• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Өнер 01 Ақпан, 2024

«Әлі күнге дейін үйімде жатыр»: Әли Оқапов марапаттарын неге қайтармағанын айтты

587 рет
көрсетілді

«Құрмет» орденін аламын деп басы дауға қалған белгілі әнші, композитор Әли Оқапов артынша өнердегі барлық марапатынан бас тартқан еді. Алайда, оның барлық марапаты әлі күнге дейін өзінде, деп хабарлайды Egemen.kz.

Себебі, заң бойынша әртіс мемлекеттік сыйлықтан бас тарта алмайды. 

«Былтыр орден алғаным үлкен дауға ұласқанын білесіздер. Негізі сондай марапатқа лайық болғаныма қатты қуанғанмын. Еңбектің бағаланғаны дұрыс. Дегенмен әлеуметтік желіде үлкен айқай-шуға айналды. Сол кезде өзімді қатты ыңғайсыз сезіндім. Анам ес білгелі “халықтан үлкен емессің, бірінші орында халық” деп санамызға құйып өсірді. Өнер адамы болғасын халықпен тікелей жұмыс істейсің. Қазақстандықтардың пікіріне бағынып, марапаттан бас тарту туралы шешім қабылдадым. Бірақ заң бойынша әртіс мемлекеттік сыйлықтан бас тарта алмайды екен», деді өнер иесі.

Оның сөзінше, егер әртіс бұрынғы марапаттарынан бас тартса, онда жағымсыз әрекеті үшін қайтарылды деп айтылады. Сондықтан ол заңға бағынған көрінеді.

«Маған сенім артып, өнеріме жанашыр болып жатқан тыңдарман қауымды құрметтеймін. Қазір барлық атақ-марапатым өзімде қалды», дейді әнші.

Сонымен қатар Әли Оқапов осы күнге дейін алған статуэтка мен марапаттарын жинап, тиісті бағдарлама өкілдерінен алып кетуді өтінгенін жеткізді.

«Сол күні барлық марапатымды қайтарып беру туралы шешімге келдім. Бірақ олар әлі күнге дейін үйімде жатыр. Өйткені бағдарламаның дені жабылып қалған. Қайтарып беретін өкілдері түрлі салаға кетіп қалған. Мен негізі алып кетіңіздерші деп ұсындым. Бірақ оны ешкім алғысы келмеді. Бұл өмір ғой, бәріне бірдей ұнау мүмкін емес және ол керек те емес», дейді сазгер.