Астанадағы Олимпиада және әлем чемпионы Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында жалауы желбіреген Қазақстан чемпионатын еркін күрес шеберлері қорытындылады. Екі күнге созылған бәсекелер өте шиеленісті өтті. Жанкүйерлердің дені 97 кг салмақтағы тартысты көруге айрықшы құштарлық танытты. Себебі бұл жерде басты фавориттер алматылық Ризабек Айтмұхан мен жамбылдық Ерғали Әлішер еді.
Былтыр Белградта 92 кг салмақ дәрежесінде күш сынасқан Ризабек әлем чемпионы атанып, барша Алаш жұртын қуаныш пен шаттыққа бөлеген еді. Себебі оған дейін Қазақстанның бірде-бір балуанының дәл осындай биікке көтерілуге күш-жігері жетпеген. Төрткүл дүниенің теңдессіздері жиналған жарыста барлық қарсыласын сыпыра ұтып, жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілген дәл осы Солтүстік Қазақстан облысы Уәлихан ауданының Кішкенекөл ауылының тумасы еді. 19 жастағы балуанның басты арманы – Олимпия ойындарына қатысу. Сол себепті де Айтмұхан биыл 97 кг салмаққа ауысуды құп көрді. Егер ол Астанада алдына жан салмағанда Бішкектегі лицензиялық турнирге қатысып, одан әрі Парижге баратынына ешкімнің күмәні болмады.
Десек те 97 кг салмақтың өз дүлдүлі бар. Ол – Әлішер Ерғали. 24 жастағы Жамбыл облысы тумасының осы салмақта үстемдік құрғанына біраз жылдың жүзі болды. Ол 2019-2022 жылдар аралығында Азия чемпионатында қатарынан төрт рет жүлдегерлер қатарынан көрінді. Алғашқы екі жарыста қола алса, соңғы екеуінде күміспен күптелді. 2019 жылы Астанада ұйымдастырылған әлем чемпионатында жартылай финалға дейін жетіп, ақырында бесінші орынды қанағат тұтты. Соның арқасында Токио Олимпиадасында өнер көрсетті. Жастар арасында Азия чемпионы (U-23) және әлем біріншілігінің қола жүлдегері (U-23) деген атақтары бар. Әрине, ондай сақа спортшы өзінің жылы орнын өзгелерге оңайлықпен бере қоймайтыны анық.
Биылғы ел чемпионатында Ризабек Айтмұхан Фазыл Эюбов (9:0), Арыстанбек Қарабек (10:0), Серік Бақытханов (14:4) және Бекзат Үркімбайдың (10:0) тас-талқанын шығарды. Әлішер Ерғалидің де екпіні күшті болды. Ол – Ерәлі Абдазов, Изноур Огаев (5:0), Әділет Рзаш (10:0) және жасөспірімдер арасында әлем біріншілігінің жеңімпазы, жастар арасында Азия чемпионы Камил Круглиевті (6:0) қапы қалдырды. Сөйтіп, қос көкжалдың жолы финалда қиысты.
Ақтық сында дүйім жұрт керемет көріністің куәсі болды. Бәсеке басталған бетте Ризабек қарсыласының аяғына өтті де, жерге бір аунатып алып, төрт ұпайды еншіледі – 4:0. Ерғали де қарап қалған жоқ. Ол да қарымта шабуылға жүгініп, лезде екі ұпайды қоржынына салды – 4:2. Бұл – бар-жоғы 20 секундта орын алған жайт. Көп ұзамай Жамбыл облысының өкілі таразы басын теңестірді – 4:4. Кездесудің екінші минутында Айтмұхан Әлішердің артына шығып, тағы екі ұпай озды – 6:4. Бірінші кезең осылай аяқталды. Үзілістен кейін «шәкіртіміздің ұтымды әдісін есептемедіңдер» деп Алматы қаласының бапкерлері ортаға «челендж» лақтырды. Бейнетаспаны кері айналдырып көрген төрешілер алқасы кілемдегі қазының әрекетін дұрыс деп бағалап, керісінше бір ұпай Әлішердің еншісіне жазды – 6:5. Ризабек екпінін күшейтіп, есепті 10:5-ке жеткізді. Бірақ Ерғали еңсесін түсірген жоқ. Оның кезекті бір әрекеті екі ұпайға бағаланды – 10:7. Бәсекенің аяқталуына 56 секунд қалғанда әлем чемпионы аяғын жарақаттап алды. Соның кесірі тиді ме, әлде басқа да себептер болды ма, әйтеуір оның қимылы баяулап қалды. Керісінше, шабуылын үдете түскен Әлішер тағы бір-екі әдісті сәтті орындап, қажетті ұпайларға қол жеткізді – 10:14. Осылайша, қос мықтының «шайқасы» Әлішер Ерғалидің пайдасына шешіліп, ол ел чемпионы атанды. Ризабек Айтмұхан күмісті қанағат тұтса, маңғыстаулық Камил Круглиев пен астаналық Бекзат Үркімбай қола медальді иемденді.
74 кг салмақ дәрежесінде де кіл мықтылар жиналды. Солардың арасынан әлем чемпионатының күміс жүлдегері, Азияның екі дүркін чемпионы, 25 жастағы солтүстікқазақстандық Нұрқожа Қайпанов пен жастардың әлем біріншілігінің қола жүлдегері, Азия чемпионы, 24 жастағы атыраулық Талғат Сырбаз суырылып шығып, бас жүлдені өзара сарапқа салды. Бұл тартыс Қайпановтың жеңісімен аяқталды. Жамбылдық Елдос Қуанышбай мен ақмолалық Мұрат Жақыпов үшінші сатыға жайғасты.
65 кг салмақта Начын Куулардың есімі ерекше аталды. Өздері ақ тер, көк тер болып, шәкірт тәрбиелегеннің орнына сырттан әкелген дайын спортшылардың асты-үстіне түсіп, қамқорлық көрсетуге құштар Қазақстанның бапкерлері бұл жігітті Тывадан аттай қалап алған екен. Негізі ол осал балуан емес. 28 жастағы Начын – жастар арасында құрлық біріншілігінің жеңімпазы, әскерилер арасында әлемнің үш дүркін чемпионы, Еуропа чемпионатының қола және Ресей чемпионатының күміс жүлдегері. Бірақ Куулар жамбылдық Санжар Мұхтарды жеңе алмай, қонаевтық Адлан Асқаров екеуі үшінші орынға табан тіреді. Санжар финалда маңғыстаулық Майис Әлиевке жол берді.
92 кг салмақта Әділет Даулынбаев дара шықты. Алматы қаласының өкілі аяғына бірнеше рет ота жасатып, екі жылдай үлкен спорттан қол үзіп қалған еді. Соған қарамастан Астана төрінде ол қарсыластарын алып та, шалып та жықты. Қонаевтық Есқали Дәулетқазы – екінші, өскемендік Нұрдәулет Бекенов пен павлодарлық Исламбек Ілиясов үшінші орынды иеленді.
86 кг салмақтың көшбасшысы Азамат Дәулетбеков бұл жарысқа қатысқан жоқ. Себебі ол былтыр Белградтағы әлем чемпионатында қола медальді олжалап, Олимпиада жолдамасын қалтасына басты. Азамат жоқ жерде оралдық Нұржан Исағалиев үстемдік құрды. Ақтық айқаста ол жамбылдық Нұрдәулет Қуанышбайдан айласын асырды. Маңғыстаулық Наурыз Ахметханов пен Алматы облысының сайыпқыраны Жігер Зәкіров қолаға қол созды. 57 кг салмақта жетісулық Ерасыл Мұхтарұлының мерейі үстем болды. Шешуші тұста ол жамбылдық Рахат Қалжанды қапы қалдырды. Ақтөбелік Мейрамбек Қартбай мен түрікстандық Асылжан Есенкелді үздік үштікті түйіндеді.
61 кг салмақ дәрежесінде Асыл Айтақынның асығы алшысынан түсті. Алматы облысының өкілдері – Өміржан Дастанбек пен Дәурен Әмірхан және ақмолалық Владимр Кудрин жүлдегерлер қатарына қосылды. 70 кг салмақта Әулие-ата топырағының тумасы Мейіржан Әшіровтің айдарынан жел есті. Финалда ол алматылық Қуаныш Дүйсенқұлды жеңді. Шығыс Қазақстан облысының қос шымыры – Олжас Олжақанов пен Досжан Әсетов қола медальді мойнында жарқыратты. 79 кг салмақтың ақтық сынында астаналық Азамат Өміржанов пен атыраулық Болат Сақаев сайысқа түсті. Бірінші кезеңде Азамат 4:0 есебімен алға шықты. Жарақатын асқындырып алған Болат үзілістен кейін белдесуді жалғастырудан бас тартты. Үшінші орында – жетісулық Мағжан Жанырбай мен ақмолалық Сыдық Қайыркелді. Ал алыптардың айқасында Ақтөбе облысынан келген Юсуп Батырмұрзаевтың тегеурініне ешкім шыдамады. Финалда ол қонаевтық Абылай Советке сан соқтырды. Дәл сол өлкенің өрені Омар Аюбов пен қостанайлық Талғат Жиентаев үшінші тұғырға көтерілді.