– Талғат Қамқабайұлы, әртістер қауымынан ішінара болса да, тәуір режиссер шығып жатады, режиссерлердің арасынан да театр басшылары өсіп шығады. Ал сіз біз танығалы театр директорының орынбасарысыз не директордың өзісіз. Ал директор – әкімшілік лауазым. Театр – шығармашылық ордасы, ендеше директор шығармашылық адамы ма, шенеунік пе?
– Менің еңбек жолым М.Әуезов атындағы ұлттық драма театрынан басталды. Театрдың қай бөлімінде жұміс істесең де, шығармашылықпен етене жақын боласың. Әкемтеатр «театр» деген терең өнерді танып, түсініп, талғам қалыптастыруыма ықпал еткен жер. Ширек ғасырға жуық еңбек ете отырып, театрдың әр бұрышында әр маманның жұмысымен жете таныстым. Қазір театрда маған таңсық дүние жоқ. Күзеттен бастап, сахна құрастырушы мамандарға дейін бәрінің жұмысымен жақсы таныспын. Театр – өнер ордасы. Оны басқарушы маман өнер адамы болуы міндетті емес, бірақ жалпы шығармашылық талғамы бар ұйымдастырушы болуға тиіс. Себебі әрбір сахналанатын спектакль, шақырылатын режиссер, театрдың кәсіби мүмкіндігін арттыратын жобаларды ұйымдастырып, өнер иелеріне қолайлы шығармашылық орта, ыңғайлы кеңістік ұйымдастыру – басшының басты міндеті.
– Әкемтеатрдың реквизиттер цехында жұмыс істеген қарапайым қызметкерден бастап театр директорына дейін көтерілген, шығармашылық жағынан да, техникалық тұрғыдан да қайнап жатқан театрдың тіршілігін ең төменгі сатысынан көріп, шыңдалып шыққан сіздің бүгінде өмірлік пайымыңыз қалай өзгерді?
– Шын мәнінде, өнер – таусылмас азық, жұтамас байлық. Өнердің бір саласында жүріп, рухани дамымау, көзқарас-пайымыңның кеңеймеуі мүмкін емес сияқты. Өмірден не іздесең, соны табасың. Сондықтан тазалықты, шынайы шығармашылықты іздеуге тырысамын. Кінә, кір іздесең, барлық жерден табылады. Заман ағымымен дамып отырмасаң, ескі көзқараста қалып кетесің. Ал өнер күн сайын ізденуді талап етеді. Мен өзімді әлі де театрды зерттеуші, ұйымдастырушы ретінде ізденістегі адаммын деп есептеймін. Тек шығармашылыққа қатысты емес, жалпы адам ретінде өзіңді іздеу басты мұратың болуы керек. Әртүрлі ұжымда жұмыс істей отырып, әр қызметкердің жеке хал-күйін, оның мүмкіндіктеріне тек баға беріп емес, бағалап отыру қажет. Тек бұйрық беретін басшы емес, керек тұсында психолог, сенім арта алар кеңесші, кей тұста талабы мол, тәртіпті бірінші орынға қояр ұйымдастырушыға айналасың. Бірақ бәрінің түбінде әділдік жатуға тиіс. Театрды басқару, қандай да бір компания, банктерге басшылық ету сияқты емес. Мұнда өмірі өнермен өрнектелген қаншама талант иелері жұмыс істейді. Жасы келгенде зейнетке шығып кете беретін емес, ғұмырының соңғы сәтіне дейін сахнада өнер көрсететін әртістер де болады. Оларды бағалай отырып, шығармашылығының солғын тартпауына, сөнбеуіне ықпал ету, бүгінгі көрерменнің сұранысына сай қойылымдарды репертуарға енгізу үшін өзің де күн сайын жаңа дүниені оқып отыруың қажет.
– Сіз театрдың ішіне кіргеннен бастап, цехтар, кабинеттер, сахна, қызметкерлер тұтас қозғалысқа түседі. Бәріне биік талаппен, биік талғаммен қарайсыз. Театрды, сахна өнерін осылайша сүюді кімнен, қайдан үйрендіңіз?
– Театр – тірі ағза. Ол әрқашан үдеріс үстінде болмаса, тоқырауға ұшырайды. Театр басқарудан гөрі ұйымдастыруға мұқтаж. Өнер жасаушыларға жаның ашымаса, театрда жұмыс істеу мүмкін емес. Мен жанашырлықты ұстазым, Қазақстанның халық әртісі, театр режиссері Есмұхан Обаевтан, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Еркін Тілеуқұлұлынан үйрендім. Талантқа табандылық қаншалықты керек болса, басқарушыға да төзім ауадай қажет. Себебі мөлдір өнерді былғамай еңбектену – қиынның қиыны. Қазақ театр өнеріндегі тәжірибем тарихы терең үш театрмен бірге өріліп келеді. Осы жолдардың бәрі мені түрлі сахна шеберлері мен қаншама сахна сыртында еңбектенетін тұлғалардың жұмыстарымен таныстырды. Әрқайсысынан өзіме керегін алып отырдым. Жасы жетпістен асса да, өнерсіз өмірін елестете алмайтын сахнагерлерден адалдықты, жастардан шексіз махаббат пен ізденісті үйренемін. Тыңдай білу – менің тәжірибемді молайтып, дамуыма ықпал еткен қасиетім деп білемін. Еліміздің еңбек сіңірген қаншама тұлғаларының ақыл-кеңестерін тыңдадым, кәсіби мамандардың ой-пікірін де қалыс қалдырмауға тырыстым. Дегенмен өнер саласында «болдым, толдым» деу тоқтағаныңды білдіреді. Менің әлі жүзеге асыруға тиіс жобаларым, театрдың дамуына қосқан үлесімнен, қосарым әлі де көп.
Театр өнерінің тек еліміздің кеңістігінде шектеліп қалмағанын қалаймын. Бізде әлемге көрсетерлік сапалы дүниелер бар. Әлем елдерімен терезесі тең, Орталық Азия театрларының ішінде көш ілгері келе жатқан қазақ театр өнері екенін сеніммен айта аламын. Дәлелі, әйгілі Антон Чехов фестивалінен бастап, оннан аса Халықаралық театр фестивальдарына баруымыз және ондағы кәсіби мамандардың пікірі. Әр фестиваль бізге екінші жолды ашып отырды. Әр елден келген кәсіби мамандар мен фестиваль ұйымдастырушылары келесі фестивальдарға шақырып, өткен жылы 13 театр фестиваліне қатыстық.
– Республикалық, халықаралық гастрольдерге жиі шығасыздар. Салмақты жүлделер де иеленіп жатасыздар. Спектакльді тәржімамен тыңдайтын шетелдің көрерменіне қазақ әртісі қай қырымен қызық?
– Өнер – ұлтқа, тілге бөлінбейді. Ол бар немесе жоқ. Спектакль тыңдау дегеннен гөрі, «сезіну» деген тіркесті қолдансақ дұрыс сияқты. Себебі әлемнің қай тілінде сахналанса да, кәсіби режиссер қойған туынды әрқашан көрермен жүрегінен орын алады. Біз тіпті, кей қойылымдарды аудармасыз көріп демалатын сәттер болады. Әсіресе бәріміз білетін әлемдік классиканың түрлі нұсқаларын көру қашанда қызық. Сол сияқты, біздің ұлттық драматургиямен сахналанған қойылымдар да шетелде өте жоғары бағаланады. Атап айтқанда, театрымыздың көркемдік жетекшісі, елімізге танымал театр режиссері Фархад Молдағалидың «Құлагер», «Қарагөз» сынды қазақ әдебиетінің жауhарлары негізінде сахналанған қойылымдар шетелде жоғары сұранысқа ие. Өткен жылдың 22-28 мамыр аралығында Ташкент қаласында өткен «Евразия» Халықаралық театр фестиваліне «Қарагөз» қойылымы қатысып, ТҮРКСОЙ ұйымының арнайы сыйлығын иеленді. 29 қыркүйек күні «Құлагер» қойылымы Бішкек қаласында өтетін «Art-ordo – 2023» халықаралық театр фестиваліне шақырту алды. Орталық Азия елдерінің театрлары өзара бақ сынайтын фестиваль халық әртісі Бакен Кыдыкееваның 100 жылдығына арналған өнер додасында «Сахналық жаңашылдығы үшін» марапатын жеңіп алды. Сонымен қатар қойылымды әуенмен көркемдейтін «SteppeSons» тобы «Ең үздік музыкалық көркемдеу» жүлдесіне лайық деп танылып, театрымыздың аға буын әртісі Сағызбай Қарабалин Күреңбай бейнесі үшін «Екінші пландағы үздік ер адам бейнесі» жүлдесін жеңіп алды. Сол сияқты, танымал Г.Лорканың «Оян, қалыңдық» (реж. Д.Жұмабаева) қойылымы да Еуропаға дейін барып, өз бағасын алып қайтты. Атап айтқанда, 14-19 қазан Албания елінің XXV халықаралық «Skampa» театр фестиваліне қатысып, сарапшылардың жоғары бағасын алды. Албанияда өткен XIX Халықаралық «Albamono 2023» моноспектакльдер фестивалінде «Қаһар» (авт. Ж.Ануй, реж. Д.Жұмабаева) спектаклімен бақ сынады. Англия, Испания сынды Еуропа мемлекеттерімен сайысқа түскен фестивальда Бас жүлде және «Үздік режиссерлік жұмыс» аталымына ие болдық.
Әр фестивальда қазылар алқасы қазақ театры режиссурасының көркемдік деңгейін, актерлік құрамның темпераменті мен сахналық эстетикасының ерекше екенін айтады. Мұнан бөлек, «Бернарда Альбаның үйі» қойылымы (реж. Д.Жұмабаева) отандық үш театр фестивалінің үшеуінде де Гран-при иеленді. Бұл «біз бәрінен мықтымыз» деген мақтаныш сезімінен гөрі, үдерістің тоқтамайтынын және әрқашан жаңа дүние жасауға жетелейтін мүмкіндік сыйлайтынын айтқым келеді.
– Біздің ұлттық театр мектебіміздің өзге шетел театрларынан басты айырмашылығы неде? Болса, қай жағынан? Олар драматургиялық материалда, режиссурада, актерлік ойында не нәрсеге мән береді?
– Біздің ұлттық театр мектебінде де, актерлік мектепте де тұнып тұрған тазалық бар. Қалай десек те, біз сөз қадірін білген елміз. Әлемдік классикадан аспаса, кем түспейтін қаншама туындыларымыз бар. Шетелдік театрлар физикалық, пластикалық бағытта көбірек тәжірибе жинауды жөн көреді. Бізде де тәуелсіз театрлар түрлі бағытты меңгерген. Жалпы, театр өнерінде айырмашылық әр ұлттың өзіне тән бояуымен ерекшеленеді. Ол бірінші кезекте пьесаға, екінші кезекте режиссерге байланысты. Қазіргі қазақ режиссурасы осы дүниені дөп басып тұр деп айта аламын. 2023 жылы 1-6 қараша аралығында Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен, отандық режиссерлердің кәсіби шеберліктерін шыңдау мақсатында Ғ.Мүсірепов театры І Республикалық жастар театрлары фестивалін ұйымдастырдық. Фестиваль – жас режиссерлердің жаңа жұмыстарымен танысу, еліміздің әр аймағынан келетін театрлардың өнерін тамашалауға таптырмас мүмкіндік болды. Осы фестивальға таңдалып алынған 8 жас режиссердің жұмысы сөзімнің дәлелі. Атап айтқанда, Гүлназ Балпейісова, Мейрам Хабибуллин, Антон Зайцев, Әлібек Өмірбекұлы, Шағуан Үмбетқалиев, Анна Цой, Әридаш Оспанбаева, Шыңғыс Жақыпбай сынды 35 жасқа дейінгі режиссерлердің таңдаулы қойылымдарының әрбірінде ұлттық туындыларды игеру, қойылымдарда қазақы кодты қолдану бар. Сөйте тұра, дәстүрлі бағытта емес, еуропалық театр әдістерін қолдана отырып сахналаған.
– Бүгінгі Ғ.Мүсірепов театрының әртістері телевизиялық жобалар мен кинода да жиі бой көрсетіп, сәтті ойын өрнегін көрсетіп жүр. Сіз басқарып отырған театрда көптің құрметіне бөленген танымал жастар өте көп. Актерлерді фильм түсіріліміне оңай босатасыз ба? Жұмысына салғырт қарағандарды қалай «жазалайсыз?»
– Шексіз махаббат болмаса, театрға қызмет ету мүмкін емес. Сөзім пафосты естілгенімен, бұл – шындық. Театрдан үш есе көп төлейтін түсірілімдер мен танымалдылық әкелетін жобалар көп болғанына қарамастан, біздің театр әртістері әрқашан театрды бірінші орынға қояды. Мен де бәрін заңды түрде жасауға тырысамын. Шығармашылықта шектеу қоймауға тырысқанмен, театрдың гастрольдік сапарлары, негізгі репертуарына ешқашан кедергі болмауға тиіс. Жеке, облыстық театрлар арнайы шақыратын әртістеріміз бар. Атап айтсақ, Сағызбай Қарабалин, Тынышкүл Сұлтанбердиева, Ақбота Рахат, Толқын Нұрбекова, Шағуан Үмбетқалиев сынды әртістеріміз бірнеше театрдың арнайы шақыруымен спектакльдерде сәтті өнер көрсетіп келеді. Соған қарамастан, театрымызда да үлкен оқиғалардың бел ортасында жүр. Бұл алдымен әртістің өзіне деген, шығармашылыққа деген адалдығы деп түсінемін. Бәрін мүмкіндігінше, шығармашылықтарын шектемей, көркемдік жетекшімен ақылдаса отырып, кесте жасап отырамыз. Біздің театр әртістері сұранысқа ие болып жатса, оған тек қуанамын. Тек әртістер емес, театрымыздағы режиссерлер және театртанушылар да арнайы шақыртумен театрларға барып тұрады. Түрлі тәжірибе жинап келіп, рухани қорын молайтып келген мамандар екі есе қарқында жұмыс істейді. Мен тек қолдаймын. Шығармашылық иесі бір орында тұрып қалмауға тиіс. Өнерде даму не кері кету бар. Сондықтан ешқайда бармайтын, қателік жасамайтын шығармашылық иелерінен қорқу керек сияқты. Бірақ бұл деген, толық еркіндік беру емес. Театрдың негізгі жұмысына келгенде барлық қағиданы алып тастап, театрды бірінші орынға қоямын.
– Жастар театрының өз ішінде, шымылдық артында ел біле бермейтін құпиясы бар ма? Мысалы, актер мен режиссерден алдымен не талап етіледі?
– Театрда буын сабақтастығы өте жақсы сақталған. Біздің бірлігіміз де, құпиямыз да, осы сабақтастықтың сыйластығы мен үзілмеуінің арқасында деп білемін. Әр буын өзіне жүктелетін міндетті махаббатпен жасайды. Оларды көрген жастар да сол ізбен жүреді. Театрға жаңа келетін әртістерді қабылдау бірнеше кезеңнен тұрады. Себебі театрға кіру үшін тек кәсіби маман деген диплом аздық етеді. Мұнда өзіндік талаптар мен өзгеше өмір бар. Сырттан естіген адамға бұл жалған болып сезілуі мүмкін. Бірақ театр – бір кірсең, жаныңмен жұмыс істеуді талап ететін мекен. Біздің міндет осы ұжымның бірлігін сақтай отырып, көркемдік деңгейі жоғары қойылымдар мен театрдың қоғамдағы беделін арттыру, театрды бренд ретінде қалыптастыру болмақ. Ол үшін бізде әртістерден бөлек, сахна сыртында, маркетинг, музей, қоғаммен байланыс бөлімдерінде жас, кәсіби мамандар жұмыс істейді. Спектакль – тур, гастрольдік сапарлар мен театрдың бүгінгі айнасына айналған әлеуметтік желілерді жүргізу театрдың тынысын тоқтатпайды.
– Режиссер еркіндігінің шекарасы болуы керек пе? Театр сахнасында сіз не нәрсені жасауға, көрсетуге рұқсат бермес едіңіз?
– Менің міндетім – кәсіби мамандарды тану, шақыру, олардың шығармашылығына қолдау көрсету. Аталған үш мамандықтан басқа да театрдағы барлық маманның жұмысын бағалау – менің міндетім. Спектакль сахналап жатқан режиссердің немесе актерлердің жұмысына араласпаймын. Қойылымды көркемдік кеңеске тапсыру сәтінде өз тарапымнан барлық сын-ескертпені айтамын. Бұл да тек театрдың өсуі үшін айтылатын пікір болады. Себебі театр – ұжымдық өнер. Мұнда бәрі талқылаулар мен ортақ пікірлердің нәтижесінде шешіледі. Керісінше, мен көргім келетін дүниелерді ұсынуға, идея қосуға тырысамын. Биыл да театрымыз ұлы жазушы Ғабит Мүсіреповтің атында бола тұра, бірде-бір туындысы репертуарымызда жоқ екенін ескеріп, сол олқылықтың орнын толтыру жоспарымызда бар.
– Жастар театрының сахнасында қойылған спектакльдерге әлеуметтік желілерде ара-тұра сын да айтылып қалады. Қабылдайсыз ба? Белгілі театр сыншылары премьераларыңыздан қалмай келеді. Пікір айта ма, айтылған сын-ескертпемен қалай жұмыс істейсіздер?
– Барлық сыни пікірді қабылдаймын. Тіпті сынды сұрап алатындардың қатарынанмын. Алдын ала дұрыс пікір айтылмайтынын білсем де, сол сынды тыңдауға дайынмын. Қазақстан театр сыншылары бірлестігінің мүшелерін қойылымдарға арнайы шақырып отырамыз. Алдын ала көрсетілім жасап, қойылымды қабылдау немесе премьерасын кейінге шегеру туралы ой-пікірлерін тыңдаймыз. Қалай болғанда да театрға зерттеуші, сыншы керек. Сырттай қарай алатын, кәсіби көзқарас білдіре алатын мамандар әрдайым қажет. Осы ретте театрымызға бірнеше жас театртанушы жұмысқа қабылданған. Әр қойылымда кезекшілік міндет атқарып, апталық кеңесте талдау жасайды. Кемшіліктер мен артықшылықтар айтылады. Театрдың даму үдерісі осындай жұмыстармен жалғасып отырса, шығармашылық тек жандана бермек.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен –
Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,
«Egemen Qazaqstan»
АЛМАТЫ