Күз бен қыс – мал ұрлығының өршіп кететін шағы. Аузын аққа тигізген малынан аяқасты айырылғандардың даусы ащырақ шығатын да осы кез. Бірақ түлігі қолды болғандар мұның басты себебі «Айдай салдан аз өлді, көре салдан көп өлді» деген қамсыздықтан екенін түсіне бермейді.
Дегенмен өткен жыл Қызылорда облысында мал ұрлығы көрсеткіші біршама төмендепті. Ішкі істер министрлігі қабылдаған «Мүлікті қорғау жөніндегі 2021-2023 жылдарға арналған бағдарлама» аясындағы шаралар нәтижесінде былтыр облыс көлемінде мал ұрлығы 42,6 пайызға (115-тен 66-ға) төмендеген. 2022 жылы осындай қылмыстың ашылуы 56,9 пайыз болса, былтыр 86,5 пайызға жеткен.
Полиция қызметкерлері берген мәліметте ұрлықты кәсіп қылған 7 қылмыстық топ ұсталып, 31 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылғаны айтылады. Оларға қатысты 39 қылмыстық іс сотқа жолданыпты. Оның 3 дерегі – өткен жылдар санатындағы мал ұрлықтары. Тұрғындармен кездесулерде полицейлер тарапынан жиі айтылатын ұсыныс – малды қараусыз қалдырмау. Ұқыпсыздың малы ұрының жемі болатындықтан, ауылдағылар бақташы жалдап немесе кезекпен баққаны жөн. Бақташымен келісімшарт жасасып жатса құба-құп, бұл екі жаққа да жауапкершілікті сезіндіре түседі.
– Белгіленбеген орындарда қараусыз жүрген мал иелеріне қатысты 1181 әкімшілік шара көрілгені де ұрлықтың төмендеуіне сеп болды, – дейді Облыстық полиция департаменті Криминалдық полиция басқармасының басшысы, полиция подполковнигі Альберт Жаекешев. – Сонымен қатар ветеринария қызметкерлерімен бірлесіп атқарған рейдтік іс-шараларда 234 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды, оның 111-і мал немесе ет өнімдерін заңсыз тасымалдау деректері болды.
Өткен жылы «Мал ұрысы» жедел-профилактикалық іс-шарасы 4 мәрте ұйымдастырылып, қала мен аудан орталықтарында орналасқан мал базарлары, күре жолдар, сондай-ақ ет сату орындарында рейдтер жүргізіліпті. Былтыр қыркүйек айында облыс әкімінің төрағалығымен өткен ведомствоаралық комиссия отырысында мал ұрлығын болдырмау мәселесі арнайы қаралып, осы бағыттағы жұмыс жандана түскен.
Негізі малды құжаттандырудың осындай қылмыстарды болдырмауға септігі тиеді. Малын жоғалтқандар ұрылар із суытып үлгермей полицияға хабар бергені жөн. Ең дұрысы – қай түлікті де қараусыз қалдырмау. Өйткені ұры ең алдымен ұқыпсыздың малын жем қылады.
Қармақшы ауданында III Интернационал деген ауыл бар. Он бір ұлттың өкілі тұратын ауыл тіршілігінің тірегі – бірлік. Дін мен ұлтқа бөлінуді білмейтін бұл ауыл тура күре жолдың бойына орналасқан. Қараусыз малды қағып кететіндер үшін қолайлысы да осы. Бірақ кейінгі 3-4 жылда елді мекендегілер мал ұрлығы дегенді мүлдем ұмытыпты.
– Ауылда мал басын бірдейлендіру, құжаттандыру жүйелі түрде жүргізіліп, компьютерлік дерек қорына енгізіліп отырады. Ең бастысы – біз «Достық Жер» ЖШС арқылы малды падамен бағуды жолға қойдық. Бақташыны осы шаруашылық бөліп, айлығын төлеп, мініс атын жем-шөппен қамтамасыз етіп отыр. Осының арқасында 2020 жылдан бері елде мал ұрлығы тіркелген жоқ, – дейді ауыл әкімі Нұрлыбек Сайымов.
Әлеуметтік желінің жан-жақты дамығаны да ұрлықтың алдын алуға көмегін тигізіп отырғанын айта кеткеніміз жөн. Мысалы, қала іргесіндегі Ақсуат ауылдық округі тұрғындары қосылған WhatsApp желісі чатында қараусыз жүрген мал жайлы хабарламалар жиі шығады. Олардың фотосын да түсіріп, жүрген көшесіне дейін тәптіштей түсіндіріп жүрген ауылдағы учаскелік полиция қызметкері Нұртай Жөнбаев екен.
– Әлеуметтік желі арқылы мал иелері жылдам табылады. Негізі қорасындағы малын көшеге қоя бергендерге 3 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Осыдан да қазір бұрынғыдай емес тұрғындар тиянақты бола түсті. Мен осы қызметке кіріскелі бері ауылда мал ұрлығы дерегі кездескен жоқ. Жергілікті әкімдікке қараусыз малды уақытша қамайтын орын әзірлеу туралы ұсыныс та бергенбіз. Алдағы көктемде ашылып қалар, – дейді полиция капитаны Нұртай Жөнбаев.
Жалпы, мұндай орындар қазір облыстың кей аудандарында бар. Одан бөлек құжаттандыру жұмыстары қарқынды жүргендіктен, бөтеннің малын жетелеп кететіндердің қатары сиреді.
Полицейлер тарапынан түсіндірме жұмыстары, рейдттер жиі жүргізіледі. Осының арқасында үш-төрт жылдан бері Арал, Қазалы, Жаңақорған аудандарындағы кейбір ауылдардың малы қолды болып көрген емес.
Қызылорда