• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
Білім 24 Қаңтар, 2024

«Қазақ әдебиеті» оқулығының ерекшелігі

128 рет
көрсетілді

Қазір мектеп оқулықтарының сапасын жақсарту, мектеп оқушыла­рын көркем шығармалармен қамтамасыз ету, оқулықтарды сараптау және оқу үдерісіне енгізу барысында Оқу-ағарту министрлігі тарапынан көптеген жұмыс іске асырылып жатыр.

Бәсекеге қабілетті болу үшін жастарымыз білімді болуы керек. Өскелең ұрпақ білімнің іргетасын мектепте қалайтындықтан, мектеп оқулықтарының сапасы қоғамда өзекті мәселеге айналды. Мектепте оқытылатын пәндерге, соның ішінде тәрбиелік, танымдық, эстетикалық байлықты көркемсөз арқылы беретін «Қазақ әдебиеті» пәніне деген оқушылардың құш­тар­лығын арттыруымыз керек. Бұл – мемлекет пен министрліктің, не болмаса оқулық авторлары мен мұғалімдердің ғана емес, ұлт бола­шағына алаңдайтын, келешекке сенім артатын баршамыздың міндетіміз.

Әлемдік деңгейдегі озық жаңа­лық­тардың алдымен оқу-білім саласын қамтитыны белгілі. Сондықтан қазір еліміздегі орта және жоғары мектептер Блум таксономиясы ­бо­йынша оқытылып, PISA (Programme for International Student Assessment), TIMSS сияқты оқушылардың функ­цио­налдық сауаттылығын тексеру мен бағалаудың халықаралық бағ­дарламасына енді. Бұлар – оқу­шы­лардың қабілетін тексеру мен бағалаудың үздік бағдар­ламасы ретін­де танымал. Осы бағдарламалар бойынша мектеп мұғалімдері кейінгі жыл­дары деңгейлеп оқыту мен жаңар­тылған білім мазмұнын игеру үшін біршама семинарға қаты­сып, білім­ін жетілдірді, біліктілігін арттырды.

Жалпы білім беретін мектептерге арналған жаңартылған білім беру бағдарламасының мақсаты – «азамат ретінде көзқарастарын қалыптастыруда және мінез ерек­шеліктері мен құнды­лық­тарын, жеке дағдыларын дамытуда, адамзатқа ортақ сұрақтарды зерт­теуде әде­биеттің маңыздылығын айқындай білуді және түсінуді үйрету. Пән мазмұнында әдебиеттің тарихпен, мәдениетпен, қоғаммен, тәрбиемен сабақтастықта мең­гертілуі оқушының дүние­танымын, адамгершілік қасиет­терін қалыптастыруға оң ықпал етеді», деп көрсетілген. Көріп отыр­ғанымыздай, бағдар­ла­­маның мақсаты айқын. Осы бағдарламаға сүйене жазылған «Мектеп» баспасынан жарық көрген 5-9-сыныптарға және 10-11-сыныптардың қоғамдық-гуманитарлық және жаратылыс­тану-математика бағыттарына арналған «Қазақ әдебиеті» оқу­лықтарында оқушылардың шы­ғармашылық жұмыспен айна­лысуына мол мүмкіндік қарас­ты­рылған. Оқулықтың негізгі мақсатын толыққанды түсінген мұға­лімдер жетістіктерге қол жеткізіп отыр. Оқушылардың шығар­­машылық жұмыстарын арттыру мақ­са­тында барлық сыныптың оқулық­та­рында жеткілікті дәрежеде тапсырмалар берілген. Атап айтатын болсақ, 6-сыныпқа арналған «Қазақ әдебиеті» оқулығында аңдатпа, тірек сөздер, суреттер, кес­телер және тапсырмалар сауатты түрде бағдарламаға сай жасалған. Сонымен бірге «Зерттедік!», «Артық болмас білгенің», «Сөз сыры», «Шығармашылық зертхана», «Жас ғылымға көмек» айдарлары мен кері байланыс түрлері кездеседі. Осы үрдіс аталған бас­па оқулықтарының барлығында дерлік мұқият сақталған. Осылардың барлығы пән мұғалімдерінің жұмыстарын едәуір жеңілдететіні белгілі. Оқулықта берілген тапсырмаларды дамыта оқыту, жаңа әдіс-тәсілдермен түрлендіре жеткізу ұстаздардың шеберлігін талап етеді. Осы тұрғыдан қарағанда, мектеп мұғалімдері үнемі ізденіс үстінде жүргені абзал.

«Мектеп» баспасында жарық көрген оқулықтардың барлығы электронды форматқа көшірілген. Бұл электронды оқу­лықтар интерактивті тапсырмалармен, аудиоматериалдармен, бейнематериалдармен, мультимедиа­лармен толықтырылып, ағымдағы оқулықтар сияқты сараптамадан өтіп, қазір мектептерде қолданылып келеді. Бұл сатылы сараптамаларды ұйымдастыруда рес­пуб­ликалық «Оқулық» ғылыми-прак­ти­калық орталығы жемісті жұмыс істеп жатыр. Өздеріңіз байқағандай кейінгі жыл­дары оқулықтардың сапасына айтылатын сын да азайды.

«Қазақ әдебиеті» оқулығына қатысты айтылатын келесі мәселе – әдебиеттің тарихы туралы. Бұған дейін ұлттық әдебиеттің тарихы хронологиялық жүйемен оқытылғаны белгілі. Қазір қолданыстағы оқулықта осы жүйе тоқсан бо­йынша жүзеге асады. Атап айтсақ, 5-9-сынып ара­лығындағы І тоқсанда ауыз әдебиеті, ежелгі дәуір, орта ғасырлар, хандық дәуір әдебиетінің үлгілері оқытылады. ІІ тоқ­санда – жыраулар поэзия­сы мен ХІХ ғасыр әдебиеті, ІІІ тоқсанда – ХХ ғасыр әдебиеті, ІV тоқсанда – қазіргі қазақ әдебиеті, яғни тәуелсіздік тұсындағы әдебиет қамтылған. Осылайша, мектеп оқу­шылары әдебиеттің арғы-бергі тарихынан түгелдей хабардар болады. Мәселен, 5-сынып­тың І тоқсанында «Керқұла атты Кенде­бай» ертегісін, «Қобыланды батыр» жырын, «Асан қайғының жерге айтқан сыны» аңызын оқыған бала 6-сыныптың І тоқ­санында «Аяз би» ертегісімен, «Алып Ер Тұңға» жырымен танысады. Осы үлгі бо­йынша бір сыныптан екінші сы­ныпқа өткенде төменгі сыныптағы білім­дерін толықтырып, жетілдіріп отырады. Оқулықтарда көптеген ақын-жазу­шы­ның шығармашылығы қам­тыл­ма­ға­нымен, әр дәуірдің көрнекті өкілдері арқы­лы ұлттық әдебиеттің тұтас тарихын сақтау көзделген.

Қолданыстағы «Қазақ әдебиеті» оқу­лық­­­­тарының келесі жетістігі – жалпы­адам­­­заттық және ұлттық құндылықтарға ерек­ше көңіл ауда­рылуы болып отыр. Кеңестік дәуір тұ­сын­да тарихымызды Қазан төң­ке­рісінен бас­­тасақ, қазіргі таңда сақ, ғұн дәуірінен бас­­тау алатын тари­хымызды түгендеуге мү­м­­кіндік туды. Сол арқылы сан ғасырлар бойы қалыптасқан Ұлы даланы мекен еткен көшпелілер өркениетін оқытуға бет бұр­дық.

Тағы бір көңіл бөлетін мәселе – оқу­лықтардағы пәнішілік, пәнаралық бай­ланыс. Бұл үрдіс ХХ ғасырдың ба­сын­дағы Алаш арыстарының мектепке арнап шығарған оқулықта­рында да негізге алынған. Оған жас ұрпақты жаңаша тәрбиелеу, жаңаша білім беру мақсатындағы А.Байтұрсынұлы, Ж.Аймауытұлы, М.Жұмабаев, Х.Дос­мұ­хамедұлы, Е.Омарұлы, Н.Төреқұлұлы, М.Дулатұлы, С.Қожанұлы, Ә.Ермеков, Ф.Ға­лым­­жанов, Б.Сәрсенов, И.Тұрғанбаев, Қ.Кемең­герұлы, Т.Шонанұлы т.б. зиялылардың оқу құралдарынан мысал келтіруге болады. Оқу-ағарту саласында Алаш арыстары қалыптастырған жаңашылдықтың ХХІ ғасырда заңды жалғасын табуы – құптарлық дүние.

«Қазақ әдебиеті» оқулығы, хрестоматия, әдістемелік нұс­қаулықтарда әдебиеттің тарихымен бірге теориясынан да біршама мағлұмат берілген. Осылайша, оқулық кешенінде орта мектепті бітірген оқу­шылар ұлттық әдебиеттегі жанр­­ларды түгелдей игеріп, толық мағлұмат алып, қазіргі әдеби үдерісті бағалай білетін, өзіндік сыни пікірін білдіруге қабілетті, алған білімін өмірлік тәжірибемен ұштастыра алатын сауатты болып­ шығуы көзделген. «Қазақ әдебиеті» пәнінен алған білім – оқушының өміріне азық. Сондықтан оның іргетасын мектепте берік етіп қалаған жөн.

 

Гүлжаһан ОРДА,

филология ғылымдарының докторы, профессор, мектеп оқулығының авторы