• RUB:
    4.98
  • USD:
    495.95
  • EUR:
    524.37
Басты сайтқа өту
Әскер 02 Ақпан, 2024

Байланыс – басқару тірегі

303 рет
көрсетілді

6654 әскери бөлімі оқу батальонының 1 оқу ротасы Ұлттық ұланның барлық әскери бөлімдеріне байланыс мамандарын дайындайды. Әр жылдың 1-ші және 3-ші оқу кезеңдерінде мерзімді әскери қызметшілер арасында маман-радиотелефонистер оқытылады. Ал 2-ші және 4-ші кезеңдерде алғашқы даярлау және қайта даярлау бағдарламалары бойынша келісімшарт әскери қызметшілері арасында бөліністердің торап бастығы, электр-күш қондырғыларының бастығы, бөліністегі станция бастықтары, радиотелефон тобының бастығы, спутник станциясының маман-технигі, бөлініс бастығы (аппарат) бастықтары мамандықтары бойынша оқытады. Әр оқу кезеңі екі ай уақытты алады.

Мәселен, 2023 жылдың күзінде, яғни, оқу маусымының 4-ші кезеңінде спутник станциясының маман-техниктерін қайта даярлау бағдарламасы бойынша оқу жүргізілді. Бұл сәтте біздер Алматы облысында іссапармен жүрген едік. Қаракемер кентінде орналасқан әскери бөлімге атбасын бұрдық. Мұндағы мақсат - Ұлттық ұланның байланыс мамандарын оқыту бойынша материал әзірлеу. Осы ретте бізге 1 оқу ротасының 3 оқу взводының командирі кіші сержант (материал газетке дайындалып жатқан тұста кейіпкеріміз лейтенант шенін алды. Ары қарай – лейтенант) Қуаныш Айтбай көмекке келді.

Лейтенант Айтбай Қуаныш 1990 жылы 23 желтоқсанда Алматы облысы Райымбек ауданы Бөлексаз ауылында дүниеге келген. 1993 жылы отбасымен Қаракемер ауданына көшкен. Сол жылдан бері осы ауылдың тұрғыны. Еңбекшіқазақ ауданы Қаракемер ауылына мектепте 9 сыныпқа дейін білім алған. Кейін Есік қаласындағы Жетісу заң колледжінде оқыған. Алматы қаласында заңгер мамандығы бойынша жоғары оқу орнын аяқтаған. Сондай-ақ Шымкент қаласында байланыс мамандығы бойынша білім алған. 2010 жылы көктем кезінде әскер қатарына қосылған. Қорғаныс министрлігіне қарасты 06708 әскери бөлімінде ракеталық әскер мен артиллерия құрамында болыпты. Әскерден оралғаннан кейінгі бірнеше айдан соң 6654 әскери бөліміне келісімшарт бойынша қызметке орналасқан. Әскерге дейін сот орындаушысы болып қызмет істеген. Мұнда қаржылық мәселелер жиі туындағандықтан кейіпкеріміз жалақысының тұрақтылығына байланысты әскери қызметке қызыққан көрінеді.

– Әскери қызметімді бөлімше командирінен бастадым. Әуелде взвод сержанты болдым. 2015 жылы байланыс қызметіне ауыстым. Нақтырақ айтқанда, бөлініс бастығы-аппарат бастығы болдым. Аппарат бастығы – мобильдік-кешенді аппараттарға жауапты тұлға. Әскери бөлім тұрған жерде байланыс торабы болады. Ал әскери бөлімнің жеке құрамы түрлі жағдайда, әртүрлі жерде тапсырма орындауы мүмкін. Сондай кезде байланысшылар да еріп барады. Олардың міндеті – байланыс жүйесін реттеу. Міне, осындай міндеттерді атқардым. Уақыт өте келе байланыс торабында радиостанция бастығы болдым, одан соң 5574  әскери бөліміне уақытша ауысып бардым. Ол жерде 8 ай әскери қызмет атқардым. Уақытша баруыма әскери бөлімнің жаңадан құрылғаны себеп болды. Ол жерде біз байланыс торабын құрдық. Кадр мәселесі өзекті болғандықтан, жаңадан әскери қызметшілердің жиналғанын күттік. Сол жерде жас мамандарды үйреткен соң, 6654 әскери бөліміне қайта оралдым. Мен бұған дейін 2012 жылы электр-күш қондырғыларының қызметі бағытында курстан өткен едім. Соның нәтижесінде әскери бөліміме оралған сәтте мені бөлініс бастығы – электр-күш қондырғылар бастығы лауазымына тағайындады. 2018 жылдың тамызынан 2022 жылдың желтоқсанына дейін осы бағытта қызмет еттім. Содан кейін әскери бөлім командирінің ұсынысы бойынша оқу батальоны взвод командирі болып тағайындалдым. Сөйтіп, офицерлік лауазым бұйырды, – деді Айтбай Мұратжанұлы.

Кейіпкеріміздің өміржолымен танысып алғаннан кейін, қызметі мен оқу барысы жайлы сөз қозғадық. Бізді аталған әскери бөлімнің 1 оқу ротасының оқу взводында кімдерді және қалай оқытатыны қызықтырған еді.

– Жылдың тамыз-қыркүйек айларында бұл жерде радиотелеграфистер оқытылады. Радиотелеграфия ұғымы көне болғанына қарамастан, әлі күнге дейін мүлтіксіз қызмет атқарып келе жатқан тиімді байланыс тәсіліне жатады. Бір кездері Ұлттық ұланда бұл тәсілді қолдану шараларын тоқтатқан болатын, бірақ 2017 жылдан бастап осы салаға қайтадан ден қойыла бастады. Өйткені, өздеріңіз шет мемлекеттерде болып жатқан соғыс жағдайларын бағамдап отырған шығарсыздар. Сондай сәттерде цифрлы құрал-жабдықтар жиі сөніп қалады. Мысалы, ядролық жарылыс кезінде немесе өзге де жарылыс түрлері болған шақта да радиотелеграфия байланыс орнатудың сенімді көзі бола алады. Сондықтан мұндай сәтте цифрлы байланыс өшіп қалса, бәрібір радиотелеграфия көмегіне жүгінуге тура келеді. Міне, сондықтан да мұның тілін түсіне алатын, білімді мамандар дайындауды біз өз міндетімізге алдық. Менімен бірге 3 оқу взводында маман (техник) – нұсқаушы Тимур Сәрсенбаев та қызмет атқарады, – деді лейтенант Айтбай Қуаныш.

Өңір-өңірден жиналған әскери қызметшілер Қаракемердегі оқыту пунктінен білім алып, оқу аяқталған соң Бас қолбасшылықтан келген комиссия алдында емтихан тапсырады. Оқуға келген 95-110 тәлімгердің барлығы 4-5 деген бағаға тапсыруы шарт. Мұнда білім алатын азаматтардың өзге оқу роталарындағы қаруластарынан өзгешелігі сол өз қабілеттерін жеке-дара ғана байқатады. Сондықтан байланыс мамандарының есту қабілеті өте жақсы болуы керек. Сол себепті олар әскери бөлімге келгенде есту қабілеттері жіті тексеруден өтеді.

– Мысалы, біз оларға белгіленген 5-6 сигнал жібереміз. Әлгі адам дәл сол сигналды бізге қайталап беруі керек. Егер берілген сигналды қайталай алмаса, оқуға қабылданбайды. Өйткені, ондай адамды оқуға қабылдағанның өзінде нәтиже шығару қиынның қиыны. Ал дыбысты ести білетін қабілетті адам байланысшы мамандығын меңгеріп кете алады. Бұған көбіне музыкаға жақын жандар лайықты саналады, – деді ол.

Сондай-ақ мұндағы байланыс торабында жауынгерлік бекет бар. Бекетте күніне екі немесе үш кезеңдік ауысым болады. Сол кезеңдік ауысым кезінде радиостанцияларға жауап беретін радиоторап жауынгерлік бекеті болады. Бұл жан-жақта іссапармен немесе арнайы тапсырмамен жүрген жоғары басшылықпен және өзге де мамандармен байланыс желісін орнатуға үлкен мүмкіндік береді. Мұның пайдасы жауапты тұлғалардың іссапары кезінде көбірек тиеді. Радиотелеграфистер қысқа толқында хабарлама жібереді. Бұл алыс аймақтарды байланыстыруға тиімді. Хабарлама ультрақысқа толқында цифрлы жағдайда жіберілмейді. Сол себепті де радиотелеграфия әлі күнге дейін қолданыста. Мамандардың айтуынша, мұны үйреніп алған адам сигналдың басқа түрлерімен де жұмыс істеуге икемді келеді. Мысалы, радиотелеграфистер түнгі уақытта жасанды сәуленің немесе кез келген жарық шамының көмегімен де хабар тарата алады. Ал бұл бағытта білім алушыларға радиотелеграфия саласы ғана үйретілмейді. Сондай-ақ Ұлттық ұлан базасында бар байланыс радио станцияларын қолдану тәсілдері де көрсетіледі. Бұл қатарға Codan Envoy, Hytera, Hyt, Alinca және тағы басқа да құрылғылар жатады.

Мәселен, мобильді спутникті станцияға жататын Iridium 9555 телефонымен жұмыс істеу тәсілі үйретіледі. Бұл алдыңғы Iridium 9505а моделінің жаңартылған нұсқасы. Ол алдыңғы деңгеймен салыстырғанда қорғаныс дәрежесі жағынан анағұрлым жоғары, әрі жеңіл корпусымен ерекшеленеді. Телефонның жабдықталуы да біршама жетілдірілген. USB интерфейсін қолдану оны дауыстық және SMS жіберу құралы ретінде ғана емес, сонымен қатар  dial-up жүйесіне қосылу үшін модем ретінде пайдалануға мүмкіндік береді. Модель суреттерді көруге немесе әуен тыңдауға арналмаған, бірақ ол кез келген жағдайда өзін сенімді байланыс құралы ретінде дәлелдей алады.  Бұл бағытта интеграцияланған Ranger жүйесі жайлы айтпай кетуге болмас. Ranger- сенімді және тез орналастыруға ыңғайлы спутниктік байланыс платформасы. Ол төтенше жағдайларда таптырмас байланыс құралы саналады. Оның тіпті дизайнына дейін алып жүруге ықшамды ойластырылған. Материалы берік әрі қолдануға қолайлы келеді. Өндіріс процесінде жоғары дәлдіктегі модульдік терминал жасалады, онда барлық компоненттер оңай біріктіріледі. Тіпті бұған видео-камера мен ноутбукті де қосып байланыс орнатуға мүмкіндік бар.

Бұлардан бөлек оқу орталығы тәлімгерлерге Hytera PD – 705, 785 және Hytera MD - 785  радиостанцияларын қолдануды үйретеді. Бұл радиостанциялар стационарлық байланыс тораптарында, жылжымалы объектілерде орнату мүмкіндігі бар ультра-қысқа толқынды қабылдауға арналған. Сонымен қатар бір типті радиостанциямен байланысты ұйымдастыруға және байланыс жүргізуге лайықталған.

Осылардың қай жүйеде және қалай қолданылуы керектігі де оқытылады. Қаракемерде білім алатын әскери мерзімді қызметкерлерге бұл құрылғыларға техникалық қызмет көрсету жолы егжей-тегжейлі түсіндіріледі.

– Екінші және төртінші кезеңдегі оқыту барысында мамандарды қайта даярлауға мән береміз. Өйткені, заман өзгерген сайын техникалар мен технологиялар да өзгеріп отырады. Сондықтан әскерилерді 2-3 жыл сайын қайта даярлауды қолға аламыз. Қазіргі сәтте Ұлттық ұланда 2012 жылдан бері қолданып келе жатқан аустралиялық Ranger стпутниктік құрылғысының қызметімен таныстыру сабақтарын өткізіп жатырмыз. Бұл құралдың Қаңтар оқиғасы кезінде бізге тигізген пайдасы көп болды. «Қазақтелекомның» қызметі тоқтап, ұялы телефон операторлары сөндірілген уақытта біз осы аппараттың көмегімен байланыс жасап отырдық. Мұндай мобильдік-спутниктік станция 56.5-58.8 градустарында KazSat-3 және KazSat-2 спутниктеріне бағынады. Сол арқылы ішкі әскери бөлімдермен байланыс орнатуда қиындық болған жоқ. Мұнымен аудио және фото-видео деректерді де жолдай аламыз. Әрине, бұл құрылғылардың қолданыста жүргеніне он жылдан асып кетті. Десе де күтіп-баптап ұстаудың нәтижесінде әлі де ұзақ қызмет етуіне жағдай жасап отырмыз. Әр әскери бөлімдегі байланыс мамандары әдетте аптасына бір мәрте барлық байланыс жүйелерін  тексеріп, жұмысын зерделейді, – деді білікті маман.

Оқытушының осы сөзінен соң, білім алуға келген әскери қызметшілердің ойын білгіміз келді. Взводта Ұлттық ұланның әрбір әскери бөлімінен 27 тәлімгер білім алуға жиналыпты.Солардың бірі – «Батыс» өңірлік қолбасшылығының Ақтау қаласында орналасқан 6656 әскери бөлімінен келген Спутник станциясының маманы (техник) қатардағы Бекзат Иманғалиев.

– Қайта даярлау бағыты бойынша өзімнің мамандығым бойынша білімімді пысықтап, білмегенімді оқып жатырмын. Мобильді-спутникалық терминал Ranger аппаратын жаңа қырынан танып жатырмыз. Мұның атқаратын қызметтері жайлы тереңірек білім алдық. Біздің әскери бөлімде бұл құрылғылар бар. Қолданып жүрміз. Бірақ қазіргі сәтте Қаракемерге келіп, озимутті анықтау, спутникті тауып алудың жаңартылған бағдарламаларын үйрендім, - деді Иманғалиев Бекзат.

Лейтенант Айтбай Қуаныш секілді өз саласын жақсы меңгерген азаматтардан білім алған өзге де әскери қызметшілер осал болмауы керек. Сонда ғана Ұлттық ұланның байланыс саласы сапалы болады. Байланысшылардың арасында «Басқармасыз жеңіс, байланыссыз басқарма жоқ!» деген бейресми девиз бар. Иә, жаны бар сөз! Байланыс болмаса кез келген мекеме, кез келген адам жаңалықтан хабарсыз қалады. Бүгінгідей ақпарат майданында маңызды хабардан құр қалсаңыз, көп дүниеден айырылып қалдым дей беріңіз. Сол себепті де байланысшылардың мәртебесі зор!

Қатардағы

Жанболат КЕНЖЕҒҰЛ

Астана – Алматы облысы - Астана