Республикалық ара шаруашылығы палатасының Жамбыл, Қызылорда, Түркістан облыстары мен Шымкент қаласы бойынша филиалының директоры Бауыржан Мелдешев ішкі нарықта сыртқы ойыншылардан қорғап, отандық өнімді сақтап қалмасақ, ара шаруашылығын біржолата жоғалтып аламыз деп, газет арқылы жанайқайын жеткізіп отыр.
«Біз ара шаруашылығының өкілдері әлеуметтік желіде өзіміздің топтарымыз бар. Сол жерде бағаны біліп отырамыз. Мәселен, Ресейде таза бал 5 мың теңгеге дейін барады. Ал неге онда бізге өте арзан бағада келіп жатыр? Өйткені ол – таза бал емес. Елімізге кіріп жатқаны жүгері сірнесі – орысша айтқанда, патока. Мен жай сатып алушы ретінде хабарласып көрдім. Олар арзан бағада саудасын келістіріп беруге уәде берді. Енді осы жасанды балды ресейлік пысықайлар еліміздегі ірі-ірі сауда орындарының сөрелеріне қоймақшы. Сол бағытта қызу жұмыс істеп жатыр. Мен бұл мәселемен «Атамекен» кәсіпкерлер палатасына хабарластым. Ол жақтағылар Қазақстаннан да сірнелердің Ресейге жіберіліп жатқанын айтты. Бірақ мені күйіндіретіні, Ресейден келетін сірне бал деген атаумен бізге еніп жатыр. Жұрт Ресейдің таза балын жейміз деп жасанды әселге ұрынып қалып отыр. Мен де сол жақтың өнімін арзан көтерме бағада сатып алып, өзімізде сауданы қыздыра берсем де болар еді. Бірақ олай жасай беретін болсақ, жергілікті ара шаруашылығы өледі, біржолата құрдымға кетеді», деді Б.Мелдешев.
Сала өкілінің хабарлауынша, кезінде омарташылықпен оңтүстік аймақта негізінен орыс ұлтының азаматтары айналысқан. Кеңес одағы тараған соң көпшілігі көшіп кетіп қалды, ал осында қалып, үйренген кәсіпті жалғастырып жатқандарының көпшілігі қазір қартайған. Ендігі мәселе, қазақтар ара шаруашылығын тез меңгеріп қалмаса, жасанды балға тосқауыл қойылып, шынайы бал өндіретін оңтүстіктің омарташылығы қолдау көрмесе, бұл саланы біржолата күйретіп алатын түріміз бар. Сөйтіп, таза әселдің не екенін ұмытып, сірне жегенге риза болып жүретін жағдайға жетуіміз мүмкін.
Онсыз да бал арасын сату жағынан Өзбекстанмен бәсекелесе алмай жатқанда, мына жағдайдың орын алуы оңтүстіктің омарташылары үшін «жығылған үстіне жұдырық» болды. Маманның баяндауынша, Ресейден осы күнде 8 мың тонна сірне Қазақстанға кіргізіліпті. Бұл – масқара көлем. Салыстырмалы түрде алсақ, бір жүк пойызының вагонына 60 тонна өнім сыяды. Ал таза бал болып келгені – бар-жоғы 227 тонна ғана.
«Біз шегірткеге қарсы жерді химиялық өңдеуден де қатты таяқ жеп жатырмыз. Біріншіден, бал аралар дәріден қырылып қалу үстінде, екіншіден, балдан көп мөлшерде антибиотик шығып жатқан жайы бар. Үкімет бұрынғыға қарағанда шегірткеге қарсы күрес шарасына қосымша тағы да қаражатты көбейтіпті. Бұл да омарташылардың жанайқайын еселеп отыр. Осы ретте бізге балды жасандылықтан ажыратып беретін заманауи зертхана қажет. Қытай жағы бізге өнімдеріңді әкеліңдер дейді. Бірақ оған нақты кепілдік болмаған соң, тәуекелге барғымыз келмейді. Қырғызстанның бір таныс азаматы кезінде бір фура бал апарған. Қытайлықтар қызығып тағы әкел деген соң, қарызданып-қауғаланып, тағы да екі көлікті толтырып шекара асырған. Алайда ол жақтағылар балының құрамынан антибиотикті анықтап, өзінің өнімін өз ақшасына өртетіпті. Сол жағдай бізге үлкен сабақ болды. Сондықтан жергілікті омарташыларға керегі – заманауи зертхана және ол жеке бір ұйымға қараса, сонымен бірге ертең шаруа өнімін шетелге сатып, алда-жалда өнім сапасынан кінәрат анықталып жатса, шаруаны араластырмай, сол зертхана ұйымы мәселені өзі барып шешсе дұрыс болар еді. Орталық Азияның ешбір елі бұл технологияға қол жеткізе алмай отыр. Мұндай зертхананы Украина елі орнатыпты. Омарташылардың құқығын қорғай білгендіктен қазір бұл елдің бал өнімдері бойынша экспорт көлемі дүние жүзінде бесінші орынға шығып кетті. Бірақ бұл зертхана жабдығы арзан тұрмайды. Ескісінің өзі 60 мың ағылшын фунт стерлингін құрайды. Сондықтан омарташылардың оны сатып алуға шамалары келмей отыр. Бұл мәселе бойынша тағы да «Атамекенге» өтініш жасадық. Олар санитарлық-эпидемиологиялық департаментке әперейік дейді. Біздің ойымыз басқа. Жоғарыда айтып өткенімдей, зертхана жекеменшік ұйымның қарамағында болуға тиіс. Өйткені СЭС мамандары әр омарташыға барып, балдан сынама алып отыра алмайды ғой. Дегенмен жергілікті ара шаруашылығының өкілдері мүлкімізді кепілдікке қойсақ та осы зертхананы сатып алуға дайынбыз деп отыр», дейді филиал директоры.
Осы зертхананың жоқтығы салдарынан да елімізге Ресейдің жасанды балы ағылып келіп жатыр. Олар сірнеге түрлі балдың дәмін беретін тағамдық қоспалар қосып, жапсырмасына табиғи таза бал деген таңба белгісін жапсырып, бері қарай жібереді екен. Осылайша, бағаны жерге қатты ұрып тастады, соның кесірінен жергілікті омарташылар бәсекеге шыдай алмай қатты зиян шегу үстінде.
Сала өкілі тағы бір қызықты жайттың бетін ашты. Жасанды балдың елімізде сатылуын жүзеге асырып жатқан ресейлік «Опивито» дейтін компания алыстағы Йемен еліне де енді Қазақстанның сауда белгісін қойып сірнені сатуды бастапты. Бұл компания Қазақстанның әрбір өңірінен бір-бір филиалын ашуды жоспарлап отыр.
«Қарнымның ашқанына емес, қадірімнің қашқанына жылаймын» деген екен баяғыда біреу. Сол айтпақшы, еліміздің омарташылары өз араларын Ресейге де, Өзбекстанға да өткізе алмайды. Әртүрлі желеу-сылтаумен кедергілер қойып тастаған. Алайда керісінше бізге өзінің бал арасын да, жасанды әселін де топырлатып тоғытып, армансыз саудалап жатыр. Ішің қалай ашымас? Сондықтан біздің ұсынысымыз – шетелден жасанды балдың келуіне жаппай тосқауыл қою керек», деді Б.Мелдешев.
Маман бұл проблема әбден шегіне жеткенін мәлімдеді. Тіпті таяу күндерде Шымкентте осы жағдайға байланысты кішігірім петиция ұйымдастырылатынын жеткізді. Омарташылар қауымдастығы Мемлекет басшысының атына да ашық хат жолдауды ұйғарып отыр. Алайда оған дейін жергілікті әкімдіктер мен құзырлы органдардың алдынан бір өткенді жөн санапты. Жағдай шешімін таппай жатса, наурызда мәселеге назар аудартуға ашық кірісетіндерін баяндады.
Президент өзінің былтырғы Жолдауында ішкі нарықты қорғайтын кездің келгенін атап өткен болатын. Сондықтан Мемлекет басшысының бұл тапсырмасы орындалып, омарташылардың жанайқайы ескерусіз қалмаса екен деп тілейміз. «Egemen Qazaqstan» газетіне ішкі нарықты қорғамай отандық өнеркәсіпті дамыту мүмкін еместігі жөнінде бұған дейін де бірнеше рет мәселе көтерілген еді. Мәселен, жергілікті жылыжай шаруашылығының өкілдері сан мәрте көрші Өзбекстан, Түрікменстаннан арзан бағалы тауарлар базарларды басып қалатынын айтып дабыл қаққан болатын. Сонымен бірге «Бал текстиль» фабрикасының директоры Талғат Ысқақов та елімізде өнім өндіруден сауда жасау әлдеқайда оңай, себебі шекарамыз ашық-шашық деп проблеманы төтесінен қойған-ды. Енді бүгін оларға омарташылар қосылып отыр. Соған қарағанда елімізде отандық өнімді қорғауға көңіл бөлінбей жатыр ма деген шынымен де күдікті ой туады екен. Кеше ғана Үкімет жаңарды. Енді бұл мәселе қолға алынар деген үміттеміз.
ШЫМКЕНТ