Афоризм – шағын философиялық ой, тәжірибелік түйін, логикалық қисын. Афоризмнің басты шарттары – өмірлік құбылыстарға және адам мінездеріне деген көзқарастағы анықтық, ойды жеткізудегі дәлдік пен қысқалық. Афоризм – ой тамызығы. «Афоризмдер» айдарында бүгін Шәкәрім Құдайбердіұлы, Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы ойларын ұсындық.
XIX ғасыр
Шәкәрім Құдайбердіұлы
1) Жүрегім дертті, сау емес,
Сол себепті сөзім – у.
2) Дүниені түзетуші де һәм бұзушысы да бір ғылым.
3) Талап деген бір жүгірген тұлпар сынды,
Бабын таппай мінгенді қылар жынды.
4) Ұры, қары, қу, сұмның жан жолдасы,
Қазақ қайтіп ел болар, қарағым-ау.
5) Дәлелсіз сөз – соққан жел, ұшқан тозаң.
6) Өмір үйі желде тұр, үміт үйі сағымда.
7) «Өлімнен соң өмір жоқ» – терең ойдың сөзі емес.
8) Айла – ақыл болмайды.
9) Ақылға еркін ой керек.
10) Тілінде – бал, ішінде – у.
11) Ақылдың шолғыншысы – ойқұмарлық.
12) Азат ақыл ойланбай жай жатса, тозады.
13) Шын шын бар, қате шын бар, ұлы шын бар.
14) Хан тоймайды.
15) Надандардың сөгуі айып емес.
16) Мін болмайды наданның қорлағаны.
17) Тиянақ көрме жалғанды.
18) Көңіл де өледі.
19) Естілердің қадірін білер болса, надан надан болмас еді ғой.
20) Дүниедегі қуаныш – бір азғантай жұбаныш.
21) Заманыма байлаулы менің басым.
22) Егер ақылым да, жаным да менімен бірге жоғалатын болса, онда мен жанып-өшкен от қанамын: дүниені өртесем де, мені ешкім жазалай алмайды.
23) Молдалар «Жан денеден шыққанда қатты қайғырады» дейді. Өтірік айтады. Неге десеңіз жан ақылмен бірге шығатын болса, дене тұтқынынан құтылғанына қуанса керек. Егер ақыл жоғалатын болса, қайғыруды білмесе керек.
24) Осы өмірден басқа өмір жоқ болатын болса, жаралыспен жағаласып, адамдармен арпалысып өмір сүргенше, жасамаған артық емес пе?
25) Барлық ғылым қиялдан, ойлаудан туған.
26) Адамның бұл дүниеде, бұл табиғатта жоқ нәрсені ойлануының өзі мүмкін емес, болуға мүмкін істі ғана ойлай алады. Бұл – бір. Екінші сол қиял, болмайтын нәрсе деп отырғанымыз ұлғайтылып, өзгертіліп, ауыстырылып айтылған болашақ болуы мүмкін.
27) Қиялдың да шегі бар.
28) Өмірді өлім тұсайды.
29) Жас өмір – өткен той.
30) Әр мезгілдің өзіне лайықты ісі болады
31) Назасы нақақ жастың қате кетпес.
Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы
1) Бұрынғыны айтпай, бүгінгі сөз ойға түспейді.
2) Дене – бір қараңғы үй, жан – сол үйді жарық қылып тұрған сәуле.
3) Жан деген – қолға түспейтұғын, еккенмен бітпейтұғын, қуғанмен жетпейтұғын, кісі өзі жасап ала алмайтұғын бір зор күшті қуат.
4) Күн жоқ болса, көлеңке қайда?!
5) Кең тозбайды, кеңескен азбайды.
6) Ауру емес, сау емес, мінезді қалай бағамыз.
7) Істің ағы білмейді, ердің бағы біледі.
8) Бұл дүние – бір қараңғылықтай нәрсе. Оны жанды қылатұғын – әбілхаят суындай сөз.
9) Замана түрленді, жақсылар кірленді, ызасы у жерлік!
10) Бар болса, жарыққа шықсын,
Шын болса, аныққа шықсын!
Құй бар болсын, құй жоқ болсын,
Сөйленген сөз әшкере боп, халыққа шықсын!
11) «Құдай кешер!» дегенмен іс бітпейді.
12) Бас қосып, қадірлессең жақсылармен,
Тарқайды біраз құмар, көңіл шері.
13) Бір дем – әрі, бір дем – бері.
(Ербол Шаймерденұлы құрастырған «Қазақ афоризмдері» кітабынан іріктеліп алынды)