• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Ұлттық спорт 01 Ақпан, 2024

Түркістандықтар топ жарды

98 рет
көрсетілді

Ұлттық және ат спорты түрлері орталығы 2023 жылдың қорытындысы бойын­ша аймақтардың рейтингін жариялады. Былтыр ұлттық спортты серік еткендер 11 спорт түрінен сайысқа түсті. Жыл басынан бастап ұлттық спорт түрінен жекелеген ішкі чемпионаттар, кубок бәсекелері, ұлттық спорт фестивалі, халықаралық жарыстар мен әлемдік додалар өтті.

Бір жылдың қорытындысы бойын­ша 17 облыс пен 3 қаланың арасынан Түркістан облысы үздік атанды. Оң­түс­тіктің спортшылары былтырғы жарыс­тарда жалпы саны 58 алтын, 52 күміс, 65 қо­ла жүлдемен көш бастады. Оның 13 ал­тынын түркістандықтар қазақ күресінен еншілеп, рекордтық көрсеткішті тіркеді. Өңір өкілдері ұлттық спорттың дамуын жүйелі жолға қойған.

«Бүгінгі таңда Түркістан облысында 7 облыстық, 23 аудандық, 7 қалалық спорт мекемесінде ұлттық спорт түрлерінен бөлімшелер жұмыс істейді. Сонымен қатар облыстық денешынықтыру және спорт басқармасы спорт мектептеріндегі регламенттің сақталуын қадағалап, жат­тықтырушылар мен әдіскерлерге оқу-жат­тығу сабақтарына әрдайым әдіс­темелік көмек көрсетеді. Өткен жылы ұлт­тық спорт түрлерінен жарыс ереже­леріне өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Атап айтқанда, аударыспақтан бұрын 8 салмақ дәрежесінде жарыс өтсе, биыл 9 салмақ дәрежесінде бақ сынас­ты. Сон­дай-ақ теңге ілу және жамбы ату спортынан бұрын 3 стиль бойынша 1 ғана спортшы қатысатын, биыл 3 стильге 3 спортшы қатыса алатын мүмкіндік туды. Қатысушылар саны көбейді. Нәти­же­сінде, спортшыларымыз тамаша өнер көрсетіп, еліміздегі ұлттық спорт түрлерінен ең үздік өңір екенін дәлелдеп, жалпыкомандалық есепте 1-орынды иеленді», деді Түркістан облыстық дене­шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Қанат Жолдықарев.

Ұлттық және ат спорты түрлері ор­талығы баспасөз қызметінің хабарлауын­ша, рейтингте екінші орынды Ас­тана қаласы иеленді. Елордалықтар аталған жарыстардан 24 алтын, 19 күміс, 28 қола жүлде еншіледі. Әсіресе астаналық дәстүрлі садақ атушылар алдына жан салмады. Ал үздік үштікті Шымкент қаласының спортшылары түйіндеді. Мегаполис намысын қорғаған оғландар 24 алтын,19 күміс, 20 қола жеңіп алған. Шымқалада да қазақ күресінің бәсі жо­ғары. 24 алтынның 11-і қазақ күресінің балуандарына тиесілі. Өкінішке қарай, ұлттық спортты әлі де дамытуды қажет ететін аймақтар бар. Әсіресе Қос­танай, Ұлытау, Шығыс Қазақстан облыс­та­рының нәтижелері төмен.

«Кейінгі жылдары елімізде ұлттық спорт қарқынды дамып келеді. Оның дәлелі 2023 жылдың өзінде біздің спортшылар халықаралық ареналардағы жарыстардан 35 алтын олжалады. Қазір орталыққа қарайтын 11 спорт түрі бар. Әрқайсысының дамуы жүйелі жолға қойылған. Сонымен қатар оларды заманауи талаптарға сай қылу мақсатында соңғы үлгідегі технологияларды да қо­сып жатырмыз. Біз жыл сайын ұлттық спорттағы үздік өңірлерді анықтап отырамыз. Өздеріңіз білетіндей, бұл жағынан еліміздің оңтүстік аймағы алда тұр. Әсіресе Түркістан облысы өзгелерден көш ілгері. Мұның барлығы – аймақтағы спортқа жауапты мамандардың, спорт басқармасының жүйелі жұмысының арқасы. Сонымен қатар Астана қаласы қарқынды дамудың жолына түскен. Бұл өңірде асық ату, тоғызқұмалақ, дәс­түрлі садақ ату, құсбегілік және қазақ күре­сінің өкілдері алда келеді. Дегенмен ат спортына қатысты мәселелер бар. Бұл алдағы уақыттың еншісінде шешілетін дүние деп есептеймін. Бұйырса, барлық нәтиженің қорытындысын биыл өтетін Дүниежүзілік көшпелілер ойнында көреміз», дейді Ұлттық және ат спорты түрлері орталығының директоры Бақдәулет Сәбитов.

Сөйтіп, ұлттық спорттың жоспар­ланған шаралары толығымен аяқталды. Енді биыл әр спорт түрінен ішкі бірін­шіліктер ұйымдастырылады. Сонымен қатар ұлттық құрама мүшелері халық­аралық жарыстарға қатысып, ел намысын қорғайды. Ал ең басты мақсатымыз – қыркүйек айында өтетін Дүниежүзілік көшпелілер ойындарында барынша табыс­ты өнер көрсетіп, барша қазақ жұртын жарқын жеңістерімізбен қуанту.