• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Ғылым 01 Ақпан, 2024

Ғылымның отаны жоқ дегенменен...

485 рет
көрсетілді

Әлемнің әр қиырында табысты қызмет етіп жүр­ген қазақ ғалымдары же­терлік. Өкініштісі, олар Қа­зақ­станның емес, сол ел­дің мүддесіне жұмыс іс­тей­ді. Сондықтан сыртта жүрген отандастарымыз­ды көпшілікке таныту, ре­ті келсе елге қайтару – күн тәр­тібінен түспейтін маңыз­ды мәселе. Өйткені біздің ел де ғылымды дамытуға ерекше ден қойып отыр. Ал мұндайда шетелде жү­ріп тәжірибе жинаған ғалым­дардың көмегі көп болмақ.

Бір кездері Ғылым және жоғары білім вице-министрі болған Қуа­ныш Ерғалиев әлеуметтік желі арқылы жұртшылыққа таныстыру мақсатында «Жүз шетелдік ғалым» жобасын қолға алыпты. Өткен жылдың соңында басталған бастаманы желі қолданушылары да жаппай қолдап жатыр. Осы тақырып төңірегінде Қуаныш Асылханұлымен аз-кем ой бөліс­тік. Оның айтуынша, көпшілік шетелде жұмыс істеп жатқан жер­лес ғалымдар туралы біле бер­мейді.

– Министрлікте қызмет еткен уақытта шетелге іссапармен барғанда сол жақтағы отандық ғалымдармен жиі жолығып, танысатын едім. Өкініштісі, өзге елдердегі университеттерде про­фессор, оқытушы болып жүр­ген ғалымдар туралы отандаста­рымыз білмейді. Жастар сондай кісілердің бар екенін білсе, зерттеулерімен танысса, ғылымға деген қызығушылығы артар еді. Сондықтан бұл жобаны бір жа­ғынан отандастарымызға ғылым­мен айналысуға бағыт-бағдар берсін деген ниетпен, екінші жа­ғы­нан елдегі ғалымдарымыз ше­телде ғылым саласы бойынша жетістікке жеткен әріптестерімен коллаборация жасауға мүмкіндік алса, оларды бір-бірімен таныс­тырсам деген мақсатта қолға алдым. Жоба басталғалы әлеуметтік желілердегі парақшаларымда ғалымдардан алынған сұхбаттар­ды жариялап жатырмын. Ғылыми қауымдастық, жалпы қоғам бұл жобаны жақсы қабылдап жатыр, – дейді бүгінде Назарбаев уни­верситетінің профессоры болып жұмыс істейтін Қуаныш Ерғалиев.

Аталған бағдарламаның мақ­саты – шетелдегі ғалымдарды елге қайтару емес, сол ғалым­дар әзір­леген жобаларды жұрт­шы­­лық­қа таныстыру, қолдау көрсе­ту. Профес­сордың айтуын­ша, ғалым­дарды қайтармас бұ­рын алдымен оларға елімізде арнайы зертха­налар ашып, инфра­құ­рылым мен әлеуметтік жағдай­ды ретке кел­тіру қажет. Ал әзірше бұл жағы біз­де ақсап тұр.

– Қытай Халық Республикасы, Сингапур, Корея сынды мемлекеттер шетелде аты шыққан өз ғалымдарын елге қайтаруға арнайы бағдарламалар жасаған. Жобалары қазір нәтижесін беріп жатыр. Біз де дәл сондай жобалар әзірлегенде ғана ғылым қуып, шекара асқан ғалымдарымызды қайта шақыра аламыз. Мысалы, Дос Сарбасов, Жандос Өтеғұлов сынды профессорлар 90-жылдары АҚШ-қа барып, сонда оқып, көп жыл бойы ғылыммен айналысты. Жылдар бойы тәжірибе жинап, Қазақстанда Назарбаев университеті ашылғанда елге оралған. Сәйкесінше ғалымдарға тиісті жағдай да жасалды. Сол себепті шетелдегі қазақ ғалымда­рына жақсы жағдай жасалса, елге оралып, отандық ғылымның дамуы­на атсалысады деген сенім­демін, – дейді жоба авторы.

Дамыған елдердің қатарына қосылу үшін ғылым мен білімге ерекше назар аудару маңызды. Бұл бағытта Мемлекет басшысы Үкіметке бірқатар тапсыр­ма беріп, ғылым саласына жіті көңіл бөліп отырға­ны қуан­тады. Сәйкесінше ғылым­ды қаржы­ландыру жыл санап өсіп келеді. Тіпті жас ға­лым­дар­ды қол­дау те­тіктері де іске қосыл­ған. Оның ішінде акаде­мия­лық дә­реже үшін ақы төлеу, әлеу­мет­тік қол­даумен баспана алу сияқ­ты жеңіл­діктер де бар. Ғы­лыми мақала­лардың саны мен сапасы да жаңа деңгей­ге көтерілді. «Бо­лашақ» бағдарламасымен қатар «500 ғалым» жобасы сәтті жүзеге асырылып, зерттеушілер шетелдік тә­жірибемен танысуға мүмкіндік алды. Сондай-ақ Ұлттық ғылым академиясының жанынан ғылым­ның басым бағыттары бойынша Жас ғалымдардың жұмыс то­бы құрылған. Аталған бастама ға­лымдарға Президентке өз ұсы­ныс­тарын тікелей жеткізуге мүм­кіндік береді әрі талантты жастарды ғылымға тартуға септе­седі. Бірақ мұның барлығы отандық ғылым саласын дамытуға әлі де аздық етеді.

– Елімізде ғылым саласын дамыту үшін әуелі зерттеу жұ­мыс­тарымен шұғылданатын жоғары оқу орындарын қолдау қажет. Әсіресе өңірлік универси­теттерде қызмет ететін ғалым­дарға көңіл бөліп, олардың ғы­лым­мен айналысуына жағдай жасау маңызды. Ғылым мен кәсіп­тің, индустрияның арасында өзара байланыстың болмауы – біздегі басты мәселенің бірі. Халықаралық тәжірибе бойын­ша ғылым халықтың әл-ауқа­тын, экономикалық жағдайын жақсартуға үлес қосуы керек. Бұл ғалымдардың ғана қолында емес. Аталған олқылықты заңнамалық тұрғыдан да реттеу қажет. Мәсе­лені шешу үшін қазіргі таңда Парламентте «Ғылым және тех­но­логиялық саясат туралы» заң жо­басы қаралып жатыр. Заң қа­был­данса, бұл мәселе де өз шеші­мін табады. Отандық компаниялар еліміздегі университеттермен, ғылыми зерттеу институттарымен бірлесе отырып, инно­вациялық өндіріс немесе ғылыми зерттеу арқылы өнімді арттыруға қаржы құйса, салықтан 100 пайыз босатылады. Ал ғылы­ми ұйымдармен серіктестік нәти­жесінде шығарылған тауарларға 50 пайыз салықтық жеңіл­дік қа­рас­тырылады. Аталған заң еліміз­дің экономикасын көтеру­ге үлес қосары сөзсіз, – дейді Қуаныш Ерғалиев.

Қазақ ғалымдарының шетелде жүріп те бірқатар жұмыс атқарып жатқанын көз көріп, құлақ естіп жүр. Ғылымға өшпес із қалдырып жатқандары көңіл көншітеді. Дамы­ған елдердің тәжірибесі мен білімін бой­ға сіңіргендері де жақсы-ақ. Ғы­лым­ның отаны жоқ екені де рас. Де­генмен елге еміреніп, жұртқа жүгі­ніп қызмет етуді де ұмытпаған жөн.

 

Еркеназ ҚОРДАБАЙ,

Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ студенті