• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Басылым 02 Ақпан, 2024

БАҚ – елдің айнасы

324 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Тоқаев «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы» атты Жолдауында: «Бұқаралық ақпарат құралдары бәсекеге қабілетті және еркін болуы керек. Бұл қағидат қазір кез келген өркениетті ел үшін айрықша маңызды. Отандық ақпарат құралдарының елімізде, әлемде болып жатқан оқиғаларға байланысты өз көзқарасы болу керек. Еліміздің ақпараттық қауіпсіздігі, идеологиялық дербестігі осыған тікелей байланысты», деген еді. Ал былтыр Үкімет қаулысына сәйкес, қазақ журналистикасының ізашары саналатын «Қазақ» газетінің алғашқы нөмірі шыққан күн Ұлттық баспасөз күні болып бекітілді.

Қазіргі таңда еліміздегі бұқаралық ақпарат құралдарын заман көшіне ілестіруге, саланы дамытуда ауқымды жұмыс атқарылып жатыр деп айта аламыз. Мәселен, былтыр наурыз айында Мемлекет басшысының Жарлығымен сөз бостандығын одан әрі қамтамасыз етуге, отандық медиасфераның бәсе­ке­ге қабілеттілігін арттыруға және ақ­параттық егемендікті нығайтуға ба­ғытталған «Ақпараттық доктрина» бе­­кітілді. Тамыз айында Үкіметтің қау­­лысымен оны іске асыруға бағыт­тал­ған іс жоспары қабылданды.

Жалпы, тәуелсіздік алғалы бері бас­па­сөз саласы қарқынды дамыды деп айту­ға толық негіз бар. Мәселен, 1991 жы­лы тоғызыншы территорияда небәрі 10 рес­пуб­ликалық газет пен журнал ғана жа­рық көретін. Мәдениет және ақпарат министр­лігінің мәліметіне сүйесек, 2024 жылы елімізде 5 804 бұқаралық ақпарат құралы тіркелген. Соның ішінде 3 985 мерзімді басылым оқырманымен қауышып отыр (2 213 газет, 1 172 журнал). Бұдан бөлек, 212 телеарна, 90 радио, 1 222 ақпарат агенттігі мен интернет басылым бар.

Осы орайда айта кеткен жөн, қа­зір­гі таңда «Масс-медиа туралы» заң жобасы Мәжілісте талқыланып жатыр. Құжаттағы баспасөз картасына қа­тысты қоғамда дау туғаны белгілі. Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның айтуынша, журналис­тер мен Мәжіліс депутаттарының пі­кірі ескеріле отырып, баспасөз картасы ұғымын айқындау тәсілдері қайта қаралмақ.

Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

Сондай-ақ 2023 жылы 10 шілдеде саладағы заңнаманы жетілдіру мақса­тын­да «Онлайн-платформалар және онлайн-жарнама туралы» заң қабыл­дан­ды. Құжатта мемлекеттік тілдегі онлайн-платформалар интерфейсін дамыту көзделген. Жарнамалық маз­мұнды орналастыратын пайда­ла­ну­шылардың жарнаманы таңбалау қажеттілігіне ерекше мән беріледі. Бұл ережелер барлық қажетті талдаудан өтті және 2024 жыл­дың ақпан айының со­ңына дейін қабылданады. Олар ком­мер­ция­лық негізде материалдарды орналастыратын онлайн платформа пайдаланушыларына әсер етеді. Сонымен қатар пайдаланушылар мен инфлюенсерге қатысты жалған ақпарат таратқаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.

Стратегиялық зерттеулер инсти­ту­­ты­ның Электоралды үдерістерді зерттеу бөлімінің бас сарапшысы Дулат Өтеғали «Масс-медиа туралы» заң жобасы саланы жетілдіретініне сенімді.

«Қазіргі таңда ақпарат алаңында биылғы 25 қаңтарда Мәжілістегі жұ­мыс тобының отырысында қарал­ған «Масс-медиа туралы» заң жобасына ұсынылған түзетулер тал­қы­ланып жатыр. Ең алдымен, қазір­гі түзетулер Сыртқы істер ми­нис­трінің шетелдік бұқаралық ақ­парат құралдарының өкілдіктерін және олардың журналистерін аккредит­теу қағидалары жөніндегі 2016 жылғы 18 мамыр­да­ғы № 11-1-/192 бұйрығын заң деңгейіне көтеру­мен байланысты.

Жалпы, бұл үдеріс халықаралық тәжірибеде де қолданылады. Мәселен, Малайзияда осындай заң 1984 жылы қабылданып қойған. Соған сәйкес, БАҚ жыл сайын Малайзияның Ішкі істер министрлігінде өз қызметіне лицензия мен рұқсат алуы керек. Сонымен бірге бұл орган елдің ұлттық қауіпсіздігінің мүдделеріне қауіп төн­ді­ретін жарияланымдарды шектеуі немесе тыйым салуы мүмкін. Түркияда да осы елдердің аумағында жұмыс істейтін БАҚ өкілдері журналистік қызметті жүзеге асыру үшін тиісті органдардың мақұлдауынан өтуге міндетті», дейді Д.Өтеғали.

Оның сөзіне сенсек, аталған мем­ле­кетте заңнаманы бұзғаны және заң­сыз контент жариялағаны үшін бұқа­ралық ақпарат құралдарының қызметі шектеледі. Сондай-ақ кейбір жағдайларда елден депортация жасалады. Осы орайда сарапшы заң жобасына енгізілетін түзетулер нақты­лау­шы сипатқа ие және шетелдік БАҚ қызметін реттеуді қатаңдатуға бағыт­тал­мағанын атап өтеді.

Журналист, IT маманы Ерлан Оспанның айтуынша, қазір бұқаралық ақпарат құралдарындағы басты мәсе­ленің бірі – журналистиканың пиармен, маркетингпен араласып кетуі.

«Оқырман тылынан айтсам, бас­ты проблема – журналистиканың пиармен, маркетингпен будандасуы дер едім. Қазір қаржылық немесе саяси мүдде шырқау шыңына жетті, кейде иненің жасуынан білдірмей өткізген идеяны байқау тіпті кәсіби жазарманның өзіне оңай емес. Яғни журналистер фактінің өзін әлдебір дискурс аясында береді, сөзін растап тұрғандай қылады. Мұны біреулер заманның сазы, тіпті постмодерннің ақырғы кезеңінің болмысы деп, өнертану терминдерімен ақтап жатады», дейді Е.Оспан.

Сайттар оқырман санын арттыру үшін түрлі саржағал ақпарат жазып, жеңіл жаңалықпен күн көруге көшкен. Сарапшының пайымдауынша, қазір күрделі проблеманың тағы бірі – рейтинг қуалау.

«Екінші мәселе – онлайн медианың экономикалық шындықтың зілінен амалсыздан трафик жолындағы раллиге түсуі. Тапсырыс беруші бюрократ та, кәсіпкер де «кәнеки есептегішің?» дейді. Сондықтан редакцияға журналист апталап зерттейтін материал жаз­ғанынан, басы жанжалдан арыл­маған біреудің бүгінгі тынысын жазған жақсы. Тіпті ондай журналист, журналист емес-ау, ендігәрі копирайтер редакцияларда сыйлы болып есептеледі. Жылу қазандығынан жұлдыздың жылау себебі артық болып тұр. Оқырман биігінен көрініп тұрған проблемалар осылар», дейді Е.Оспан.

Дегенмен кейінгі кезде мемлекет тарапынан бұқаралық ақпарат құралдарына ерекше көңіл бөлініп келеді. Мәселен, былтыр Мемлекет бас­шысының бастамасымен журна­лис­­тер­дің кәсіби мерекесінде 65 әріптесіміз баспана кілтін иеленді. Тегін берілген пәтерлер «Дара» пре­зиденттік бастамалар қоры мен «Халық» қайырымдылық қорының қолдауымен салынды. Бұл – мемлекет тарапынан көрсетілген қолдаудың әлеуметтік жағы.

Бірақ Ерлан Оспан бұқаралық ақпарат құралдары саласын дамыту бойынша атқарылып жатқан жұмыс­тар­ға көңілі толмайды. Оның бәрі да­­лаға кетіп жатқан күш-қуат деп баға­­лайды.

«Себебі мынада. Журналисті сыйақы-қаламақымен ынталандырып жа­тады, фейкті ажырату бойынша курстан өткізіп жатады, т.б. Алайда ол ақыры – трафик жолында жан пида, қолданушыға «қанды басың бері тарт!» деп атойлаған редакцияға барады. Сонымен бітті. Онсыз да мәлімді жария еткен Мәлімбек сияқты болып тұрмын, бірақ көріп отырған мәселеміз осы», дейді Е.Оспан.

Медиа саласындағы келесі мәселе – өңірлердегі бұқаралық ақпарат құрал­­да­рының орталықпен бір дең­гейде дамымауы. Осы орайда, сенатор Бибігүл Жексенбай өңірлердегі ақпараттық қа­уіп­сіздікті күшейту қажет деп есеп­тей­ді.

«Қазақстанда тіркелген 83 телера­диокомпанияның 21-і респуб­ли­калық деңгейде хабар таратады. Оның тек 15-і мультиплекске тегін енген. Ал Қазақстан көрер­мен­дер­іне ұсы­ныл­ған шетелдік телеарналар саны 300-ге жуықтады. Қазір сырттан ағылған ақ­па­рат­тық-насихаттық инъек­ция­лар­дың күшеюі назар аудартады. Әсіресе шекаралық аймақтардың тұрғындары үшін шетелдік ақпарат көзі үйреншікті болған. Қазақстанда цифрлық теле­ви­зияға көшуді 2015 жылға жос­пар­ланғанымен, мер­зімі тағы 10 жылға созылып, әлі толыққанды аяқталған жоқ», дейді Б.Жексенбай.

Депутаттың айтуынша, цифрлық телевизияға көшсек, респуб­ли­калық маңызы бар қалалар мен облыс орта­лық­тарында 30 арнаға дейін, ал облыс орталығынан шалғай елді ме­кен­дерде 15 арнаға дейін телеарналарды трансляциялауға мүмкіндік пайда болатыны туралы уәде берілген. Алайда әзірге мемлекеттік арналардан бас­қа­ла­ры үшін мультиплексте хабар тарату арман болып отыр.

«Өңірлік, әсіресе шекаралық аумақ­­та­ғы жекеменшік телеарналар одан орын ала алмайды. Себебі бағасы у­дай қымбат. Яғни жекеменшік арна­лар­дың дамуы­на, отандық кон­тенттің кө­беюіне өзіміз кедергі жасап отырмыз. Республикалық телеарналарға балама іздеген көрер­мен Қазақстанмен шекаралас елдердің телеарналарына телміріп, жат елдің идеологиясын санасына сіңіруде. Бір өкініштісі, «Отау ТВ» арқылы отандық телеарналарымыз өзге елге хабар таратуына шектеу бол­ғанымен, тәуелсіздік жылдарында алыс-жақын шетелдің бұқаралық ақпа­рат құралының Қазақстан аума­ғы­на таралуына кең мүмкіндік бердік. «Сұр» антенналар арқылы көрші елдің идеология­сы жерімізге еркін тарап, жас ұрпақтың санасын улап жатқанын, тіпті елге іріткі салатын жәйт­терге әке­ліп жатқанын көріп отыр­мыз», дейді Б.Жексенбай.

Дегенмен шекаралас аудандарда отандық радиохабар тарату желісін дамыту біртіндеп жолға қойылып келеді. Мәселен, жиілікті бөлу бо­­­йынша конкурс ұйымдастырылып, өткізілді. Қазіргі таңда Атырау және Шығыс Қазақстан облыстарында цифр­лық эфирлік телехабар тарату­дың 11 Радиотелевизиялық стансасы пайдалануға берілді. Мәдениет және ақпарат министрі А.Балаева келтірген деректерге сүйенсек, отандас­тары­­мыз­дың 93 пайыздан астамы цифрлық эфирлік хабарын таратумен қамта­ма­сыз етілген.

Сондай-ақ «Қазмедиа орталы­ғы­ның» хабар тарату ядросын жаң­ғыр­тудың кезекті кезеңі аяқта­лып, оның энергия жүйесін толық жаңарту қам­та­масыз етілді. Республика күні­не орай Қостанай және Солтүстік Қазақ­стан облыстарында «Қазақ радиосының» бес радио таратқышы іске қосылды. Ендігі кезек ұлттық нақыштағы хабарларды тағы 11 мыңға жуық адам тыңдай алады деген сөз. 2023 жылы «Otau TV» ұлттық спутниктік телерадио хабарларын тарату қызметіне 31 мыңға жуық абонент қосылды. «Otau TV» қызметіне барлығы 1,6 млн астам абонент қосылып отыр.

Қысқасы, елімізде бұқаралық ақпа­рат құралдары ілгерілеп келеді деп айтуға толық негіз бар. Әлбетте, салада шешуді қажет ететін жұмыстар да жеткілікті. Ең бастысы – ұлт журналистикасын дамытуға деген ниет түзу.