Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылдың 24 қарашасында «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия туралы» Жарлыққа қол қойып, комиссия сәтті жұмыс істегені баршаға аян. Былтыр жыл соңында Мемлекеттік кеңесші Е.Т.Қарин төрағалығымен осы комиссияның жұмысы қорытындыланды. Жүйелі жұмысы үшін ел басшылығы мен комиссия тарапынан алғыс арқалағандардың ішінде Атырау университетінің ғалымдары да бар.
Қазақстан тарихының ең маңызды беттерінің бірі – көшпелі және жартылай көшпелі қазақ шаруаларын күштеп отырықшылдандыру арқылы ұжымдастыру саясаты. Кеңестік билік 1928 жылы жаңа экономикалық саясаттан бас тартысымен қазан төңкерісінің қағидаттарын басшылыққа ала отырып, тап күресі теориясын жүзеге асыруға ашық кірісті. Бұл іске НКВД жұмылдырылды. Қазақстанды әкімшіл-әміршіл тәсілмен билеп-төстеген сталиндік-голощекиндік большевиктік басшылықтың ресми саясаты көшпелі және жартылай көшпелі қазақ ауылдарын зорлап отырықшылдандырудан айқын көрінеді. Қазақстанның Өлкелік компартиясы және оның басшысы Ф.Голощекин қысқа мерзім ішінде қазақ шаруа қожалықтарын жедел, жаппай жоспарлы отырықшылыққа көшіруге тапсырма берді.
Еліміздің экономикалық, әлеуметтік, ұлттық ерекшеліктерін ескермей жүргізілген зорлап отырықшылдандыру қазақ халқын «ақтабан шұбырындыға» салып, атақоныстарын тастап көшуге, сонымен қатар ашаршылыққа ұрындырды.
Ресми құжаттардан анықталғандай, қазақтарды отырықшылдандыру көшпелі өмір салты бар мал шаруашылығының экономикалық тиімділігінің мардымсыздығымен, сондай-ақ көшпелі тұрғындарға саяси бақылауды орнату қажеттілігімен байланысты болған. Бір сөзбен айтқанда, партия мен үкіметтің жоғарғы эшалонындағылар ұжымдастыру мен көшпелілік бір-бірімен сыйыспайды деп есептеді. Тағы да кезекті қиратушы зардаптары бар іс-шараларды жоғарғы партия мен үкімет органдары бастады. Жаңа кеңшарлар мен ұжымшарларды құру жолымен көшпелі ауылдарды отырықшылыққа көшіру қатаң және адамгершілікке жат әдістермен жүргізілді.
1930 жылы қаңтар айында ҚАКСР Халком кеңесі жанынан «Отырықшыландыру жөніндегі комитет» құрылды. Дәл осындай құрылымдар 1929-1930 жылдары округтер мен аудандарда пайда болды. Ақтөбе, Гурьев, Маңғыстау, Орал және басқа округтерде қаржы көзі белгіленіп, 84 шаруашылықты отырықшылдандыру көшіру жоспарланды. Алайда БКП(б) ҚӨПК қаулысында отырықшыланатын көшпелі және жартылай көшпелі шаруашылықтардың саны 79,8 мың болды, бірақ бұл қарама-қайшылықтар кезекті науқанды «большевиктік қарқынмен» жүргізудегі келеңсіз құбылыстарды көрсетеді.
1930 жылдың сәуір айында республикалық партия және кеңес органдарына 1500 қазақ отбасының Қарақұмға көшіп кеткендігі жөнінде хабар келіп түсті. Қызылқұмнан кейбір ауылдар Қарақалпақ арқылы Түрікменстан мен Бұхара бағытына көшіп кетті. Олар жүздеген кедей-орташа шаруашылықтарын құрады. БКП(б) ҚӨПК қаһарлы ескертуі тағы да қайталанды. Оны 1930 жылғы 15 маусымдағы бюросы шешімінде: «БКП(б) ҚӨПК барлық округтік комитеттер мен өлкелік ұйымдарға ескерту жасайды, осы жылғы отырықшылдандыру жоспары орындалмаған жағдайда, мұны партияның ұлт саясатының маңызды іс-шараларына әдейі кедергі жасау деп қарастырады», деп атап көрсетті. Бұдан кейін округтің өзінің шынайы мүмкіндіктерін, тұрғындардың мүдделерін есепке алмаған отырықшыландырудың жоспарын «көтеру» туралы округтік партия комитеттерінің жергілікті жерлердегі тоқтаусыз әрекеттері басталып кетті. 1930 жылғы 15 тамыздағы «Колхозцентр» деректері бойынша отырықшылдандыру іс-шараларымен 58507 шаруашылық қамтылды, ол жоспар көрсеткішінің 70 пайызын құрады. Бұл шаруашылықтар 743 ұжымшарға бірікті. Көптеген шаруашылық сусыз, егін егуге жарамсыз аудандарға көшірілді.
Үздіксіз қудалаудың, қуғын-сүргін мен аштықтың қысымынан құтылуға тырысқан қазақ ауылдары өз орындарын тастап, Қазақстаннан шеткері жерлерге көше бастады. Ұжымшарлардың қаңырап қалуы жаппай етек алды. Ең алдымен, қазақ ауылдары аштықтың салдарынан қырылды. Экономикалық жағынан әлсіз, мемлекеттің назарынан тыс қалған және тіршілік етудің негізгі көзінен айырылған олар төтенше келген қиындыққа қарсы тұра алмады. Ауылда миллионнан астам адам өмірден кетсе де, Ф.Голощекин мал шаруашылығы аудандарындағы қайғылы жағдайды мойындай қоймады.
1932 жылы 13 қарашада ҚАКСР Халком кеңесі «Көшпелі және жартылай көшпелі қазақ шаруашылықтарына берілетін жеңілдіктер туралы» қаулы қабылдады, онда қазақ тұрғындарын жайлаған орасан зор апатты айғақтайтын осы құжат тармақтарының әрекеті қолданылатын аудандардың тізімі берілді. Мал шаруашылығы өлшеусіз шығынға ұшырағаны анық еді. 1928-1932 жылдар кезінде ірі қара мал басы 6 509 мыңнан 965 мыңға, қой 18 566 мыңнан 1 386 мыңға, жылқы 3 616,1 мыңнан 416 мыңға дейін кеміді. Республикадағы түйе шаруашылығы құрып бітуге айналды (93 пайызға кеміді). Жалпы алғанда, Қазақстанның мал шаруашылығының шығыны 1929 жылдан 1933 жылдың 1 шілдесі аралығында 87 пайызға азайды.
1934 жылы қаңтар айында Қазақстан партия ұйымының VII конференциясы өтті, ол тағы да «мал шаруашылығы аудандарындағы ұжымшар қозғалысының негізгі нысаны жерді бірлесе өңдеу мен шабу (ЖБӨС) жөніндегі серіктестік болып табылады» деп атап көрсетті. Осымен бірге 1934 жылы желтоқсан айында БКП(б) ҚӨПК бюросы ұжымшарларды ұсақтау туралы нұсқау берді. Негізінде, 23 шақырым радиус көлемінде орналасқан 60-тан аспайтын көшпелі және жартылай көшпелі тұрғындары бар мал шаруашылығы аудандарындағы мал серіктестіктері мен артельдердің мөлшерін белгілеу ұсынылды. Республикадағы мал басын қайта қалпына келтіру жөніндегі ең маңызды іс-шара мал шаруашылығы аудандарындағы колхозшыларға өзінің жеке шаруашылықтарында 150-ге дейін қой-ешкі, 10-ға дейін ірі қара, 10 жылқы және 5 түйеге дейін ұстауға рұқсат етілуі еді. Ауданның жекешелерінде 100 бас қой мен ешкі, 5 басқа дейін ірі қара, 5 жылқы және 3 түйеге дейін жеке пайдалануына рұқсат етілді. Колхозшылар мен жекешелерге малды жеке иелену мөлшерін едәуір кеңейту, жаңа жеңілдіктерді белгілеу, барлық секторда мал шаруашылығын дамытуды ынталандыру, ауылшаруашылық техникасымен жабдықтау жөніндегі іс-шаралар, көшпелі және жартылай көшпелі аудандардағы жемшөп базасын жасау және нығайту 1935 жылы-ақ мал басының өсуіне мүмкіндік туғызды. Көшпелі және жартылай көшпелі аудандардағы ірі қара мал басы 1932 жылы 291,4 мыңнан 1935 жылы 916,1 мың басқа дейін, қой мен ешкі 175,8 мыңнан 1 057,5 мың басқа дейін өсті. Көрсетілген кезеңде жалпы республика бойынша ірі қара 965,3 мыңнан 1 424,5 мыңға дейін, қой мен ешкі 1 386,2 мыңнан 2 323 мыңға дейін жеткенін көреміз. Мал шаруашылығы аудандарындағы малы жоқ шаруашылықтардың саны 7 пайызға дейін қысқарды. Бұл жаңа басшылықтың 1933 және 1934 жылдар ішінде әрбір шаруа отбасын малмен қамтамасыз ету жоспарының орындалмағанын көрсетеді. Көшпелілерді отырықшылыққа көшіру проблемаларын да шешу міндеті тұрды. Өлкелік партия комитетінің VI Пленумында Л.Мирзоян отырықшылдандыру орындарын таңдау, поселкелердің түрі жөніндегі мәселелердегі қателіктер мен асыра сілтеулердің салдарынан жоспарланған нәтиженің аз болғанын мойындады. Жалпы, халық басына түскен аштық пен қуғын-сүргін нәубеті Қазақстанның зор қасіреті ретінде тарихқа енді.
Біздің мақсатымыз – осы бағытта басталған зерттеулерді әлі де болса әлемдік ғылым талабына сай жүйелі жалғастыру.
Жамиға ТАҢАТАРОВА,
тарих ғылымдарының докторы, профессор