Мысырдың Гиза қаласында қаңтардың 23-28 күндері аралығында өткен пара үстел теннисінен Fa40 ашық чемпионатында отандастарымыз 1 күміс және 1 қола медаль жеңіп алды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің мәліметінше, жарыста аралас жұп разряды бойынша Талғат Эрекеев пен Алтынай Ержанқызы күміс медальға қол жеткізді. Ал жұптық разрядтағы сайыста Али Махулбеков пен Талғат Эрекеев қола жүлде иеленді.
Дене мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларға арналған спорттық даярлау орталығының пара үстел теннисінен команда басшысы Ерлан Досмаиловтың айтуынша аталған жарыс – Париж-2024 Паралимпиадасына қатысу үшін өткен рейтингтік жарыстардың бірі.
«Пара үстел теннисінде рейтингтерге ұпайлар Fa20 және Fa40 жарыстарында беріледі. Fа40-тың ерекшелігі рейтингке жоғары ұпайлар беріледі және жарысқа тек Fa20-да сайысқан спортшылар ғана қатыса алады. Жалпы жыл көлемінде Fa40 жарыстары 5 рет өтсе, Fa20 шамамен 20-25 рет өтеді. Жуырда наурыз айында Астанада тұңғыш рет рейтингтік Fа20 ашық чемпионаты өтетін болады. Оған 14 елден 135 спортшының қатысатыны жоспарланған», деді Е. Досмаилов.
Айта кетсек, аталған Fa40 чемпионатына 27 елден 190 спортшы қатысты.