Бүгін Алматы қаласы, Алмалы ауданы халқымен кезекті кездесуінде Ерболат Досаев Алматы әкімі ретінде екі жыл ішінде жеткен жетістіктері туралы сұраққа жауап берді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Алматылық журналистің «екі жылда атқарған қандай істерімен мақтанасыз» деген сауалына әкім мәселе өзін қалай сезінетінінде емес, алматылықтардың оны қалай бағалайтынында екенін айтты.
«Мен Алматының игілігі мен дамуы үшін шын жүректен еңбек етіп келемін. Түрлі істер атқарылғанымен, кейбірін жасап үлгермедік. Бұл бөлек бір әңгіменің тақырыбы деп ойлаймын. Бұл жерде мәселе менің сезімімде емес, азаматтардың еңбегімді бағалауында. Егер жиналыс пен алдағы кездесулерім немесе атқаратын істеріміз мақұлданса, мен өз орнымдамын және жұмысымды тиімді атқаруға тырысамын. Біз саңырау емеспіз, естиміз. Сіздердің идеяларыңызбен, өтініштеріңізбен алға ұмтыламыз. Біз тірі адамбыз, идеал емеспіз, мен де әкім ретінде идеал емеспін. Бірақ екі жыл басқаша болды, уақытым болғанда ол туралы да айтамын», деп жауап берді Алматы әкімі.