• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қазақстан 02 Ақпан, 2024

Қазақстан мен Қырғызстан су-энергетика саласындағы өзара іс-қимылды күшейту мәселелерін талқылады

86 рет
көрсетілді

Премьер-министр Әлихан Смайылов Қырғызстан Министрлер Кабинетінің Төрағасы - Президент Әкімшілігінің Басшысы Ақылбек Жапаровпен келіссөз жүргізді. Кездесу Алматыда Еуразиялық үкіметаралық кеңес отырысы қарсаңында өтті, деп жазады Egemen.kz.

Әлихан Смайылов атап өткендей, Қырғызстан Қазақстан үшін стратегиялық әріптес және бауырлас мемлекет болып табылады.

«Біздің көшбасшыларымыздың саяси ерік-жігерінің арқасында бүгінде қазақ-қырғыз қарым-қатынасы сапалы жаңа деңгейге көтерілді»,  деді Премьер-министр.

Үкімет басшысы сондай-ақ елдер арасындағы сауда-экономикалық өзара іс-қимылдың қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. Өткен жылдың 11 айында ғана өзара тауар айналымы 12 пайызға өсіп, 1.3 миллиард долларға жетті. Сонымен қатар Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасы тауар айналымын 2 миллиард долларға жеткізу бойынша бірлескен жұмысты жалғастырып жатыр.

«Бұған Үкіметаралық кеңес пен Өңіраралық ынтымақтастық форумы сияқты екіжақты ынтымақтастық тетіктерінің тиімді қызметі ықпал етіп отыр. Қазақстан Үкіметі Қазақстан-Қырғызстан стратегиялық әріптестігін барлық салаларда одан әрі қолдауға дайын», деді Әлихан Смайылов.

Өз кезегінде Ақылбек Жапаров Қырғызстан мен Қазақстан арасындағы қазіргі қарым-қатынас саяси диалогтың жоғары деңгейін растайтынын атап өтті.

«Өзара сауда мен инвестиция көлемі жыл сайын артып, іскерлік, ғылыми және мәдени байланыстар жанданып келеді. Үкіметаралық кеңес аясында Қырғыз-Қазақстан ынтымақтастығын ұзақ мерзімді дамытудың стратегиялық мақсаттары, тұжырымдамалық тәсілдері мен бағыттары ортақ. Біздің елдер арасындағы белсенді өзара іс-қимыл көпжақты платформаларда жүзеге асырылып жатыр», деді ол.

Ақылбек Жапаров Қырғыз тарапының Қазақстанмен өзара сенім мен түсіністікке негізделген одақтастық қатынастарды одан әрі тереңдетуге мүдделі екенін атап өтті.

Кездесу барысында Үкімет басшылары екіжақты ынтымақтастықтың кең ауқымды мәселелерін, соның ішінде сауда-экономикалық және мұнай-газ салаларындағы мәселелерді талқылады.

Сонымен қатар тараптар қазақ-қырғыз шекарасында жүк көліктері үшін қосымша өткізу пунктін ашу мәселесін жедел пысықтауға, сондай-ақ су-энергетика саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға келісті.