Отандық өндірістің өріс алғанын Қонаев қаласында егістікті тамшылатып суаруға арналған құрылғы шығаратын зауыттың даярлық жұмыстары айғақтай түсті.
Қазір Алматы облысында шаруалардың 8 пайызы ғана тамшылатып суару әдісін қолданады. Өңір басшысы Марат Сұлтанғазиев суды үнемдеу технологиясына көшу маңызды бағыттардың бірі екенін атап өтіп, жауаптыларға тиісті тапсырмалар берген еді.
Аталған бағытта жұмыстар басталып кетті. Нақтырақ айтқанда, биыл қытайлық компания өкілдері Қонаев қаласында «Жібек жолы» ЖШС атты ауқымды зауыт кешенін іске қоспақ ниетте. Осыған орай Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев зауыттың тыныс-тіршілігімен танысты.
Компания өкілдерінің сөзінше, мұнда тамшылатып суаруға арналған құбырлар мен құрылғылар, құрама жем мен құрғақ сүт зауыты, шаруашылыққа арналған жабдықтар шығарылады. Зауыт күніне 1 000 гектар аумақты қамтитындай өнім өндіреді. Қажетті шикізат көршілес Қытай елінен әкелінеді. Өндірілген өнім алдымен Қазақстанға, кейіннен экспортқа шығарылады. Айта кетерлігі, осы уақытқа дейін елімізде балаларға арналған құрғақ сүт шығаратын бірде-бір зауыт ашылмаған.
Инвесторлар бос қалған зауыт орнын банктен сатып алып, 10 млн доллар көлемінде қаржы құйған. Былтырдан бастап қараусыз қалған зауытты игеріп, қажетті жабдықтарын әкеле бастаған. Енді тауарды тасымалдау үшін теміржол қажеттілігі туындап отыр.
Өз кезегінде облыс әкімі мемлекеттік қолдаудың барлық түрі көрсетілетінін атап өтті. Оның ішінде субсидия, «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы бойынша қарастырылған көмек, теміржол салу секілді бірқатар шара бар.
Сондай-ақ аймақ басшысы тамшылатып суару әдісіне көшу бойынша Шеңгелді ауылы басқа елді мекендерге үлгі болуы керек екенін айтты.
«Шаруалар бүгіннен бастап осы зауыттың басшылығымен келісімге келіп, келіссөздер жүргізе бастауы керек. Гектарына шаққандағы құрылғылардың сомасы әзірше белгісіз. Дегенмен бұл – үлкен мүмкіндік. Тағы бір айта кетерлігі, аталған өндіріс ошағы бізге жаңа технологияны әкеліп қана қоймай, шетелдік стандарттармен отандық өнімдерді теңестіруде», деді Марат Елеусізұлы.
Айта кетейік, Қонаев қаласында 4 түрлі инвестициялық жоба жүзеге асып келеді. Соның бірі «Оспанова Девелопмент» ЖШС-на тиесілі балық зауытының жалпы қуаттылығы 10 мың тонна балық өсіруге қауқарлы.
Алматы облысы