Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Тоқаев «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы» атты Жолдауында: «Бұқаралық ақпарат құралдары бәсекеге қабілетті және еркін болуы керек. Бұл қағидат қазір кез келген өркениетті ел үшін айрықша маңызды. Отандық ақпарат құралдарының елімізде, әлемде болып жатқан оқиғаларға байланысты өз көзқарасы болу керек. Еліміздің ақпараттық қауіпсіздігі, идеологиялық дербестігі осыған тікелей байланысты», деген еді. Ал былтыр Үкімет қаулысына сәйкес, қазақ журналистикасының ізашары саналатын «Қазақ» газетінің алғашқы нөмірі шыққан күн Ұлттық баспасөз күні болып бекітілді.
Қазіргі таңда еліміздегі бұқаралық ақпарат құралдарын заман көшіне ілестіруге, саланы дамытуда ауқымды жұмыс атқарылып жатыр деп айта аламыз. Мәселен, былтыр наурыз айында Мемлекет басшысының Жарлығымен сөз бостандығын одан әрі қамтамасыз етуге, отандық медиасфераның бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және ақпараттық егемендікті нығайтуға бағытталған «Ақпараттық доктрина» бекітілді. Тамыз айында Үкіметтің қаулысымен оны іске асыруға бағытталған іс жоспары қабылданды.
Жалпы, тәуелсіздік алғалы бері баспасөз саласы қарқынды дамыды деп айтуға толық негіз бар. Мәселен, 1991 жылы тоғызыншы территорияда небәрі 10 республикалық газет пен журнал ғана жарық көретін. Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметіне сүйесек, 2024 жылы елімізде 5 804 бұқаралық ақпарат құралы тіркелген. Соның ішінде 3 985 мерзімді басылым оқырманымен қауышып отыр (2 213 газет, 1 172 журнал). Бұдан бөлек, 212 телеарна, 90 радио, 1 222 ақпарат агенттігі мен интернет басылым бар.
Осы орайда айта кеткен жөн, қазіргі таңда «Масс-медиа туралы» заң жобасы Мәжілісте талқыланып жатыр. Құжаттағы баспасөз картасына қатысты қоғамда дау туғаны белгілі. Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның айтуынша, журналистер мен Мәжіліс депутаттарының пікірі ескеріле отырып, баспасөз картасы ұғымын айқындау тәсілдері қайта қаралмақ.
Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»
Сондай-ақ 2023 жылы 10 шілдеде саладағы заңнаманы жетілдіру мақсатында «Онлайн-платформалар және онлайн-жарнама туралы» заң қабылданды. Құжатта мемлекеттік тілдегі онлайн-платформалар интерфейсін дамыту көзделген. Жарнамалық мазмұнды орналастыратын пайдаланушылардың жарнаманы таңбалау қажеттілігіне ерекше мән беріледі. Бұл ережелер барлық қажетті талдаудан өтті және 2024 жылдың ақпан айының соңына дейін қабылданады. Олар коммерциялық негізде материалдарды орналастыратын онлайн платформа пайдаланушыларына әсер етеді. Сонымен қатар пайдаланушылар мен инфлюенсерге қатысты жалған ақпарат таратқаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.
Стратегиялық зерттеулер институтының Электоралды үдерістерді зерттеу бөлімінің бас сарапшысы Дулат Өтеғали «Масс-медиа туралы» заң жобасы саланы жетілдіретініне сенімді.
«Қазіргі таңда ақпарат алаңында биылғы 25 қаңтарда Мәжілістегі жұмыс тобының отырысында қаралған «Масс-медиа туралы» заң жобасына ұсынылған түзетулер талқыланып жатыр. Ең алдымен, қазіргі түзетулер Сыртқы істер министрінің шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдіктерін және олардың журналистерін аккредиттеу қағидалары жөніндегі 2016 жылғы 18 мамырдағы № 11-1-/192 бұйрығын заң деңгейіне көтерумен байланысты.
Жалпы, бұл үдеріс халықаралық тәжірибеде де қолданылады. Мәселен, Малайзияда осындай заң 1984 жылы қабылданып қойған. Соған сәйкес, БАҚ жыл сайын Малайзияның Ішкі істер министрлігінде өз қызметіне лицензия мен рұқсат алуы керек. Сонымен бірге бұл орган елдің ұлттық қауіпсіздігінің мүдделеріне қауіп төндіретін жарияланымдарды шектеуі немесе тыйым салуы мүмкін. Түркияда да осы елдердің аумағында жұмыс істейтін БАҚ өкілдері журналистік қызметті жүзеге асыру үшін тиісті органдардың мақұлдауынан өтуге міндетті», дейді Д.Өтеғали.
Оның сөзіне сенсек, аталған мемлекетте заңнаманы бұзғаны және заңсыз контент жариялағаны үшін бұқаралық ақпарат құралдарының қызметі шектеледі. Сондай-ақ кейбір жағдайларда елден депортация жасалады. Осы орайда сарапшы заң жобасына енгізілетін түзетулер нақтылаушы сипатқа ие және шетелдік БАҚ қызметін реттеуді қатаңдатуға бағытталмағанын атап өтеді.
Журналист, IT маманы Ерлан Оспанның айтуынша, қазір бұқаралық ақпарат құралдарындағы басты мәселенің бірі – журналистиканың пиармен, маркетингпен араласып кетуі.
«Оқырман тылынан айтсам, басты проблема – журналистиканың пиармен, маркетингпен будандасуы дер едім. Қазір қаржылық немесе саяси мүдде шырқау шыңына жетті, кейде иненің жасуынан білдірмей өткізген идеяны байқау тіпті кәсіби жазарманның өзіне оңай емес. Яғни журналистер фактінің өзін әлдебір дискурс аясында береді, сөзін растап тұрғандай қылады. Мұны біреулер заманның сазы, тіпті постмодерннің ақырғы кезеңінің болмысы деп, өнертану терминдерімен ақтап жатады», дейді Е.Оспан.
Сайттар оқырман санын арттыру үшін түрлі саржағал ақпарат жазып, жеңіл жаңалықпен күн көруге көшкен. Сарапшының пайымдауынша, қазір күрделі проблеманың тағы бірі – рейтинг қуалау.
«Екінші мәселе – онлайн медианың экономикалық шындықтың зілінен амалсыздан трафик жолындағы раллиге түсуі. Тапсырыс беруші бюрократ та, кәсіпкер де «кәнеки есептегішің?» дейді. Сондықтан редакцияға журналист апталап зерттейтін материал жазғанынан, басы жанжалдан арылмаған біреудің бүгінгі тынысын жазған жақсы. Тіпті ондай журналист, журналист емес-ау, ендігәрі копирайтер редакцияларда сыйлы болып есептеледі. Жылу қазандығынан жұлдыздың жылау себебі артық болып тұр. Оқырман биігінен көрініп тұрған проблемалар осылар», дейді Е.Оспан.
Дегенмен кейінгі кезде мемлекет тарапынан бұқаралық ақпарат құралдарына ерекше көңіл бөлініп келеді. Мәселен, былтыр Мемлекет басшысының бастамасымен журналистердің кәсіби мерекесінде 65 әріптесіміз баспана кілтін иеленді. Тегін берілген пәтерлер «Дара» президенттік бастамалар қоры мен «Халық» қайырымдылық қорының қолдауымен салынды. Бұл – мемлекет тарапынан көрсетілген қолдаудың әлеуметтік жағы.
Бірақ Ерлан Оспан бұқаралық ақпарат құралдары саласын дамыту бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға көңілі толмайды. Оның бәрі далаға кетіп жатқан күш-қуат деп бағалайды.
«Себебі мынада. Журналисті сыйақы-қаламақымен ынталандырып жатады, фейкті ажырату бойынша курстан өткізіп жатады, т.б. Алайда ол ақыры – трафик жолында жан пида, қолданушыға «қанды басың бері тарт!» деп атойлаған редакцияға барады. Сонымен бітті. Онсыз да мәлімді жария еткен Мәлімбек сияқты болып тұрмын, бірақ көріп отырған мәселеміз осы», дейді Е.Оспан.
Медиа саласындағы келесі мәселе – өңірлердегі бұқаралық ақпарат құралдарының орталықпен бір деңгейде дамымауы. Осы орайда, сенатор Бибігүл Жексенбай өңірлердегі ақпараттық қауіпсіздікті күшейту қажет деп есептейді.
«Қазақстанда тіркелген 83 телерадиокомпанияның 21-і республикалық деңгейде хабар таратады. Оның тек 15-і мультиплекске тегін енген. Ал Қазақстан көрермендеріне ұсынылған шетелдік телеарналар саны 300-ге жуықтады. Қазір сырттан ағылған ақпараттық-насихаттық инъекциялардың күшеюі назар аудартады. Әсіресе шекаралық аймақтардың тұрғындары үшін шетелдік ақпарат көзі үйреншікті болған. Қазақстанда цифрлық телевизияға көшуді 2015 жылға жоспарланғанымен, мерзімі тағы 10 жылға созылып, әлі толыққанды аяқталған жоқ», дейді Б.Жексенбай.
Депутаттың айтуынша, цифрлық телевизияға көшсек, республикалық маңызы бар қалалар мен облыс орталықтарында 30 арнаға дейін, ал облыс орталығынан шалғай елді мекендерде 15 арнаға дейін телеарналарды трансляциялауға мүмкіндік пайда болатыны туралы уәде берілген. Алайда әзірге мемлекеттік арналардан басқалары үшін мультиплексте хабар тарату арман болып отыр.
«Өңірлік, әсіресе шекаралық аумақтағы жекеменшік телеарналар одан орын ала алмайды. Себебі бағасы удай қымбат. Яғни жекеменшік арналардың дамуына, отандық контенттің көбеюіне өзіміз кедергі жасап отырмыз. Республикалық телеарналарға балама іздеген көрермен Қазақстанмен шекаралас елдердің телеарналарына телміріп, жат елдің идеологиясын санасына сіңіруде. Бір өкініштісі, «Отау ТВ» арқылы отандық телеарналарымыз өзге елге хабар таратуына шектеу болғанымен, тәуелсіздік жылдарында алыс-жақын шетелдің бұқаралық ақпарат құралының Қазақстан аумағына таралуына кең мүмкіндік бердік. «Сұр» антенналар арқылы көрші елдің идеологиясы жерімізге еркін тарап, жас ұрпақтың санасын улап жатқанын, тіпті елге іріткі салатын жәйттерге әкеліп жатқанын көріп отырмыз», дейді Б.Жексенбай.
Дегенмен шекаралас аудандарда отандық радиохабар тарату желісін дамыту біртіндеп жолға қойылып келеді. Мәселен, жиілікті бөлу бойынша конкурс ұйымдастырылып, өткізілді. Қазіргі таңда Атырау және Шығыс Қазақстан облыстарында цифрлық эфирлік телехабар таратудың 11 Радиотелевизиялық стансасы пайдалануға берілді. Мәдениет және ақпарат министрі А.Балаева келтірген деректерге сүйенсек, отандастарымыздың 93 пайыздан астамы цифрлық эфирлік хабарын таратумен қамтамасыз етілген.
Сондай-ақ «Қазмедиа орталығының» хабар тарату ядросын жаңғыртудың кезекті кезеңі аяқталып, оның энергия жүйесін толық жаңарту қамтамасыз етілді. Республика күніне орай Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарында «Қазақ радиосының» бес радио таратқышы іске қосылды. Ендігі кезек ұлттық нақыштағы хабарларды тағы 11 мыңға жуық адам тыңдай алады деген сөз. 2023 жылы «Otau TV» ұлттық спутниктік телерадио хабарларын тарату қызметіне 31 мыңға жуық абонент қосылды. «Otau TV» қызметіне барлығы 1,6 млн астам абонент қосылып отыр.
Қысқасы, елімізде бұқаралық ақпарат құралдары ілгерілеп келеді деп айтуға толық негіз бар. Әлбетте, салада шешуді қажет ететін жұмыстар да жеткілікті. Ең бастысы – ұлт журналистикасын дамытуға деген ниет түзу.