ тар­тылады.

 

Қызылорда облысы