Халықаралық «Болашақ» бағдарламасы бойынша кейінгі жылдары ауылдағы жас мамандарға квота бөлініп, жеңілдіктер қарастырылған. Алайда елдегі жастар мұны толыққанды пайдалана алмай отыр. Аталған бағдарлама бойынша ауылдағы қыз-жігіттердің шетелдік жоғары оқу орнына түсу көрсеткіші тым төмен.
Мәселенің оң шешімін табу үшін былтыр 6 қарашада «Ауыл» партиясы мен Халықаралық «Болашақ» бағдарламалар орталығы өзара ынтымақтастық жайында меморандумға қол қойған болатын. Соның аясында партия мен орталық ауылдағы жас мамандарды «Болашақ» бағдарламасымен шетелдің оқу орындарында оқыту және тағылымдамадан өткізуде бірлесе жұмыс істеуге келіскен.
Ал осы апта басында «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының өкілдері аталған мәселеге байланысты халықаралық бағдарламалар орталығы басшылығымен кездесу өткізді. Іс-шараға «Ауыл» партиясы орталық аппаратының басшысы Қ.Сейітжанов, Парламент Мәжілісіндегі «Ауыл» партиясы фракциясының депутаты Т.Серіков, Халықаралық бағдарламалар орталығының басқарма төрағасы Ә.Оспанова, сондай-ақ онлайн режімде аудандық мәслихат депутаттары, аудандар және ауылдық округтердің әкімдері, «Ауыл» партиясы өңірлік филиалдарының төрағалары мен жастар жетекшілері қатысты.
Жиында қос тарап шетелде «Болашақ» бағдарламасымен білім алушы ауыл жастарының санын арттырудағы жұмыс жайын талқылады. Атап айтсақ, елді мекендерге насихаттау топтарын жіберу, үміткерлердің шет тілін талапқа сай меңгеруіне жағдай жасау, жергілікті жердегі аграрлық мамандық иелерін, медицина қызметкерлері мен мұғалімдерді кәсіби тағылымдамадан өткізу мәселесі кеңінен сөз болды.
– «Ауыл» партиясы тарапынан партияның филиалдары арқылы ауылдық жердегі сауатты жастарды тауып, олардың шетелде білімін шыңдауға барынша көмек көрсетеміз. Сонымен қатар Мәжілістегі депутаттар арқылы «Болашақ» бағдарламасының кейбір кемшін тұстарын толықтыруға, ауыл жастарына қолайлы болуы үшін заңға өзгерістер енгізуге күш саламыз, – дейді партия орталық аппаратының басшысы Қуаныш Сейітжанов.
Сондай-ақ кездесуде сөз алған Мәжіліс депутаты Т.Серіков бағдарламада ауылдықтар үшін тек магистратурада білім алу қарастырылғанын, тағылымдама мен докторантураның ұмыт қалғанын еске салды.
Жиын соңында кездесуге қатысушылар бағдарламаға қатысты сұрақтар қойып, ұсыныстарын айтты. Ұйымдастырушылар әрбір ұсыныс пен сұрақ, көтерілген мәселенің ескерусіз қалмайтынын жеткізді.