Тарихқа үңілсек, қазақтың Адай жылқысына орыс ғалымдарының аңсары ақ патшаның заманында-ақ ауғаны байқалады. Атты әскер командирі М.Арнольди жазбаларында Адай жылқысы жақсы сипатталған. Бірінші – төзімділігі, екінші – ауырмайтындығы, үшінші – сусыз жүз шақырым жерді жүріп өтетіні, төртінші – асандықпен арымайтыны, бесінші – арқасының жауыр болмайтыны, алтыншы тұяқтары мықты болатыны айтылған. Жылқы ұстаймын дегендерге бұдан артық не керек?
Зерттеушілердің бәрі дерлік Адай жылқысының мініске төзімділігіне тәнті болған. А.Вилькинс және Я.Полферов зерттеу мақалаларында «Қазақтың ең жақсы жылқы тұқымы – арғымақ» деп Адай жылқысына арнайы тоқталған («Лучшие породы киргизской лошади – адай», журнал «Коневодство», 1899).
Осы мақалада оның шабысқа шыдамдылығы қазақтың жылқыларын, көбіне түрікмен жылқылары – текен мен жәуміт тұқымдарымен будандастыру арқылы қалыптасқаны баяндалады.
Адай жылқысын ғылыми-зерттеу жұмыстары 1933 жылы Қазақстанда Мал шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты ашылған кезден бастау алады. Институт құрылымында жеке «жылқы шаруашылығы» бөлімі ұйымдастырылады. Жылқы шаруашылығы бөлімінің басшылығына ғылым кандидаты А.Мишарев тағайындалып, алғашқы жұмысын қазақ жылқыларын, оның ішінде Адай жылқысын арнайы зерттеуден бастайды.
Қазақ жылқысының қадір-қасиетін түбегейлі зерттеген жылқы шаруашылығының танымал ғалымдары Ю.Барминцев, Б.Садыков, С.Омаров, И.Нечаев, А.Росляков (Эксперименталды биология институтының экспедициялық тобының жетекшісі) А.Имангалиев, С.Рзабаев, Г.Сизоновтар бірауыздан Адай тұқымын өсіруді, оның мініс қасиетін жақсарту барысында асылдандыру жұмыстарын жоспарлы түрде жүргізуді құптаған. Осы орайда ғалымдар Адай жылқысын өсіру барысында жергілікті жерге бейімді әрі төзімді малдарды сұрыптау арқылы қолтума төлдерді жақсарту ұстанымына басымдық берді.
Адай жылқысын тану бағытындағы ең маңызды кезең – 1944-1956 жылдар. Осы жылдары «Гурьев мемлекеттік асыл тұқымды жылқы өсіру» (Госплемрассадник) мекемесі құрылады. Осы мекеме ғылыми негізде Адай жылқысын өсіру мен бағым-күтімін реттеу арқылы асыл тұқымды мал басын көбейтуді жүзеге асырған еді. Мекеме тікелей КСРО Ауыл шаруашылығы министрлігі қарауындағы С. Буденный басшылық ететін Жылқы және жылқы зауыттары бас басқармасы құрамына енді және тікелей одақ бюджетінен қаржыландырылды.
Адай жылқысы туралы көп жылғы зерттеу жұмыстарын зерделеген алғашқы жазба Б.Садықовтың ғылыми еңбегі («Биологические и хозяйственные особенности адаевской лошади», 1958) болатын. Бұл кітапта Адай жылқысының шығу тарихы, тұқымды өсіру технологиясы, жайылымда бағу үрдісі баяндалған және биологиялық қасиеттері (ішкі және сыртқы ағза ерекшелігі) сипатталып, өнімділік қабілеті – сүттілігі, еттілігі және мініс қасиеттері барынша қамтылған.
Осы зерттеулерді жалғастырған А.Иманғалиев («Адаевская лошадь», 1962) ғылыми еңбегінде алғаш рет қазақ жылқысының Адай тармағында 7 генеалогиялық құрылым қалыптасқанын дәлелдеп, әр аталық айғырдың тұқымдық ерекшеліктерін (сырт тұрпаты, түр-түсі, мініс қасиеті) сипаттаған. Сол кезеңде Өрендік, Еңсегенторы, Қибаскөк, Бекесторы, Есполайторы, Есполайжирен, Ізтұрған атты жеті аталық айғыр үйірінде 255 айғыр мен 653 бие болғаны айтылады.
Жоғарыда келтірілген ғылыми ізденістер топтастырылған, басқа да мәліметтер жүйеленген Сәбит Әбішұлының «Тағылым» (2009) атты еңбегі – Адай жылқысын танимын деген адамдарға таптырмайтын маңызды дереккөз.
Адай жылқысы негізінен Батыс Қазақстан аймағында, оның ішінде Маңғыстау, Атырау, ішінара Қызылорда өңірлерінде өсіріледі. Жазы аптап ыстық, қысы қақаған суық Маңғыстау өңіріне тек Адай жылқысы жерсінген. Жыл он екі ай жайылымнан өз қорегін таба алатын, жұмыста күй таңдамайтын, мініске берік жылқы екенін дәлелдеген тек Адай тұқымы.
Кейінгі жылдары (2020, 2021) сырттан әкелінген малдардың қуаңшылыққа шыдай алмай қырылып қалғаны Адай тұқымының қадірін еске салды. Өткен ғасырдың 30-жылдары және 1968-1969 жылдары жұт кезінде де жергілікті Адай жылқысының аман қалғаны – осы тұқымның қуаңшылықтың қатаң қысымына төзімділігін айғақтайтын фактілер.
Осы орайда ғылыми тұрғыдан Адай жылқысының табиғаттың қатал климатына төзімділігі, күй таңдамайтыны, мініске беріктігі сияқты төл таңба қасиеттері – сол өңірді мекендеген байырғы бабалардың көреген селекциялық жұмыстарының жарқын көрінісі. Табиғаттың тылсым күшін жете меңгерген бабаларымыз жаратылыс заңдылығын ұтымды пайдаланғанына осы Адай жылқысы куә. Сонымен Адай жылқысы табиғаттың тамаша туындысы әрі халықтық селекцияның үздік жетістігі ретінде бағалы.
Қазақстанда жылқы шаруашылығын дамыту барысында сындарлы саясаттың болмауы және үзік-үзік жүргізілген селекциялық жұмыстар, жалпы жылқы саласының өркендеуіне қол байлау болғаны ащы шындық. Осы орайда Адай жылқысын жан-жақты зерттеп, оның жақсы қасиеттерін жетілдіруге бағытталған ғылыми ізденістер де дәрменсіз болды.
Академик И.Нечаевтың басшылығымен жүргізілген ғылыми жұмыстар барысында Адай жылқысын негізгі, міністі және өнімді тип деп үш топқа топтастырған еді. Өндірістік бағыттағы Адай жылқысын дамыту бойынша біршама жұмыстар атқарылды. Өйткені Адай жылқысына қатысты мал өсіруді мақсат тұтқан көптеген шаруалар өнімді бағыттағы жылқыларды өсіруге ұмтылды. Бұл бағытта Мал шаруашылығы және мал азығы өндірісі ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары 2010 жылы Адай жылқысының өнімді бағыттағы қалыптасқан генеалогиялық құрылымына сүйене отырып: «Есполайжирен», «Есполайторы» және «Амандықторы» атты үш зауыттық аталық-іздерін апробациядан өткізген еді.
Осы кезең Қазақстанның тәуелсіздік алған алғашқы жылдары және ғылыми ізденістердің, әсіресе мініс бағытындағы Адай жылқысымен жүргізілетін селекциялық жұмыстардың әлсіз кезі еді. Адай жылқысының мініс бағытындағы типіне 2009 жылдан бастап назар аударыла бастады.
Жылқы шаруашылығы бөлімінің басшысы Г. Сизоновтың басшылығымен алғаш мемлекеттік деңгейде 2011 жылы алыс қашықтыққа бәйге ұйымдастырылып, Адай жылқысының мініс қасиеті әлемге дәріптелді. Осы үрдіс сабақтастығын тауып, халықаралық жарыстарға ұласты.
Мысалы, 2011, 2012, 2014 жылдары өткен 80, 120 және 160 км қашықтыққа арналған Маңғыстау әкімінің кубогі; 2011, 2012, 2013, 2014 жылдары өткен 80 және 120 км қашықтыққа арналған Орталық Азия чемпионаты (Талғар, Алматы облысы); 2011, 2012, 2013 жылдары 80 және 160 км қашықтыққа өткен Балтық елдері мен ТМД елдерінің «Ынтымақтастық кубогі» фестивалі; 2012 жылы Астана қаласында өткен Президент кубогі.
2013 жылы Әбу-Дабиде өткен халықаралық жарыста Қазақстан атынан негізінен Маңғыстау өңірінің атбегілері мен шабандоздары қатысты. Жалпы, Адай жылқысы 2011-2014 жылдары 80, 120 және 160 км қашықтыққа арналған 22 халықаралық жарысқа қатысты. Сонымен қатар Адай жылқысы 2022 жылы өткен «Ұлы дала жорығы» марафонында жеңімпаз атанып, 2023 жылы өткен марафонда жақсы көрсеткіштер көрсетті. Осы жарыстардың ұйымдастырылуына ықпал еткендердің бел ортасында Қазақ мал шаруашылығы және жемшөп өндірісі ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары Дәурен Сыдықов, Жөкең Тұрмұхаметов, Ғабиден Бақтыбаев бастаған топ жүрді.
Сонау 2011 жылдары 80 км қашықтыққа өткен Балтық елдері мен ТМД елдерінің «Ынтымақтастық кубогі» фестивалінің жеңімпазы атанған Ратторы-60 айғырының ұрпақтары ғалымдардың назарына ілініп, есепке алынып, биыл осы топтың негізінде Ратторы-60 зауыттық аталық-ізі апробацияланды. «Ынтымақтастық кубогі» фестивалінде «Ратторы» айғырдың үш баласы «Ойлы», «Қасқатай», «Жезкиік» 80 км қашықтықта алдына қара салмады. Осылардың ішінен «Жезкиік» атты айғыр суырылып шығып 2011-2014 жылдары қатарынан бірнеше аламан бәйгенің жүлдегері атанды. Әсіресе 2014 жылы Каен (Франция) қаласында өткен әлемдік ат ойындарына қатысу үлкен мәртебе еді. Ратторының кіндігінен тараған «Жезкиік» айғыры 80 км қашықтықты 21,48 км/сағат жылдамдықпен өткен өрен жүйрік. Ратторыдан тарайтын «Қозыкүрең» мен «Үштоған» аттары да – жүлделі орынды иемденген жүйріктер.
Адай жылқысының мініске арналған жеңіл түрі 2011 жылдан бері біздің институттың ғалымдары тарапынан қолдау тауып, жарыстарға қатысқан әр аттың, әсіресе халықаралық жарыстардан жүлде алған әр жануардың ерекшеліктері назарға алынып, жазбаша таңбаланып отырды.
Осы жылқылардың шежіресі жасалып, бәйге атына тән ерекшеліктерінің барлығы қағазға түсірілді. Осылайша, Мал шаруашылығы және мал азығы өндірісі ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары 2022-2023 жылдары бәйгеге қатысқан барлық аттардың сырт түр-тұрпаты (фенотипі) ерекшеліктерін жүйелеген ғылыми сараптама дайындады. Институттың генетикалық сараптама зертханасында ең үздік жануарлардан алынған қан сынамасының негізінде Адай жылқысының генетикалық сипаты да жасалды.
Өткен жылы Қазақстанда алғаш рет Адай жылқысының дара нуклеотидтер полиморфизмы (SNP) бойынша генетикалық алуантүрлілігі зерттелді. 126 бас жылқыдан алынған қан сынамасы негізінде 81 974 SNP тізбегі зерттеліп, Адай жылқысының генотиптік ерекшелігі анықталды. Сирек аллелдердің кездесу жиілігі, олардың байланыс теңгерімі және жақын туыстығы (инбридинг) сияқты генетикалық ерекшеліктер айқындалды. Адай жылқысының басқа тұқымдардан айырмашылығын анықтау үшін қосымша кластерлік талдау жасалды.
Аламан бәйгелерде жүлделі болған, түр-тұрпаты Адай тұқымына тән 15 бас жылқыдан қан алынып, толық геномдық сараптама жасалды. Егер де генотиптік талдау бойынша 81 974 SNP тізбегіне сараптама жүргізілcе, толық геномдық талдау бойынша 6,3 млн SNP тізбегіне зерттеу жасалды.
Сонымен қатар Еуроазиялық одақ талабы бойынша жаңадан апробацияланатын аталық іздер мен типтердің үйір ұстаған айғырларын тұқым қуалайтын ауруларға төзімділігі бойынша генетикалық сараптамадан өткізу жұмыстары да елімізде алғаш рет жүзеге асырылды.
Ең күрделі әрі қауырт жұмыс былтыр Президент тапсырмасына орай Маңғыстау өңірінің 5 ауданының 30 шаруашылығын қамтыған экспедициялық ғылыми зерттеулер болды. Экспедициялық зерттеулер барысында 5 мыңнан астам Адай жылқысы алғашқы кешенді бағалаудан өтіп, оның мыңнан астам басы жаңа тұқым ретінде танылатын Адай жылқысына қойылатын талап үдесіне сай түр-тұрпатына және селекциялық құндылығына қарай асыл тұқымды малдар тобына шоғырландырылды. Осы таңдаулы малдардан қан алынып, Адай жылқысының генетикалық ерекшелігін адақтайтын геномдық сараптама жасалды.
Елімізде ең алғаш генотиптік сараптама негізінде апробацияланған бірегей жаңа тұқым – Адай жылқысы. Генетикалық зерттеулердің астарында екі үлкен мақсат тұрды. Бірінші мақсат – жаңа тұқымды апробациялау кезінде олардың тектілік қасиетін гендік деңгейде растау. Сондай-ақ тұқымның жақсы қасиеттерін жетілдіру барысында селекциялық жұмыстарды дәстүрлі фенотиптік әдіспен қатар ДНК маркер ұстанымымен жүргізу маңызды. Яғни жаңа тұқымның болашағы заманауи әдістеме – геномдық селекция жолымен ұласқаны көзделді. Екінші мақсат – мініс бағытындағы Адай жылқысының генетикалық ерекшелігін толығымен қамти отырып, оның ерекше дербес қасиеті ұзақ шабысқа шыдамды қабілетінің генетикалық заңдылығын анықтау. Маңғыстау өңірінде өсірілген 1 300-ден астам жылқыдан алынған қан сынамасын зерттеу барысында Адай жылқысының генетикалық құрылымы қазақ жылқысының басқа тармағынан, мысалы, Жабы, Мұғалжар тұқымдарынан ерекше дараланатыны айқындалды. Ресей ғалымдарымен бірлесіп жүргізіліп жатқан тұтас геномдық зерттеулер нәтижесі болашақта Адай жылқысын сұрыптау барысында геномдық селекция әдісін толығымен қолдануға жол ашады.
Ел Президенті 2022 жылы Маңғыстау өңірі жұртшылығымен кездесуде «Адай жылқысын әлемге таныта алсақ, ол тағы бір тамаша брендімізге айналады», деп Үкіметке Адай жылқысын асыл тұқымды мал ретінде ғылыми тұрғыдан тану және өсіру үшін тиісті шаралар қабылдауын тапсырған еді. Осы тапсырма аясында ауыл шаруашылығы тарапынан Адай жылқысын ғылыми қамту мәселесіне пәрмен беріліп, Мал шаруашылығы және жемшөп өндірісі ғылыми-зерттеу институты ұжымына қордаланған мәселелерді жедел шешіп, Адай жылқысын жаңа тұқым ретінде апробациялауды жылдың аяғына дейін аяқтауды жүктеген еді.
Осы сенім толығымен ақталды. 2010 жылдан бастау алған селекциялық жұмыстарға серпін беріліп, маусым айының басында мініс бағыттағы «Ратторы-60» аталық-із құжаттары Әділет министрлігіне жолданды. Шілде, тамыз айларында мініс бағыттағы «Бұғабай киік қоңыр – 98» және «Манап сұр – 93» айғырларының ұрпақтары негізінде екі аталық-ізді апробациялауға қажет құжаттар дайындалды. Адай тұқымының мініс түріне тән жылқыларының ерекшеліктері зерттеліп, әсіресе жарыс және бәйге кезінде көрсеткен көрсеткіштері зерделеніп, осы жылқыларға тән белгілердің біркелкілігі және тұқым қуалау қасиеттері анықталып, жаңадан апробациядан өтетін мініс түрінің толық сипаттамасы жасалды. Сонымен «Ратторы-60», «Бұғабай киік қоңыр-98» және «Манап сұр-93» аталық-іздері негізінде Адай жылқысының жаңа тармағы «Адай тұқымішілік мініс типі» жаңа селекциялық жетістік ретінде мемлекеттік тіркеуден өтті.
Осы жұмыстармен қатар 2010 жылдары апробациядан өткен үш зауыттық «Есполайжирен», «Есполайторы», «Амандықторы» аталық-іздерінің ұрпақтары селекциялық сараптамадан қайта өткізіліп, Адай жылқысының өнімді бағыттағы жаңа тармағы «Маңғыстау тұқымішілік типі» апробацияланды. Қолданыстағы «Селекциялық жетістіктер» туралы заңнама бойынша жаңа тұқым шығару үшін екі тұқымішілік тип болуы шарт еді.
Сонымен қазақ жылқысының Адай тармағының өнімдік бағыттағы «Маңғыстау тұқымішілік типі» және мініс бағытындағы «Адай тұқымішілік мініс типі» негізінде қазақ жылқысының жаңа түрі Адай тұқымы жаңа селекциялық жетістік ретінде танылып, мемлекеттік реестрге тіркелді.
Ауыл шаруашылығы министрлігі қолдауымен Қазақ мал шаруашылығы және жемшөп өндірісі ғылыми-зерттеу институтының қызметкерлері, Н.Ноғаев бастаған Маңғыстау облысының басшылығы, Маңғыстау өңірінде Адай жылқысының жыртысын жыртып жүрген «Асыл тұқымды Адай жылқысы» қауымдастығының азаматтары жұмыла жүргізген жұмыстың арқасында бір жылдың аясында Адай жылқысын дербес тұқым ретінде тану барысында алты селекциялық жетістікті қатар рәсімдеуге қол жеткізілді.
Ең бастысы, Маңғыстау жұртшылығының көп жылдан бері үкілеген үміті – Адай жылқысын дербес тұқым ретінде тану жүзеге асты. Яғни Адай жылқысы жеке тұқым мәртебесін иеленіп, қазақтың өңірлік бренді ретінде дүние жүзіне танылуына толық мүмкіндік алды. Ең маңыздысы – Адай жылқысы табиғаттың тамаша туындысы әрі халық селекциясының үздік жетістігі ретінде халықаралық жарыстарда жеткен жетістіктерін жеңімпаздықпен жалғастырып, ұлттың ұлылығын танытатын құндылығын арттыра берсе деген сенімді ақтау. Осы орайда Адай жылқысының жақсы қасиеттерін ұштау бағытында атқарылатын ғылыми және ұйымдастыру іс-шаралары әлі де ұшан-теңіз.
Әсіресе Адай жылқысының алыс шақырымға шабатын қарымды қабілетін әлемге таныту. Дұрыс ұйымдастырылған жұмыс Адай жылқысының бәсін арттырып, бәйге дүбірімен әлемді қарата алуына жол ашары хақ. Өткен жылғы жақсы жетістіктердің бірі – жылқының жаңа түрі Адай тұқымының аламан жарыстарда жұлдызы жарқырап, мәреге жете беруіне сәт сапар тілейік.
Айбын ТӨРЕХАН,
Қазақ мал шаруашылығы және жемшөп өндірісі ғылыми-зерттеу институтының директоры, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор