• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Шаруашылық 09 Ақпан, 2024

Оңтүстік: Ерте қамданғанның есебі түгел

143 рет
көрсетілді

Жер қараюын күтетін оңтүстіктегі шаруалар еңбекке ерте кіріседі. Өйткені онда солтүстік өңірлердегідей аяз бен сірескен қар жоқ. Тоңы жібіп, ызасы теуіп тұрған жердің бауырына қара кетпенмен із салып, қарық салатыны да сондықтан.

Екіншіден, құрғақшылыққа бейім өңірдің мәселесі белгілі. Су тапшылығына алаңдай отырып, тәуекелге барады. Дұрысы, аз уақыттан соң нағыз еңбек майданы басталады. Өңірлерге сұраныс беріп алдырған мәлі­мет­терге сүйенсек, оңтүстік ди­қандары ақпан айы туысымен дайындыққа кірісе береді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында ел үшін маңызды әрі қордаланған мәселелерге арнайы тоқталды. Соның ішін­де біз айтқалы отырған ауыл шаруашылығы саласы да бар. Мемлекет басшысы агроөнеркәсіп кешеніне ауқымды реформа жасап, жаңа технологиялар енгізу, жерді және басқа ресурстарды ұтымды пайдаланып, жеңілдіктер мен субсидиялардың тиімділігін арттыру қажет екенін айтты.

«Мен былтырғы Жолдауымда осы салаға қатысты нақты тапсыр­ма бердім. Үш жыл ішінде агро­өнеркәсіп саласындағы өң­делген өнімнің үлесін 70 пайызға жет­кізу туралы міндет қойылды. Бұл бағытта ауыз толтырып айтар­лықтай жұмыс жасалып жатқан жоқ. Қазіргі таңда тек шикізат өндірісіне ғана сеніп отыруға болмайды. Ауыл шаруашылығы өнімін өңдеумен белсенді түрде айналысу керек. Үкімет осы мәселеге айрықша назар аударуға тиіс. Ауыл шаруашылығымен шұғылданамын деушілердің санын мейлінше көбейту керек. Дақыл түрін көбейтіп, егіннің шығымын арттырып жатқан диқандарға жан-жақты қолдау көрсеткен жөн», деді Президент.

Инфографиканы жасаған Зәуреш Смағұл, «ЕQ»

Сондай-ақ құрғақшылыққа төзімді дақылдарды көбейту, су үнемдейтін технологияны ен­гізу қажеттігін айтқан Мемлекет басшысы былтырғы Жамбыл облысындағы ахуалды, сондай-ақ Түркістан мен Қызылорда облысында да құрғақшылық қаупі жоғары екенін тағы еске салды.

Рас, былтыр жамбылдықтар қуаң­шылық зардабын тартты. Көрші Қырғызстаннан келетін ағын суға тәуелді өңір шаруалары шығынға аз батпады. Ізінше Премьер-министрдің өкімімен «Азаматтық қорғау туралы» заңның 48-бабына сәйкес, Байзақ, Жамбыл, Қордай, Меркі, Тұрар Рысқұлов, Талас аудандарында табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланғаны белгілі. Ауа райының қалыптан тыс ыстық болуы мен су тапшылығынан зардап шеккен шаруалар шығынын өтеуге  Үкіметтің төтенше резервінен қаражат бөлу мәселесі қозғалып, шешімін тапқан еді. Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, былтыр Жамбылдағы құрғақшылықтан зардап шеккен фермерлерге келтірілген залалды өтеу үшін 3,7 млрд теңгеден астам қаражат бөлінген.

Бұл облыста биыл 770 мың гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылын егу жоспарланып отыр. Көбіне-көп дәнді дақылдар мен мал азығы егіледі. Жоспарланған егіс ішінде 10 мың гектарға жуық қант қызылшасы, 11,5 мың гектар картоп, 76 мың гектардан астам майлы дақылдар бар. Сондай-ақ қауын-қарбыз, асқабақ сынды бақша тұқымы мен көкөністің барлық түрін егу жылдағыдай жалғаса береді. Ал көктемгі науқанға қажетті 89,3 мың тонна тұқымның 75 мыңы дайын болса, қалған жетіспейтіні облыс пен көрші өңірлердегі тұқым өндіруге және сатуға аттестатталған шаруашылықтар тарапынан толықтырылады.

Облыста су үнемдеу мен шығынға жол бермеу үшін жоспарлы жұмыстар жоқ емес. Биыл 65,2 мың гектарға су үнемдеу технологияларын енгізу көз­деліп отыр. Оның 43,9 мың гектарына тамшылату, 21,2 мың гектарына жаңбырлату әдісі қолданылады. Соны­мен қатар көктемгі дала жұмыстарына техникаларды дайындау, дизель отынымен қамту да қарқынды. Жалпы, биыл Жамбыл облысындағы дала жұмыстарын қаржыландыруға «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы «Кең дала» бағдарламасымен 1 млрд теңге қаржы қарастырылған.

Ал Түркістан облысының диқан­дары күн райына қарай тіптен ерте қимылдайды. Биыл өңірде 873 мың гектардан астам жерге егіс егу жоспарланған. Әсіресе шаруалар әртараптандыруға мән беріп, жыл сайын жер көлемін арттырып келеді. Мысалы, масақты дақылдардың көлемі өткен жылмен салыстырғанда 7,8 мың, мал азықтық 4,2 мың, көкөніс, картоп, бақша дақыл­дары 2,6 мың гектарға артқан. Ал мақта мен майлы дақылдар 6,4 мың гектар­ға қысқартылыпты. Бүгінде жергілікті шаруа­лар ерте пісетін қырыққабатты 500 гектар жерге тастап үлгерген.

Түркістан облысы әкімдігі берген мәліметке сүйенсек, қазір өңірде жер айдау, сор шаю жұмыстары жүріп жатыр. Ауыл шаруашылығы техникаларының 95 пайызы дайын. Сондай-ақ көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге 21,8 мың тонна жанар-жағармай бөлініп, оны шаруаларға босату жұмыстары осы ақпан айынан басталған. Ал көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы 13,4 млрд теңге қаржы бөлу жоспарланған.

Түркістан облысы – жылыжай шаруа­шы­лығын дамытуда еліміздегі ең ірі өңір. Мұнда 1 640 гектарды құрайтын 3 366 жылыжай бар. 12 мыңнан астам адам осы салада еңбек етеді. Былтыр осы шаруашылық бойынша 140 мың тонна өнім жиналыпты. Бұл күз бен көктемгі кезеңде республика халқына қажеттінің 42 пайызын өтейді. Қазір жылыжайларда осы жылдың бірінші айналымына көшет отырғызу жұмыстары басталған.

Қуаныштысы, былтыр жылыжай шаруашылықтарын қолдау, өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін Үкімет тарапынан кешенді шаралар қабылданды. Біріншіден, Сауда және инте­грация министрлігі тарапынан өткен жылдың 1 мамырында «Фермерлік жылы­­­жайларға жалпытехникалық талап­­­тарының мемлекеттік стандарты» бекі­тілді. Бүгінде Түркістанда 801 фермер­лік жылыжай сертификатталыпты.

Екіншіден, жылыжайларды жылыту маусымында субсидиялаудың жаңа тетігі енгізілді. Енді өнеркәсіптік және фермерлік жылыжайларда пайдаланыл­ған электр энергиясы, көмір және газ шығындарының 20 пайызы субсидияланады. Дұрысы, фермерлік жылыжайдың гектарына – 4,8 млн, өндірістік жылыжайға 8,1 млн теңге бөлінеді. Былтыр бұл жұмыстарға  облыстық бюджеттен 565 млн теңге қаржы бөлінсе, биыл 1,4 млрд теңге қаралып отыр.

Сырдария өзенін жағалай жатқан қызылордалық шаруалар да қамсыз емес. Биыл облыс бойынша егілетін ауыл шаруашылығы дақылдарының көлемі 187 мың гектар деп болжанған. Бірақ Сырдариядағы су жағдайына қарай көлем өзгеріп, қайта нақтылануы мүмкін. Бірақ биылғы егіс қорытындысына кіретін 3,7 мың гектар күздік бидай егіліп, сондай-ақ 50 мың гектардан астам жерде сүдігер жыртылған.

– Биыл егіске қажетті 21 304 тонна күріш тұқымы бар. Сондай-ақ 938 тонна жаздық, 736 тонна күздік бидай, 48,9 тонна арпа, 10,8 тонна тары, 67,6 тонна дәндік жүгері, 5,6 тонна күнбағыс, 108,5 тонна мақсары, 13,5 тонна соя, 21,8 тонна сүрлемдік жүгері және 298 тонна жоңышқа тұқымы дайындалды. Облыста жылдағыдай азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жергілікті тұр­ғындарға әлеуметтік маңызы бар картоп, көкөніс, бақша өнімдерін егуге жер беріледі. Бұл бойынша Қызылорда қаласы мен аудан әкімдеріне тиісті тапсырма жүктелді. Биыл егіске 61 мың тонна тыңайтқыш қажет болса, қазір 20 мың тоннаға жуығы сатып алынды. Қалғаны жеткізуші мекемелермен келісімшарт арқылы толық қамтылады, – деп хабарлайды Қызылорда облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының баспасөз қызметі.

Аталған өңірде 3 800-ге жуық ауыл шаруашылығы техникасы бар. Былтыр шаруашылық құрылымдары 9,3 млрд теңгеге 253 жаңа техника сатып алып, өңірдегі машина-трактор паркі 4,5 пайызға жаңарыпты. Сонымен қатар егіс кезінде ең қажетті – дизель отыны екенін ескерсек, биыл өңірде 12,9 мың тонна арзандатылған жанар-жағармай бө­лінген. Энергетика министрлігі тара­пы­нан ақпан айына бөлінген дизель оты­­­ны­ның 1 тоннасының бағасы 274 038 теңге, ­1 литрінің бағасы 228 теңге бо­лып бекітілген. Осыған сәйкес өңірлік опера­тор­лар зауыттан жеткізілген дизельдің әр литрін 247-250 теңге аралығында шаруашылықтарға беретін болады. 

Сырдария өзенінің аяғында отырған Қызылорда халқын жылда су мәселесі алаңдататыны рас. Облыстан келген ақпаратқа сүйенсек, қазір «Шардара» су қоймасына жоғарыдан секундына 647,7 текше метр су түсіп жатыр. Ал қоймадағы су көлемі 3,4 млрд текше метрді құрайды. Оның 200 текше метрі Сырдария өзенінің төменгі ағысына жіберіледі. «Шардара» мен «Көксарай» су реттегішіне жиналған су көлемін (307,6 млн текше метр) қосқанда, бүгінде 3,7 млрд текше метр су жиналған. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 2,2 млрд текше метрге кем.

Айта кететін жайт, Қызылордада көктемгі егін және дала жұмыстарын атқаруға қажет қаржы көлемі болжам бойынша 25,9 млрд теңгені құрап отыр. Ал «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы көктемгі дала жұмыстарын «Кең дала» бағдарламасымен қаржыландыруға республика бойынша барлығы 140 млрд теңге бөлінсе, одан облысқа 1,7 млрд теңгесі қаралған. Қазір корпорацияның облыстық филиалы арқылы несие алушы шаруашылықтардың құжаттарын ресімдеу жүріп жатыр.