• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Энергетика 05 Ақпан, 2024

Жарықтың жайы жақсара ма?

356 рет
көрсетілді

Бір уақытта «Бүкіл елді электрлендірсек, коммунизм дегеніміз – сол» дейтін едік. Обалы нешік, малшылардың алыс қыстақтарына дейін жоғары кернеулі электр желілері тартылғанын көргенде, коммунизм төбенің арғы сайына жетіп қалғандай әсерге бөленгеніміз өтірік емес. Бұл – өткеннің әңгімесі, ал қазіргі күйіміз қандай?

Елдің басқа өңірін қайдам, Ұлытау об­лысында бір жағына шоңқайып жат­қан шаруаның бірі – нақ осы энергетика. Облыстағы электр желілерінің жалпы ұзындығы 2 820 шақырымды құраса, соның 60 пайызы тозығы жетіп әзер тұр. Егер жел қаттырақ соқса, облыстың көп­те­ген елді мекеніндегі жарықтың жалп ете қалатыны сондықтан. Қаңтар­дың бас кезінде Жезді кентінің халқы 4-5 күн бойы жарықсыз қалып, әбден әбігерге түсті. Кентке жарық беру үшін кәдімгідей жанталасқан жұмыс жүр­гізілді. Боранға, суыққа қарамай үзілген желіні қайта жалғаған азаматтар халықтың алғысын арқалады. Бі­рақ жағдайдың соған жеткізілуі бұл шаруамен айналысудың ар жағында шикіліктердің жатқанын айғақтап берді.

Облыстағы электр желілері – әртүр­лі меншікте. Жезқазған, Сәтбаев қала­ла­рының желілеріне «Қазақмыс» кор­по­рациясының «Электр желілері кәсіп­орыны» (ПЭС) иелік етеді. Қаражал­дағылар «Вест-2001» ЖШС-на, Жәйрем кентіндегілер «Энерготранзит компани» ЖШС-на қарайды. Ал Жаңаарқа және Ұлытау аудандарының желілері – мемлекеттік коммуналдық меншікте. Бірақ меншік түрінің жеке немесе мем­­лекеттік болғаны сапалы қызмет көрсе­ту тұрғысынан қарағанда бір-бірі­нен ешқандай артықшылығы, айырма­­шы­­­­лығы байқала қоймайды. Әйт­песе, Жез­қаз­ған қаласындағы 1081,2 ша­қы­рым электр желісінің – 50%, Сәтбаев қала­­сындағы 332,46 шақырымның – 45%, Қаражалдағы 381 шақырымның – 55%, Жаңаарқа ауданындағы 669 ша­қы­рымның – 50%, Ұлытау ауданындағы 356,16 шақырымның 60%-ының тозығы жетер ме еді?

Тозығы жеткен желілерді жаңғырту, ауыстыру, жөндеу, яғни жаңалау бағы­тында облыста кейінгі үш жыл ішінде 2,8 млрд теңге жұмсалған екен. Бұл қаражатқа 260 шақырым желі мен 127 бірлік электр жабдықтары жаңғыртылып, жөнделген көрінеді. Ресми мәлімет осын­дай. Бұл жалпы тозуды 6%-ға тө­мен­деткен екен. Сонда тозығы жеткен электр желілері мен жабдықтарын толық жақсарту үшін әлі қаншама қаражат керек? Негізі бұл жұмыс тариф есебінен атқарылады. Инвестициялық бағдарлама сомасы тарифтерге байла­нысты бекітіледі. Өткен жылдары қан­ша қаражат жұмсалғанына қарап, об­лыстағы осы бағытта атқарылып жатқан шаруаны бағамдауға да болады. 2020 жылы – 900 млн теңге, 2021 – 1 млрд теңге, 2022 жылы – 900 млн теңге, ал 2023 жылы 2 млрд теңге жұмсалған екен. Демек, кейінгі үш жылдағы барлық жұм­салған қаражаттың басым бөлігінің 2023 жылға тиесілі екені жағдайды дұрыстау бағытындағы қозғалыстың қарқын ала бастағанын көрсетеді. Бұл өз кезегінде облыстағы электр мәселесі оң шешімін табады дейтін сенімді нығайта түседі. Дегенмен түйткілді тұстар да, жауапсыз сұрақтар да жоқ емес.

Айталық, Жаңаарқа және Ұлытау аудандарының желілері мемлекеттік коммуналдық меншікте екенін жоғарыда айтып өттік. «Ауыл – ел бесігі» бағдар­ламасы бойынша, Ұлытау облысынан сайланған Мәжіліс депутаттары Ер­болат Сатыбалдин мен Аманжол Әл­тай­­дың күш-жігер жұмсауымен Жаңаар­­қа ауданындағы Атасу кентінің электр же­лілерін жаңғыртуға – 3,4 млрд теңге, Ералиев ауылына 934,4 млн теңге қарас­ты­рылды. Бұл қаражат биылдан бас­тап игеріле бастайды. Ал Ұлытау ауда­нында мұндай қаржыландыру қарас­тырыл­маған. Неге?

Мұның мәнісін Ұлытау облысы энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Алмаз Жандарбеков: «Электр энергетикасы туралы» еліміз заңнамасы шең­берінде «Жезқазған таратушы электр торабы компаниясы» АҚ («ЖезТЭК» АҚ) кәсіпорнына Ұлытау ауданының электр желілері мүлкін беру бойынша жол картасы әзірленіп, облыс әкімдігі мен «Қазақмыс энерджи» ЖШС тараптарынан бекітілді. Ұлытау ауданы мүлікті бағалау мәселесін шешіп, «ЖезТЭК» АҚ-қа өткізеді. Содан соң «ЖезТЭК» АҚ желілерді күтіп ұстау, жаңғырту жұмыстарын тариф есебінен өздері жүзеге асырады», деп түсіндірді.

Дұрыс-ақ. Бірақ ол сондай-ақ Жаңа­арқа ауданына қарасты электр жүйе­сін де «ЖезТЭК» АҚ-қа беру, Қаражал қаласы мен Жәйрем кентіне қарасты электр желілерін мемлекеттік меншікке қайтару бағытында жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтады. Осы орайда түсініксіздік туындайды. Бұл электр желілерінің меншік иелерін нақтылауға қатысты. А.Жандарбековтің айтуынша, Жаңаарқадағы қазіргі тозығы жеткен желілер Үкіметтің есебінен жөнделеді, бірақ кейін жекеменшік компанияға, яғни «ЖезТЭК» АҚ-қа өткізіледі. Ал Қаражал қаласы мен Жәйрем кентіндегі жекеменшік компаниялар тоздырған электр жүйелерін мемлекет меншігіне қай­тарып алу көзделіп жатыр. Сонда мұ­ны қалай түсінуге болады? Қаражал қала­сы мен Жәйрем кентіндегі компания­лар ешқандай жауапкершілікке тартылмай ма? Мұндағы желілерді бүгін мемлекетке қайтарып, жөндеп, жаңартып бол­ғасын қайтадан жекеменшікке бере­міз бе? Бұл сұраққа нақты жауап болмады.

Мұндай жауапсыз қалған сұрақтар мұнымен шектелмейді. Сондай сұрақ­тың бірі – тұтынушылар тарапынан пай­да­ланылған электр қуатына төленген төлемнен тыс, қызмет көрсетуші компа­нияға деп төленетін қаражаттың қайда кеткені, қалай жұмсалғаны жөнінде тұрғындар тарапынан көтеріліп жүрген мәселе. Егер олардың қызметіне сай тө­лемін төлеп отырсақ, электр желі­лері, құрал-жабдықтары неге жаңартыл­майды?» дейді халық. Орынды сауал. Осы сұрақтың жауабын алуды А.Жан­­дарбеков Ұлытау облысы бойын­ша Та­биғи монополияларды реттеу комитетінің департаментіне немесе «Жез­қазған таратушы электр торабы компаниясы» АҚ-қа сілтеді. Сәті түскенде, бұл сұрақ сол мекемелер­ге де қойы­латыны анық, бірақ білдей бір об­лыс­тың энергетика және тұрғын үй-ком­муналдық шаруашылығы басқармасы басшысының өзіне қойылған сұрақты өзгеге қарай ысыра салуы оның бұл мәселеге ешқандай назар аудармай отыр­ғанын көрсетеді. Ал мұндай мәселенің бұл басқармаға еш қатысы жоқ па? Бұлай деп ешкім айта алмаса керек.

Тағы бір көңілдегі түйткілді сұрақ­тардың бірі «жасыл энергияға» қатысты. Кейінгі кезде балама немесе жасыл энергия аталған жаңа көздер Ұлытау облысында да қанат жайып келеді. Мысалы, қазірдің өзінде Жезқазған қаласында 10 МВт «Кеңгір» күн электр стансасы жұмыс істеп тұр. 1,2 МВт «Жез-Со­лар» күн электр стансасы салынды. «Bereke Business Group» ЖШС құны 14 млрд теңге тұратын 100 МВт күн электр стансасын салуға ниет білдіріп, қазір жер телімі қарастырылып жатыр. «Mezgilder Qushteri» ЖШС қуаты 100 МВт жел электр стансасын салуды бастап кетті десе де болады.

2023 жылы Жезқазған қаласының оңтүстік өндіріс аймағында 20 га жерге жел электр стансасының мұнараларын шығаратын зауыттың капсуласы қа­ланды.

Жаңаарқа ауданының территориясында 1000 МВт жел электр стансасын салу үшін жер телімі бөлінді. Құны 500 млрд теңгені құрайтын бұл екі жобаны «ТехноГруппСервис» ЖШС қытай инвесторларымен бірге атқарып шығуды жоспарлап отыр.

Әрине, мұндай ізденістер көңілге қуаныш ұялатады. Бірақ бұлардан өнді­рілген электр қуаты қандай қажеттілікке пайдаланылады? Бірыңғай өндіріс қаже­тіне жұмсала ма? Қарапайым халық­қа қандай тиімділігі бар? Айталық, сол «жасылдардың» арқасында жеке тұлғалардың электрге төлейтін тарифтері төмендей ме, жоқ па? Бізде осындай мәселелерді халыққа жария түсіндіру дәстүрі қалыптаспағандықтан, жасырын, жұмбақ күйінде қала береді.

Жезқазған – Сәтбаев қалаларына ортақ №2 Жылу электр стансасын салу туралы көптен бері айтылып келеді. Тіпті 2015 жылы энергетика саласы ардагерлерінің бірі «Әзербайжандық кәсіпкерлер салатын болды, қаражатты да өздері құя­ды екен» деп алқалы бір отырысқа қаты­сушылардан сүйінші сұрағанына куә болғанбыз. Қазір ол кісі марқұм болып кетті.

Жуырдағы Үкімет отырысында Энер­гетика министрі Жезқазған қаласында 2029 жылдың соңына дейін қуаты 500 МВт болатын жаңа жылу электр орталығының салынатыны жөнінде хабарлады. Жылу электр орталығының құрылысы үшін Жезқазған және Сәтбаев қалаларының аралығынан 1 000 гектар жер учаскесі анықталып, энергетика басқармасында рәсімделді. Бүгін болмаса ертең іске асатын жобаның қолға алынғаны, әрине, өте сүйінішті-ақ.

Ұлытау облысындағы реестрде тір­ке­ліп тұрған 15 монополиялық кә­сіп­орынның бесеуі энергетика сала­­сына қатысты кәсіпорындар екен. Атап айт­қанда, «ЖезТЭК» АҚ, «Kazak­mys Distribtion» ЖШС электр желі­лері кәсіпорны, «Вест-2001» ЖШС, «Энерготранзит компани» ЖШС және «Ұлытау аудандық көпсала­лы коммуналдық шаруашылық кәсіп­орыны» коммуналды мемлекеттік кәсіпорны. Ал осы кәсіпорындардың жай-күйлері қандай?

«Бұл кәсіпорындарда қазіргі таңда өз шығынын ақтамау, жабдықтар мен желілердің тозуы, тарифтердің шектелуі, энергетика кадрларының сиреп бара жатқаны, жалақының төмен болуы сияқты көптеген проблема бар», дейді Ұлытау облысы энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы. Демек, «Же­дел жәрдемге де жәрдем керек» демекші, аталған кәсіпорындардың ахуалын жақсартпай, облыстағы жалпы энергетика саласының түйінді тұстарын тарқату оңайға соға қоймайды-ау...

Кейінгі кездері байқала бастаған аз-кем оң өзгерістер көңілге жылтыраған үміт отын жаққанмен толыққанды сенім ұялата қоймайды. Өйткені Ұлытау ауданына қарасты электр жүйесін «ЖезТЭК» АҚ-қа өткізу туралы әңгіме басталғалы кемі 10 жылға тақады. Облыс әкімі мен «ЖезТЭК» АҚ арасында жақында ғана қол қойылған Жол картасына көп үміт артылып отыр. Бұған дейін де бірнеше мәрте осындай қадам жасалғанмен ақы­рына жетпей қалып еді. Көңілдің күдік­тен арыла алмайтыны да содан. Дегенмен бұл жолы бәрі оңынан шеші­леді деп сенейік. Бірақ «балапанды күзде санайды» дегендей, бәрі қағаз жүзін­дегідей түзілген тәртіппен іске асқан­ша жарықтың жайы қаншалықты жақса­ратыны ұлытаулықтарды мазалауын қоймайтыны анық.

 

Ұлытау облысы