Қазіргі кезде қоғамды алаңдатқан тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тосқауыл қою үшін депутаттар заңнаманы қатаңдатуды көздеп отыр. Деректерге сүйенсек, былтыр құқық қорғау орындарына 100 мыңға жуық арыз-шағым түссе, балаларға қатысты 2 мыңнан аса қылмыс жасалған. Былтыр тұрмыстық зорлық-зомбылық көрген 2 мыңға жуық адам Алматыдағы «Жан-Сая» дағдарыс орталығының көмегіне жүгінген.
«Дағдарыс орталықтары одағы» заңды тұлғалар бірлестігінің басқарма төрағасы Зүлфия Байсақова орталық мамандарының көмегі әпербақаннан зардап шеккен әйелдердің жаңа жағдайға бейімделуіне барынша мүмкіндік беретінін атап өтті. Сарапшының айтуынша, отбасындағы зорлық-зомбылық жағдайында әйелге ғана көмек көрсету жеткіліксіз. Салдарын бала да тартады. Осыған байланысты нақты мысалдарды тілге тиек еткен сарапшы орталыққа екі баласы бар жәбірленушінің көмек сұрап келгенін алға тартты. «Мамандар баланың бірінің денсаулығында кінәрат барын анықтап, қалада тіркеуі болмағандықтан, «Орди» қоғамдық қоры қолдау көрсетті. Түрксіб ауданының психологиялық-медициналық-педагогикалық комиссиясы баланы қарағаннан кейін қалалық білім беру бөлімі мамандарымен бірлесіп, «Жан-Сая» дағдарыс орталығына жіберуге шешім қабылдады. Анасына да денсаулық сақтау ұйымдары тарапынан көмек көрсетіліп, қазіргі кезде жұмыс істеп жүр. Ана оңалту курсынан өткеннен кейін өз бетінше өмір сүре бастайды. Осы мерзімде заңгер, психолог, әлеуметтік қызметкерлердің бақылауында болады. Ол зайыбымен қайта қосылғысы келмейді. Қазіргі кезде агрессормен де жұмыстар жүріп жатыр», дейді сарапшы.
З.Байсақова атап өткендей, тұрмыстық зорлық-зомбылық салдары бұқаралық коммуникация құралдарында немесе жекелеген блогерлер көтерген мәселеде әсірелеусіз жазылғаны абзал. Ақпарат мейлінше шынайы болуға тиіс, сонда ғана оның себеп-салдарын жылдам анықтап, шешу де оңайға түседі.
Осы орайда «Жан-Сая» дағдарыс орталығының заңгері Гүлшара Сапарова орталықта бірінші кезекте қауіпсіздік мәселесіне көп көңіл бөлінетінін атап өтті. Сондықтан да орталықтың нақты мекенжайы көрсетілмейді. Алайда азаматтардың өміріне бейжай қарамайтын азаматтар көп жағдайда агрессордан зардап шеккен жандарға көмек қолын созып, оларды орталыққа өз қаражаты есебінен жеткізуге әрекет жасап жатады. Орталық көмегіне жүгінетіндердің 30 пайызы полиция арқылы жеткізілсе, 10 пайызы қайырымды адамдардың көмегімен келеді. Ал жәбірленуші дағдарыс орталығына жеткізілгеннен кейін оның нақты мекенжайы агрессорға белгілі болмас үшін құпия сақталады. Егер агрессор тарапынан қандай да бір заңға қайшы әрекеттер болып жатса, полицияның араласуына тура келеді.
«Жоғарыда көрсетілген сандар мен орталық жұмысы, сондай-ақ «150» сенім телефонына келіп түскен қоңыраулар негізінде бірқатар мәселеге назар аударуға тура келеді. Оның бірі халықаралық міндеттемелерді орындау мақсатында жақындарына қатысты жасалған тұрмыстық зорлық-зомбылықты криминализациялай отырып, Қылмыстық кодекске «Тұрмыстық зорлық-зомбылық» бабын енгізу қажеттігін көрсетіп отыр», дейді Г.Сапарова.
Сарапшының айтуынша, 2017 жылға дейін Қылмыстық кодекстегі «Ұрып-соғу» немесе «Денеге жеңіл зиян келтіру» баптары жеке айыптау қылмыстарына жатады. Егер жәбірленуші өтініш білдірмесе, іс қозғалмайды. Қылмыстық іс қозғалса да, тараптар татуласқан жағдайда тоқтатылады. Ал жария айыптау жағдайларында қылмыстық қудалауды тергеуші немесе прокурор мемлекет атынан жүргізеді, жәбірленуші тараптың келісімі мен бастамасы талап етілмейді, татуласу көзделмейді. Егер айыпталушылардың саны артады деген күдік болса, онда халықаралық тәжірибеде танылған және Конституцияның 24-бабында белгіленген міндетті қоғамдық жұмыстарды пайдалануды ұсынамыз. Соған орай агрессор түзету бағдарламасынан өтуге міндеттеледі. Бұл мемлекет тарапынан жәбірленушінің қауіпсіздігіне кепілдік береді», дейді заңгер.
Мәселенің салдарын, қайғылы жағдайлар статистикасы мен өзектілігін ескере отырып, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу үшін 102, 112, 150, 8 771 450 3 450 сенім телефондарына қоңырау шалуға немесе Whatsapp қосымшасына жазуға болады. Алдын ала жазылғаннан кейін мамандар күндіз және қашықтан кеңес береді. «Болған оқиғаға қатысты шаралар қолданылмайды деп қорықпау керек. Өйткені белгілі фактілер ішкі істер органдарында тіркеліп, қадағалау органдары бақылау жүргізіп отырады», деп сөзін қорытындылаған Г.Сапарова зорлық-зомбылықсыз мәдениет қалыптастыруға қоғам болып атсалысуға шақырды.
АЛМАТЫ