• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
Ғылым 07 Ақпан, 2024

Ғылымды қаржыландыру – қоғам дамуының негізі

171 рет
көрсетілді

Ғылым саласы тиісті деңгейде қаржыландырылса ғана қатардан қалмай, бәсекеге қабілетті ел болатынымыз анық. Ғалымдардың ғылыми зерттеумен айналысуына жағдай жасалса және олардың жобасы кедергісіз өндіріске енсе, инновацияның игілігін көрер едік. Сондықтан ғылымды қаржыландыруды қоғам дамуының негізі ретінде қарастыра аламыз. Қуантарлығы осыған қадам жасалып жатыр. Жыл сайын аталған салаға бөлінетін қаржы артып келеді.

Ғылым және жоғары білім ми­нистрлігінің мәліметінше, «Ғы­лымды дамыту» бюджеттік бағ­дарламасы бойынша 2020-2023 жылдарға 249,5 млрд теңге бөлінген. Оның ішінде 2020 жылға – 35,5 млрд теңге, 2021 жылға – 48,7 млрд теңге, 2022 жылға – 45,5 млрд теңге, 2023 жылға 119,8 млрд теңге қарастырылған. Жоспарланған қаражаттың есебінен базалық қаржыландыруға – 9,4 млрд теңге, бағдарламалық-нысаналы қаржыландыруға – 83,3 млрд теңге, гранттық қаржыландыру­ға – 119,8 млрд теңге, ғылыми және ғылыми-техникалық қыз­меттің нәтижелерін коммер­цияландыруға – 34,1 млрд теңге, гранттық қаржыландыруға және іргелі ғылыми зерттеулерді жү­зеге асыратын ғылыми ұйым­дарды қаржыландыруға 2,9 млрд теңге бөлінген.

Министрліктің ресми мә­ліметіне сүйенсек, осы қаржының 91 пайызы, яғни 227,8 млрд теңгесі толық игерілген. Оның ішінде 2020 жылы – 35,4 млрд тең­ге, 2021 жылы – 44,6 млрд теңге, 2022 жылы – 45,4 млрд теңге, 2023 жылы 102,4 млрд теңге ғылымның дамуына жұмсалған.

Ал 2023-2025 жылдарға арнал­ған ғылымның жалпы бюджеті алдыңғы үшжылдық кезеңмен салыстырғанда 3,3 есе – 643 млрд теңгеге дейін өскен екен. Бұл ретте 2024-2026 жылдарға көзделген бюджет тағы 13 пайызға артып, шамамен 730 млрд теңге­ні құ­рап отыр. Жүргізіліп жат­қан жұ­мыс аясында іргелі зерт­теу­лерді жүзеге асыратын ғылы­ми инс­ти­туттарға қосымша қаржы­лан­дыру да бөлінген. Сондай-ақ жас ғалымдарға да жақсы қол­дау көрсетіліп, бүгінде олар 727 ғы­лыми жобаны жүзеге асырып жатыр. Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің ай­туын­ша, өткен бірнеше жыл ішін­де мұндай грантпен қаржы­лан­ды­рылған жобалардың елдің ғылыми-техникалық дамуына қос­қан жалпы үлесі 68,6 млрд теңгені құраған. Міне, сандар солай дейді.

Ғылымды қаржыландыру ізденіс жүргізіп, жаңа әзірлемелер жасауға негіз болады. Мұндай қолдау арқылы зерттеушілер эксперимент жүргізіп, деректер жинау, талдау жасау жұмыстарын қиындықсыз іске асыра алады. Сол арқылы ғылыми прогресс пен технологиялардың дамуы ілгерілейді әрі экономиканың жаңа салаларын дамытуға, жаңа жұмыс орындарын құруға, өмір сүру деңгейін жақсартуға, жалпы қоғамның экономикалық және әлеуметтік өркендеуіне ұзақмерзімді әсер етеді. Бұл сала­да қаржылық тәуелділік болмаса ғана ғылыми жаңалықтар ашы­лып, жаңа технологиялар арқы­лы адамзаттың өмір сүру сапа­сы жақсарады. Сондықтан елімізде отандық ғалымдардың әлеуметтік жағдайын да жақсар­туға мән беріліп жатыр. Ғылыми қызметкерлердің жалақысын көтеру, баспанамен қамтамасыз ету оларға арнайы гранттар та­ғайындау, стипендия беру мәсе­лелері оңтайлы шешіліп келеді.

Мысалы, 2020 жылы ғалым­дар­­дың орташа жалақысы 152 мың теңгені немесе нарықтағы орташа жалақының 72 пайызын құраса, 2022 жылы ғылым саласындағы төменгі жалақы 257 мың теңгеге тең болды. Ал қазір 300 мың теңгеден басталады. «Ғылымды қазір министрлік қолдап отыр. Соның нәтижесінде біздің, яғни, ғалымдардың айлы­ғы 2 млн теңгеге дейін жетті. Менің қазіргі кездегі жалақым  2 млн 300 мың теңгені құрайды. Ал жұмысқа жаңадан кірген жастардың айлығы 300 мың­нан бас­талады. Жас ғалымдарға бе­рілген пәтер бойынша бізден 4 зерттеуші баспаналы болды. Олардың айлығы 400-500 мың теңге көлемінде», дейді техника ғылымдарының докторы, профессор Бағдәулет Кенжәліұлы.

Сондай-ақ ғалымдарды ынта­ландыру үшін 2021 жылдан бас­тап 6 млн теңге мөлшерінде жыл са­йын 50 «Үздік ғылыми қызметкер» сыйлығы беріле бас­тады. Ал былтырдан бастап ми­нистрлік тарапынан 500 ғылы­ми зерттеуші қызметкерге, про­фессорларға, жас ғалымға, он екі айға дейін дүние жүзінің жетек­ші жоғары оқу орындарында, лабораторияларында, ғылыми зерттеу институты негізінде тағылымдамадан өту мүмкіндігі қарастырылды.

Айта кетейік, отандық ға­лым­­дар жыл сайын ұйымдас­ты­рылатын «Scopus Awards» сый­лығын иеленіп жүр. Тіпті про­фессорлардың алдыңғы қатары әлемдік беделді ғалымдардың 2 пайызына кірді. Ғалымдардың беделді шетелдік ғылыми басы­лымдарға тұрақты мақала жазуы да тың жаңалықтардың бар екенін аңғартады. Осы орайда мемлекет тарапынан ғалымдарға жетістігі үшін арнаулы сыйақы тағайындалған. Жаратылыстану ғылымдары саласындағы үздiк ғылыми зерттеуі үшiн Қ.Сәт­баев атындағы сыйлық (350 айлық есептiк көрсеткiш), гуманитарлық ғылымдар саласындағы үздiк ғы­лыми зерттеуі үшiн Ш.Уәли­ханов атындағы сыйлық (350 айлық есептiк көрсеткiш), педагогика саласындағы үздiк ғылыми зерттеуi мен жұмысы үшiн Ы.Ал­ты­нсарин атындағы сыйлық (350 айлық есептiк көрсеткiш), түрко­логия саласындағы аса зор жетістіктері үшін Күлтегін атындағы сыйлық (300 айлық есептiк көрсеткiш), жаратылыстану ғылымдары саласындағы үздiк жұмысы үшiн жас ғалымдарға арналған Д.Қонаев атындағы сый­лық (150 айлық есептiк көрсет­кiш), гуманитарлық ғылым­дар са­ла­сындағы үздiк жұмысы үшiн жас ғалымдарға арналған М.Әуе­зов атындағы сыйлық (150 ай­лық есептiк көрсеткiш) бе­­ріледі. Бұған қоса 24 айлық есеп­­тiк көрсеткiш мөлшеріндегі мем­ле­кеттік ғылыми стипендия да бар.

Өткен жылдың қорытындысы бойынша, Қ.Сәтбаев атындағы сыйлықты – 3, Ш.Уәлиханов атын­дағы сыйлықты – 4, ал Күл­тегін атындағы сыйлықты 1 ға­лым иеленген.

Ғылымды қаржыландыру білім мен технологияны дамы­ту­да шешуші рөл атқарады. Бұл қо­ғамның тұрақты дамуын қам­тамасыз етіп, нәтижеге қол жеткізу үшін маңызды. Ғы­лым – қашанда қоғамды алға жетелейтін сала. Ал ондағы жаңа идеялар мен жобалар – ел дамуының негізгі тетігі. Қазіргі жаңа технологияның дамыған заманында ғылымға жеткілікті қаражат бөлу ел болашағына инвестиция салу деген сөз.

 

Би-Фатима Ералханқызы