2023 жылдың 11 айында Қазақстанның сыртқы сауда айналымы 125,9 млрд долларға дейін жетті, көрсеткіш 2022 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 2,2 пайызға артық. Бұл – сыртқы сауданың рекордтық көлемі. Ол импорттың 20,4 пайызға ұлғаюымен байланысты, ал ел экспортының 8,5 пайызға төмендегенін атап өткен жөн.
Экономикалық зерттеулер институтының хабарлауынша, 2023 жылдың 11 айында Қазақстанға импорт 54,6 млрд долларға жетті, бұл 2022 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 20,4 пайызға артық. Импорттың рекордтық көлемінің қалыптасуына шетелден елге автомобильдер мен жоғары технологиялық тауарларды жеткізуді ұлғайту әсер етті.
2022 жылға дейін елдің негізгі сауда серіктесі Ресей Федерациясы болды, оның үлесі жыл сайын 20-24 пайызға дейін жететін еді. Алайда 2022 жылғы геосаяси өзгерістерге байланысты 2023 жылы еліміздің бас сауда серіктесі мәртебесін 22 пайыз үлеспен Қытай иеленді, ал Ресей Федерациясына тиесілі үлес – 19 пайыз.
Экспорттың төмендеуі мұнай бағасының төмендеуімен байланысты. Қазақстан экспорты 11 айда 8,5 пайызға, 71,3 млрд долларға дейін төмендеді. Бұл, ең алдымен, мұнай кірістерінің – 12,4 пайызға, 38,3 млрд долларға дейін төмендеуімен байланысты. Бұл ретте тоннамен санағанда қазақ мұнайының экспорты – 7,2 пайызға, 60,5 млн тоннадан 64,9 млн тоннаға дейін өсті.
Шикізаттық емес тауарлардың экспорты төмендеді. Осы жылдың қаңтар-қараша айларында Қазақстан Республикасынан шикізаттық емес тауарлардың экспорты – 4,5 пайызға, яғни 22,8 млрд долларға дейін түсті. Бұл негізінен аралық тауарлар (жартылай фабрикаттар) экспортының – 7,2 пайызға, 18,2 миллиард долларға дейін төмендеуімен байланысты. Мысалы, негізгі металдардың шетелдік сатылымы – 9,3 пайызға, 12,4 млрд долларға дейін, ал мұнай өңдеу өнімдерінің экспорты – 34,2 пайызға, 1,5 млрд долларға дейін төмендеді.