• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Әдебиет 06 Ақпан, 2024

Екі ши мен екі-үш үй

730 рет
көрсетілді

Отқа жанған талдың қабығын немесе әлсіз ғана жас бұта, әлде шиді көрген шығарсыз. Ши дегенде, далада түптеліп өсетін табиғиы. Түбіріне ат сүрінеді ондай шидің. Қалың қараған мен тобылғы, небір қия тастан екі аттап аман өтетін кей жүйрік ши түбінен сүрініп кетіп жатады. Жайылып өскен бір түп шиге бір үйір жылқы тояттайды дейтін үлкендер. Мүмкін асырып айтты ма екен, әлде бір түп ши дегені бір түбірден өсіп жетілген бірнеше түптен тұра ма екен, білмеймін.

Әйтпесе, жалғыз түпке бір үйір жылқы тояды деген ақылға сыймайтын сияқты ғой. Соған қарағанда, үй аумағындай жайқалып өскен шиді бір түп деп атаса керек. Олай болатыны, қайбір жылы даламыз тау-тасымен қоса өртеніп кеткенде байқағам. Киіз үй аумағындай жерге жайылып өсетін арша жалғыз-ақ түбірден өніп, сонша аумақты алып кетеді екен. Ши де солай, әуелі жалғыз талдан бір түптеліп, кейін соның айналасына өнгендер бір түп ретінде атала беретін шығар мүмкін. Оның киіз үйдің іргесіне тоқылып, құрттың асты-үстіне бастырылатыны тұрмыстық жағы.

Әңгіме түбірінен кесіліп, кеуіп қалса да даланың сол шиін отқа салсаңыз, жарықтық шыр көбелек айналып, мың бұралып өртенеді. Талдың қабығы да солай. Қып-қызыл өрт ішінде мың бұралып билейді де, күлі де қалмай жанып кетеді. Есесіне сіздің есіңізде өлгенше қалып қояды әлгі би. Би емес, күй болуы да мүмкін. Бұған көзі түспегендерден, мұны көрмейтіндерден өнер шығады деу қиындау... Ештеңе болған жоқ, табиғаттың бір өскіні өртеніп кетті де, жалыны ауаға сіңді, болды. Айтпақшы, өртеніп өлген әлгі жас бұтаның қасиеті жоғалып кетпейді, ауаның есінде қалып қояды. Әлем есіне сақтайды десе болғандай. Ғылым дәлелдеп қойған құбылыс – бұл. Сондықтан оның рухы сіз бен бізге зәру емес. Бұл туралы Ғафу Қайырбеков «Орман жырларында» айтады.

«Дүбірде бар екі ши,

Маңайында жыра көп.

Біздің әулет – екі-үш үй

Жайлар еді жылда кеп.

Жалғыз қазық – мына жұрт

Мен дүниеге туған жер.

Жалғыз тұтам шуда жіп

Кіндігімді буған жер.

Туған жермен байлаған

Кетпестей ғып кіндіктен,

Бар ма екен, – деп ойланам,

Мықты нәрсе сол жіптен!».

Далада көп жүрген адам жақсы біледі. Жазықта, төбе, қырат, сай, жыраға біткен өсімдік атаулыдан алғаш көзге түсетіні ши. Оқшау өседі. Ақынның бала кезінде көзіне оқшау көрінген осы құбылыс кейін көкейін тесіп шыққаны байқала­ды. Екі ши мен туған ауылы екі-үш үйді қатар өріп отырғаны тегін емес. Не де болса, кісі баласының көкейінен кетпейтіні – көзіне оттай басылған суреттер екеніне ешкім таласа қоймас. Өшпестей бекіп қалған белгілер бұдан былай топырақта ғана емес, адамның ақыл-есінде де өмір сүріп, жырға айналған соң мәңгі бейнеге айналды дей беріңіз.

Осы шидің, осы жұрттың талай түбінен кесіліп, асты-үстіне шық­қанын көрдік. Ши түбінің көк қия­ғы төрт түлікке таптырмас қо­рек болған соң, тықырлап ша­уып ал­ғанын білеміз. Шауып алмақ тү­гілі, қаншама рет өртеніп кет­ке­нін қайтерсіз? Қайбір жылда­ры тың игерілгенде, түбінен қопа­ры­лып қалғаны да белгілі емес пе? Қан­ша қырып-жойса да топырағы аман тұрғанда қайта көктеп, өспей қой­майды. Қазақ даласына құлаған күн сәулесі, топырағы, желі, тағы басқа табиғи құбылыстың бәрі, демек осы сынды өсімдіктерді қалайтыны анық байқалады. Даланың әрбір өскіні оның жаны іспетті. Адамы да сондай. Ақыны екібастан.

Даланың әр бұтасында үлкен қасиет бар. «Жалғыз қазық – мына жұрт» деген Ғафудың шумақта­рын парақтаған сайын менмұндалай­тын құлантекті қасиеттер құлаққа келеді. Желмен бірге ызыңдай­тын шидің басына біткен қарыс-тұтам шашақты – «Жалғыз тұтам шуда жіп, кіндігімді буған жер» дейді Ғафу. Бірақ бұл шуда жіпті көрмек түгілі, сезінетіндер аз. Анығы ол ши­дің басында, мидың ішінде емес, жүректің түбінде жатса керек. Онда да болмаса ештеңе жоқ деген сөз.