Өткен жылы Жамбыл облысында ауыр дерт арқалап дүниеге келген бірнеше нәрестеге сәтті операция жасалды. Білікті мамандар тәуекелге бас тігіп, бейкүнә сәбилерге қолұшын берген еді. Мейірбан дәрігерлер бойында қауіпті дерті бар тағы бір нәрестенің өмірін сақтап қалуға күш салды.
Шу ауданының орталық ауруханасында Даун синдромы және басқа да ауыр патологиясы бар нәресте дүниеге келген. Мамандар кішкентай сәбидің туа біткен анальды атрезия (ішектің төменгі жағында тесік болмайтын туа біткен ақау) және асқазан-ішек жолдарында ақау бар екенін дер кезінде анықтап, шұғыл түрде оған операция жасау керек екенін айтып, Жамбыл облыстық перинаталдық орталығына жолдаған.
Мамандар келтірген дерекке жүгінсек, ішек артезиясы деп ұрық ішектің дамымаған бөлігін айтады екен. Салдарынан ішек жолдары жартылай немесе толық бітеліп қалатын көрінеді. Бір сөзбен айтқанда, бейкүнә сәбидің бойындағы дерт жеңіл емес. Нәрестені емдеу жұмыстары бірнеше кезеңді қамтиды.
Жаңа туған нәрестенің жағдайы мәз еместігін түсінген дәрігерлер әбігерге түскен. Облыстың штаттан тыс бас неонатологі Талғат Толықбаев пен неонаталдық хирург Нұртуған Әлқуатовтың қатысуымен өткен тексеру барысында мамандар тез арада операция жасау керек деген шешімге келген. Сарапшылар келтірген дерекке сенсек, уақытты өткізіп алу бала денсаулығы үшін айтарлықтай зор қауіп тудырған екен. Себебі ішектің белгілі бір құрамы сыртқа шықпай, тоқ немесе аш ішек қабырғалардың бұзылуына әкеліп соқтыруы мүмкін. Ол уақытта науқас өмірмен қош айтысуы да ықтимал. Сондықтан да тәуекелге бел бууға тура келген. Мамандардың айтуынша, бұл патологияны емдеу, сәби бойындағы қауіпті азайту үшін бірнеше операция жасау қажеттілігі туындайтын көрінеді.
Дәрігерлердің мұқият тексеруінен кейін хирургиялық операцияның алғашқы кезеңіне балалар хирургі Шавкат Құдайбергенов, анестезиолог Мұрат Рүстемов және мейірбике Гүлзира Қабылбекова жедел кірісіп кеткен. Хирургиялық емдеудің алғашқы сатысында мамандар іш қуысын қайта қарау, стоманы жою жұмысын жүзеге асырған. Дерекке жүгінсек, операция жұлынның анальгезиясымен жасалған. Бұл операциядан кейінгі асқынулардың қаупін едәуір төмендететін көрінеді.
Дәрігерлер бекер әбігер болмапты. Жасалған операциядан кейін сәбидің жағдайы тұрақталған. Нәресте уақтылы тамақтанады екен. Ал ілеспе аурулар бойынша мамандар қосымша тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Ш.Құдайбергеновтің айтуынша, нәресте 6 айға толғанда емдеудің келесі кезеңі, яғни проктопластика жасалады.
Жамбыл облысы